«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тамшыдай сезім болған жерде мұхиттай төзім болады

Тамшыдай сезім болған жерде мұхиттай төзім болады
Ашық дереккөз
...Қанша қалың жауғанмен қар, көктемде қалмайды, ериді. Көктем – әдемі және көркем мезгіл. Көктем мезгілін жастар асыға, аңсап күтеді десем, артық айтпаймын. Көктемге ғашық жастар көп. Жастық шақ пен көктем – қос ұғым, егіз. Ақындардың махаббатты қысқа, күзге баламай, көктемге теңестіруі де тегін емес. Әсіресе, «қыз-көктем» деп жүрекпен жырлайды. Қыз деген ұғымға қазақ халқы адамның бойындағы барлық асыл қасиеттерді жинақтаған. Әлемді билеген ерді әйел билейді, әлемнің мәні әйелде деп ой түйген кемеңгер халықтың ұрпағымыз.

Аталарымыз қызды ерекше құрметтеп, қызға төрден орын беріп, қас-қабағына қарап, тапқанын кигізіп, ішкізіп, үкілеп өсірген. «Қыз – жат жұрттық», «Қыз – қонақ», «Қыз – өріс» деп ата-ана өз үйінде қыздарын емін-еркін, бетінен қақпай өсірген. Оған себеп жоқ емес. Бүгінгі бойжеткен қыз ертеңгі жарық дүниенің сәулесін сыйлайтын әйел-ана. Бүгінгі қыз бала, жат жерге барып, ақ жаулық тағып ана атанады. Бұдан шығатын түйін, тіршілік атаулының қозғаушы күші – әйел. «Ал қыздың жақсы жігітке шығуы, жігіттің жақсы жар таңдап алуы жеңіспен пара-пар. Алдымен жеңіске жету қымбат, ал жеткен жеңісті баянды ету – одан да қымбат», деп жазады өзінің «Махаббат қызық мол жылдар» романында жазушы Әзілхан Нұршайықов.

Мен біраз жастармен кездесіп, сөйлесіп, пікір алысып көрдім. Бақытты шаңырақ дегеніміз – жылтыраған сәнді сарай емес, жан-жарыңның, ағайын-туыстар мен сүйкімді балаларыңның сыңғырлаған күлкісі, ырысы мен ынтымағы деген тұшымды жауап естіп, қатты қуандым. Бір жас келін «жақсылық та – тілден, жамандық та – тілден», тілге абай болу керек, ер адамның сағы сынатындай сөз айтуға болмайды, апай, сағы сынған отағасының жолы болмайды. Жіп бір жерінен үзілмесін, үзілген жіптің жалғанған жері білініп тұрады, көңіл де сол сияқты» дегенде мінезінен ұяңдық пен әдеп байқап, іштей осындай есті келіндеріміздің қарасы көбейе түссе екен деп тіледім. Өкінішке қарай, үлкен кісілердің ақыл-кеңесіне дес бермей, сүттей ұйып отырған отбасының берекесін қашырып, күн құрғатпай төркініне қайтып келіп жатқан қыздар да жоқ емес. Соқа басы келсе де мейлі екен, жаңа туған бөпесін көтеріп келіп жатады. Өз тағдыры тәлкекке түсті, айтса да, айтпаса да. Нәрестенің не жазығы бар десеңізші?! Япыр-ай, әу баста, үйленген кезде екеуіңде де тамшыдай болса да сезім болды емес пе? Бірден үйлесіп кетпегенмен, «сабақты ине сәтімен» дегендей, артын күту керек еді-ау деп өкініш білдіріп жатамыз. Сынақсыз өмір болмайды. Жастар, айналайын, махаббат дегеніміз – бақыттың екінші атауы. Махаббатты тарихта аты қалған аңыз тұлға, ғұлама Омар Хайям:

– Шын сүю – көкке балқып күн шығардай,

Сүйгенің күйіп-жансаң тынши алмай.

Бұлбұлдай нала шеккен сүйген емес,

Сүйген сол – өле білсең үн шығармай, – деп жырлаған.

Көбіне аңғал ақкөңіл жігіттер жар таңдауда жиі қателеседі. Олар Абай атасының:

– Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей көңіл бөлме, – деген ақыл-кеңесін оқымаған, естімегендер ғой деп шамалаймын. Жастар түгілі үлкен кісі біздің де, білгеніміз бір тоғыз, білмегеніміз тоқсан тоғыз. Ақылға азық, барынша мол қорек беру үшін үлкен-кіші демей, кітаппен дос болғанымыз жөн. Алма ағашынан алысқа құламайды. Әркім өз ата-анасының болмысынан, бейне- кейпінен, берген тәрбиесінен алысқа ұзап кете алмайды. Соған ұқсас, соған шамалас болады десек те, жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей. Бала да, әке де, ана да кітапқұмар болайық. Атақты ағылшын драматургі У.Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» деп керемет айтқан. Табиғи болмысынан Жаратқан иеміз өзгеден ой-санасы артықтау адамдарды жаратады. Сондай замандастарынан асып, намысты болып туған ақылды әйел Шер-ағаңның анасы Айша дер едім.

«Шіркін, сол кездің әйелдері-ай! Азамат орнына азамат та болды. Ақыл-ес айтар ақылман да болды. Отқа да түсті, суға да түсті. Бірақ бүк түсіп, белі сынбады. Егер олар сынғанда елде ешкім қалмас еді», дейді Шерхан Мұртаза өзінің атақты «Ай мен Айша» романында. Шын мәнісінде Айшадай «жаны сірі» тіршіліктің аязына тоңған, ыстығына күйген ана қазақ халқына тұлпар мініп, ту ұстайтын Халық жазушысы Шерхан Мұртазаны сыйлады. «Жылуды Алладан, Анамнан, Күннен алып есейдім», деп еске алады Шер-ағаң.

Әдепті қыз, жақсы әйел, сүйікті жар, сыйлы келін, аяулы ана туралы аталарымыз қандай ой өрбітті, халық мақал- мәтелдерінен бірнеше мысал келтіріп көрейік.

«Қызың жақсы болса үйіңе ырыс кіреді», «Қызы жақсыны Қыдыр қориды», «Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімнен көрінеді», «Әйелдің бір көркі – дастарқан», «Шеше көрген тон пішер», «Атадан – ұлағат, анадан – инабат», «Анасыз үй – панасыз», «Анасын көріп, қызын ал» деген мақал-мәтелдер қандай мағыналы десеңізші.

 

Райкүл ОМАРОВА,

ардагер ұстаз, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар