
Өкінішке қарай, ел азаматтарының кейбір бөлігі бір банктің алдындағы берешегін өтеу үшін екінші банктен несие рәсімдейді. Шын мәнінде, нақ осындай қаржылық әрекеттердің оларды қарызға белшеден батыратыны белгілі. Осыдан соң, жылдам баюды ойлаған жандар күмәнді курстарға жазылып, арамниеттілердің «саудасын» қыздырады. Нәтижесінде, алаяқтардың арбауына түскен олар кінәні өзінен іздемей, қаржылық институттарға өкпе артады. Анығында, мұндай азаматтар қаржылық сауаттылығының төмендігі салдарынан дәл осындай жағдайға тап болғанына тек өзі ғана айыпты екенін мойындамайды.
Атап өтейік, қазіргі уақытта қаржылық пирамидалар ішкі мазмұнын сақтай отырып, сыртқы түрін өзгерту үстінде. Бұрынғы пирамидаларда халықтың қаржысы жалған жоба мен түсініксіз қорларға құю ұсынылса, қазіргі күні халықты пәтер сатып алуға, жалған зауыттар және кен орындарын дамытуға, басқа да псевдоматериалдық құндылықтарды жасауға шақырады. «Questra Holding Inс», «Финанс Опто Групп», «Гарант 24 Ломбард», «Пәтер кооперативтері», «қара касса» және басқа да қаржы пирамидалары – осы сөзіміздің нақты дәлелі.
Өз кезегінде тұрғындарға күмәнді курстардан аулақ болыңыздар деп қанша айтса да, көпшілік ен байлықтың үстінен топ ете түскенді әлі де қолайлы көретін сыңайлы. Жуырда елімізде мемлекеттік сатып алу курсына қатысты шулы іс соңына жетті. Сот істі тендер арқылы қомақты ақша табуды үйренемін деп, қаржысынан айрылған тұтынушылардың пайдасына шешті.
Нақтылай түссек, Жұлдыз есімді азаматша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне сапасыз курсқа қатысты шағым түсірген. Мәселемен танысқан департамент мамандары өткен жылы бұл туралы әлеуметтік желілерде хабарлап, азаматтарды қабылдау өткізеді. Артынша тағы да осы коучтың жұмысына шағымданған 8 азаматтың шағымын қабылдады. Департамент жүргізген жұмыс нәтижесінде кәсіпкер коучтың Салық Кодексін елемей, ресми келісімшарт жасаспағаны, төлем кезінде фис- калды чек бермегені белгілі болды. Коуч уәде етілген 1 айлық курстың 3-4 дәрісін өткізіп, оқу үдерісін тоқтатқан. Бұл «Тұтынушылардың құқығын қорғау» заңының 13-бабын өрескел бұзу болып саналды. Салдарынан азаматтар оқудан да, қаржыдан да қағылған. Оқушылар арасында тендерден тез ақша табуға үміттеніп, несие рәсімдегендер де бар. «Департамент тұтынушыларға кәсіпкер атына сотқа дейінгі талап жолдауда құқықтық көмек көрсетті. Оған кәсіпкер 10 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. Алайда, кәсіпкер жауап бермей, департамент жеке кәсіпкерге қатысты жоспардан тыс тексеріс ашты», – делінген ақпаратта.
Сонымен, тексеріс барысында сапасыз қызметтен зардап шеккендердің саны 18 адамға дейін артып, үш облыс пен Астана қаласының тұтынушылары да шағымданады. Нәтижесінде, жалпы шығын көлемі 6 593 000 теңгеге дейін ұлғайды. Департамент 10-нан астам тұтынушының заңды мүддесін қорғау мақсатында сотқа талап- арыз жолдайды. Сот үдерісі барысында кәсіпкер коуч үш тұтынушыға 850 мың теңгеден толық көлемде, екі тұтынушыға 450 мың теңгеден бөліп төлеген. Алайда, сот талаптарды толық көлемде қанағаттандыру туралы шешім қабылдап, барлық қатысушының мүддесін қорғаған. Сауда министрлігіне қарасты Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне былтыр білім саласындағы қызметтерге қатысты 877 шағым түскен. Негізінен тұтынушылар сапасыз курстар, оқытушылардың төмен біліктілігі, оқу курстарына ақша қайтарудан бас тарту мәселелеріне орай шағымданған. Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті мұндай «жылдам баю» курстары шығынға әкелетінін ескертеді. Сондықтан, сарапшы тренерлер туралы ақпаратты мұқият тексеру, міндетті түрде ресми келісімшарт жасасу және фискалды чек талап ету қажет. Күмәнді жағдайларда құқықтарыңызды қорғау үшін уәкілетті органдарға жүгінген жөн.
Қорыта айтқанда, алдамшы бизнес-схемалардың іс-әрекетінен адамдар ғана емес, елдің экономикалық жағдайы да жапа шегеді. Рас, бүгінде әлемдегі қаржы нарығы мен қаржылық қызметтердің тез дамуы – нарықтағы қаржылық құрал түрлерінің көбеюіне және олармен жұмыс істеу әдістерінің күрделенуіне әкелді. Қаржы нарығында банк терминалдары, пластикалық карталар, call-орталықтар, онлайн қаржылық қызмет түрлері мен тағы да басқа дүниелер пайда болды. Банктік шот ашу, банк жүйесіндегі дебет және несие карталарын алу адамнан белгілі бір деңгейдегі қаржылық білімді талап етуде. Осынау қаржылық құралдарды пайдалану үшін обердрафт, эквайринг, сақтандыру полисі, әртүрлі амалға алынатын комиссия, кешбек, бонустар, несие пайыздары және оның түрлері, несиелік лимит, несиелік рейтинг, карта көмегімен қарызды жабу, автотөлемдер, ағымдағы және жинақ шоттары, несие тарихы, кредиттік балл секілді экономикалық-қаржылық ұғымдарды жете білу қажет. Ал әрбір қоғам мүшесінің оңтайлы қаржылық шешім қабылдай алуы – мемлекетіміздің экономикалық-қаржылық тұрақтылығы мен әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етуге оң әсер бермек.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді