
Наурызды ұлы істердің ұлы күніне балаған қазақ халқы Ұлыс тойын 14 наурыздан бастап 23 наурызға дейін әр күнді ерекше атап, соған сай әрекет етіп өткізеді. Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі белгіленген болатын. Соған сай мерекенің жаңа логотипі де бекітілген. Осы бастамамен өткен жылы елімізде 800-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылып, халықтың әдеби-музыкалық, мәдени-спорттық қабілеттерін шыңдап, үлгілі істермен барша жұртты қайырымдылыққа шақырды. Сол арқылы бірегей мейрам халықты жасына, әлеуметтік тобына қарамастан, ұлттық дәстүр мен адами асыл қасиеттерге біріктірді, сыйластық аясын кеңейтті.
Халық бұл мерекеге Әз-Наурыз деп атау беруінің астарында да үлкен мағына жатыр. Әз сөзі – арабша ардақты, бағалы, құнды, жарқын деген мағына береді. Ал, халық ауызындағы аңызға сенсек, ертеде көктемнің келгенінен алғаш хабар беріп, аспаннан көктің аздап күркірегені байқалады. Бұл құбылыс қыстың ызғары кеміп, қар еріген кезде орын алады. Мұны далада мал өрістетіп жүрген қойшылар алғаш аңғарыпты. Міне, осы күркіреуді ел «Әз жүрді» деп атаған екен.
Құндылықтарды таратып, ізгі іске шақыратын Наурыз мейрамы жаңару мен жақсылықтың жаршысы. Жаңару жеке қарым-қатынастан бастап, қоғамдағы барлық саланы қамтиды. Сол себепті де Наурыз тойының алғашқы күні 14 наурызда Көрісу – Амал мерекесімен бастау алады. Адамдар қыстан аман шығып, көктемге жеткендеріне қуанып, бір-бірімен қол алысып, төс қағысып, амандық-саулық сұрасады, арада болған араздықты ұмытады. Келесі күн қайырымдылыққа негізделіп, ел көптеген сауапты істерді жалғайды. Үшінші күн – мәдениет және ұлттық салт-дәстүр қанат жаятын күн. Төртінші күн – «Шаңырақ», яғни отбасына арналса, бесінші күні Ұлттық киім күні аталып, көздің жауын алар ою-өрнектермен кестеленген алуан киімдеріміздің сәні мен адамзатқа берер пайдасы дәріптеледі. Алтыншы күн – «Жаңару», жетінші күн – «Ұлттық спорт», яғни түрлі спорттық ойындармен күш сынасқан жастарымызды шымырлық пен шапшаңдыққа баулиды. Сегінші күн – «Ынтымақ» деп аталып, ел ішінде бірлік пен татулық ту көтереді. Тоғызыншы күн «Жыл басы» аталса, оныншы күні «Тазару» тақырыбымен қоршаған ортаға көңіл бөлініп, айнала алты ай қыста жиналған күл-қоқыстан тазартылып, ел еңбектену арқылы бір-бірімен емен-жарқын жүздеседі.
Халықты ортақ мүддеге жұмылдырып, өзара қарым-қатынасын жақсартып, жаңару мен тазаруға назар аудартатын Наурыз өзге мерекелерден осындай мағыналылығымен де ерекше. Әз-Наурыз елімізге құт болып қонсын дейміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Әлеуеті мығым елдің ертеңі жарқын
- 15 наурыз, 2025
Ықпалды құрылымға айналған Құрылтай
- 15 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді