«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлық мерекені айрықша атап өтті

Ұлық мерекені айрықша атап өтті
Ашық дереккөз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Бурабай баурайында тәуелсіз елімізді дамыту мақсатында Ұлттық Құрылтайдың IV жиыны өтуде. Мемлекет пен халық мүддесін бәрінен биік қоюға үндейтін осынау жиында көптеген проблемалар көтерілді. Атап айтқанда, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтарын ашу, тұрғындарды, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту, кәсіби техникалық колледждердің жаңа мамандықтарға сұранысты және еңбек нарығындағы жағдайды ескеру сынды маңызды мәселелер сөз болды. Бұдан бөлек, ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласының айрықша рөл атқаратыны кеңінен айтылды. Мемлекет басшысы төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек екенін атап өтті.

– Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа с ай тігін цехт ары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі, ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Иә, түбі Түркі халықтары үшін Әз-Наурыз мерекесі аса маңызға ие. Осы ретте мемлекет тарапынан Ұлыстың Ұлы күнін тойлауға айрықша мән берілуі шын қуантады. Бұл – Жаңа Қазақстан жастарының бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіруге, олардың ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлерді жаңғыртуына жол ашады. Қысқасы, Президенттің Әз-Наурыз мерекесіне екпін беруі осынау ұлық мерекенің қайтадан кең қанат жаюына мүмкіндік береді десек қателеспейміз. Ең бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын! Көрісу күні құтты болсын!

 

Асқарбек СЕЙІЛХАН,

облыстық ҚХА Төрағасының қоғамдық орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар