«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жеңіс мерекесіне орай жетпіске жуық іс-шара жоспарланған

Жеңіс мерекесіне орай жетпіске жуық іс-шара жоспарланған
Ашық дереккөз
Облыстық ардагерлер кеңесінің мәжіліс залында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлікке – тағзым, ұрпаққа – үлгі» атты кеңейтілген төралқа отырысы өтті. Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жүргізді.

Басқосуда белгілі тарихшы ғалым Сейдахан Бақтыоразов әулиеталық азаматтардың және тыл еңбеккерлерінің соғыс жылдарындағы жанкешті еңбектері мен ерліктеріне тоқталды. Ғалым майдан шебіне бару үшін сарбаздар алдымен әскери дайындықтан өткеніне, тәртіптің темірдей қатал болғанына тоқталды. «Тылдағы ауыр еңбекке жегілген аналарымыз бен аталарымыз, бұғанасы қатпаған балалар майдандағы жеңіс үшін тер төкті. Соғысқа жіберілген жылы тон, сапалы қолғаптар Талас ауданындағы тұрмыс қажетін өтеу комбинатында тігіліп, әзірленді. Әулиеаталық аналар соғыс жылдарында 360 гектарға мақта егіп, әр жүз басқа 108 қозыдан төл алған. Бұл ерлікке пара-пар іс», – деп атап өтті. Келесі кезекте облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұханов Ұлы Жеңіс мерекесіне орай майдангерлерге және тыл еңбеккерлеріне берілетін біржолғы төлемақы, ардагерлерді шипажайларға жіберу мәселелері туралы айтты. Ал, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бақкелді Тұрсынбек осы кезге дейін атқарылған жұмыстар туралы айта келіп, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, 70-ке жуық негізгі іс-шаралармен қамтылатынын жеткізді. Атап айтқанда, жауынгерлердің Ұлы Отан соғысындағы ерліктеріне арналған көрмелер, «Ұлы Отан соғысы қаһармандарының ұлт тарихына қосқан үлестері» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция, «Бірлікпен келген жеңіс» тақырыбында дөңгөлек үстел отырыстары, білім беру ұйымдарында «Батырларға арналады» бірыңғай ашық сабағы, жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен «Мәңгі есімізде: Жеңіске – 80 жыл» тақырыбында дөңгелек үстел отырыстары, соғыс жылдарындағы әндер тақырыбында байқаулар, театрландырылған қойылымдар көпшілік назарына ұсынылады», – деді ол.

Ал, облыстық «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесінің директоры Сауран Қалиев Жеңіс мерекесі қарсаңында 105 ескерткіштің тарихи келбетін сақтай отырып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесіне тоқталды. «Мониторинг жұмыстары барысында Сарысу ауданындағы 10 ескерткіштің 3-уі, Меркі ауданындағы 23 ескерткіштің 11-і, Т.Рысқұлов ауданында 20 ескерткіштің 13-і жөндеуді қажет етеді. Мұндай мәселе барлық аудандарға қатысты. Мемлекет басшысы республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алатынын, Бауыржан Момышұлының 115, Мәлік Ғабдуллиннің 110, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы салтанатты шаралар тізіміне қосылғанын атап өткен болатын. Біздің облыста Бауыржан Момышұлына арналған 9, Мәлік Ғабдуллин мен Әлия Молдағұловаға арналған ескерткіштер бар. Ол ескерткіштердің жай-күйі қанағаттанарлық жағдайда», – деді С.Қалиев.

«Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекқұлы Әліұлы Халық қаһарманы Ыбырайым Сүлейменовтің Псков облысы, Невель қаласында құлпытасына, Тверь облысы, Зубцов ауданы, Веригинода 2014 жылы қайта жерленген сарысулық 16 жауынгерге ескерткіш белгі орнату туралы тілегін жеткізді.

Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қорытындылап, ардагерлерге жасалатын қамқорлықтың маңызы жоғарылай беретінін, Ұлы Отан соғысының ардагері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Тілеу қабыл Төребековтің 1 0 0 жылдығы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Әлмұхан Исақовтың 85 жылдығы аталып өтілетінін айтты. Сондай-ақ, ол биыл 80 жасқа толған мемлекеттік қызметтің ардагері, Талас ауданының Құрметті азаматы Есенаман Бейсеуовке «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» лентасын тақты. Жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов кеңейтілген төралқа отырысының қабылдаған қаулы жобасымен таныстырды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар