
«Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, үнемі бата беріп, жұртқа жақсылық тілеп жүретін Бекзатхан ақсақалды ауыл халқы жақсы көреді. Ақсақалдың өзі де ауыл жастарына тілеулес. Қай жерде де ақылын айтып, кейбір шаруаның тетігін көрсетіп, үйретіп те жібереді. Себебі, кеше ғана өзінің қолынан өткен сыралғы жұмыстар емес пе? Осы тұста ақсақалдың еңбек жолына аздап тоқталған артық болмас. 1964 жылдан көмекші шопан болып еңбек жолын бастап, аға шопан әкесінің ақ таяғына ие болыпты. Трактордың рулін тізгіндеп, кейіннен қызылша звеносының жетекшісі болғаны күні бүгінгідей көз алдында. Жай қатардағы жетекші емес, аз жылда еңбек озатына айналды. Өзінің жауапкершілігіне берілген 50 гектар қызылшаның әр гектарынан 500 центнерден өнім алып жүрді. Ондай қызылшашыны озат демегенде не дейді? Басына бақ қонған жылдар да есінде. 1979 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев облысымызға іссапармен келіп, Жамбыл ауданын да аралаған. Сол кезде бір топ еңбек озаттарына «Жигули» автокөлігінің кілтін берген екен. Сол бірінші басшының қолынан кілт алған озаттардың бірі осы Бекзатхан Жүнісұлы.
Қазіргі таңда Бекзатхан қария Ақбастау ауылдық округінің биі. Батасымен де, өнегелі ісімен де – нағыз би. Берген баталары қандай, шіркін!
Жаратқан өркеніңді өсірсін,
Жастарымыз алға басып көсілсін.
Осы батам қабыл болып,
Кез келген мәселең шешілсін, – деп жастарға айтқан батасы дөп келіп, барлығының жолы болып жатады.
Бетегелі, жусанды далам болсын,
Кені көп, кеншісі көп қалам болсын.
Қазақ дейтін текті, өжет, момын елдің,
Басында құтты, жайлы заман болсын.
Байтақ елде күн кешкен әрбір адам,
Ауру, сырқат, қайғыдан аман болсын.
Көбейіп Жаратқанды танығандар,
Аузыңда калимаң мен тобаң болсын, әмин, – деп батасын бергенде ауылдастары ықыласпен қол жайып, риза болысады. Әз Наурыз жақындаған сайын Бекзатхан ақсақалды үйінен таппайсыз. Әр көшедегі сыйлы әр шаңырақтың құрметті қонағы болады. Себебі аузы дуалы, сөзі уәлі. Наурыз мерекесі келген сайын:
Ұлы күні құтты болсын Ұлыстың,
Барлығы да алға бассын жұмыстың .
Жер көгеріп, дала жатыр бусанып,
Ал, жігіттер, жұмысыңа кіріскін.
Әр жұмысың алға бассын бәріңнің,
Амандығын тілеймін ел-жұрт, туыстың, – деп төгілтіп бата береді. Құдай қосқан қосағы Қызгүл Мұратбекқызы екеуі 4 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, перзенттерінен бірнеше немере, шөбере сүйіп отыр. Бекзатхан ақсақал жұртқа ақ батасын беріп жүріп, өзі де батаменен көгерген бақытты адам.
Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді