
Қадыр Тоқжігітұлы 1935 жылы Жамбыл ауданына қарасты Қостөбе ауылында дүниеге келген. Бала күнінен білімге құштарлығы байқалыпты. 1954 жылы Қазақстанның 30 жылдығы атындағы орта мектепті өте жақсы үлгеріммен тәмамдаған кезде де ата-анасы мен ауылдастары қуанған. Баланың болашағынан үміт күткені де жасырын емес. 1960 жылы Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика бағытын бітіріп шығу үмітті ақтағаны емес пе? Айтпақшы, аталған институттың соңғы курсында оқып жүргенде Талшыбық Аймағанбетова деген қызды ұнатып, екеуі отау құрғанда ата-анасы қуаныштан көздеріне жас алыпты. Осылайша, Қадыр үшін өмірдің бәрі нұрланып сала берген.
Мемлекеттік жолдамамен барып, өзі оқыған мектепте мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін зор құлшыныспен атқарды. Жары Талшыбық та қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасқан. 1967 жылы қазіргі Тараз қаласында жаңадан ашылған Жамбыл педагогикалық институтына «Математика және физика» кафедрасының аға лаборанты қызметіне қабылданды. Мұнан соң әр жылдары кафедраның ассистенті, зерттеуші, радиациялық физика лабораториясының инженері қызметтерін атқарғаны күні кеше ғана секілді еді. 1978 жылдан бастап аталған институттың оқытушысы, аға оқытушысы қызметінде абыройға бөленді. Ал, 2003-2013 жылдары аталған институттың «Физика және ФОӘ» кафедрасының профессоры, кейіннен Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің профессоры қызметін 2024 жылға дейін атқарды. 1986 жылы Өзбек КСР ғылым академиясының ядролық физика институтында «Диэлектрик материалдардың геторегендік қабатына металл элементтерінің өтуіне реакторлық сәулеленудің әсері» тақырыбында физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін сәтті қорғап шықты. Ал, 2001 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына қарасты Алматы Ядролық институтының диссертациялық кеңесінде «Кремний қос тотығындағы терморадиациялық процестер» тақырыбында физика-математика ғылымдарының докторы дәрежесін де ойдағыдай қорғағаны ғылым жолындағы маңызды сәті. Тоқжігітовтың ғылыми еңбектерін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, физик ғалым Ж.Жотабаев, техника ғылымдарының докторы Ж.Абдула мойындап, жоғары бағалаған. Ал, алдынан білім алған кез келген студент Қадыр Тоқжігітұлы жайында тек жылы естеліктер айтып, сапалы білім бергені үшін алғыстарын айтудан жалыққан емес.
Ғылымның соңына мықтап түскен Қадыр Тоқжігітұлы 46 жыл бойы университетте сабақ бергенде талай дарынның шырағын жағып, талай бұлақтың көзін ашты. Оның алдынан білім алып шыққан шәкірттер арасында жүзге жуығы әр аудан, ауылда мектеп директоры болса, әр жылдары жиырмаға жуығы аудандық білім бөлімін басқарды. Еңбек жолын мектептен бастаған ұстаз шыңдалып ғалым болған кезінде, әсіресе ауылдардағы білім ошақтарын сап алы мамандармен қамту жолында аянбай еңбек сіңірді. Қадыр Тоқжігітов ғалым ретінде көршілес Қырғыз еліне, Өзбекстан Республикасына кеңінен мойындалған. Сондай-ақ, Американың төрінде өткен халықаралық семинарда ғылыми еңбегі ағылшын тілінде ғалымдар назарына ұсынылып, жоғары бағасын алған.
Жұбайы Талшыбық Құдайбергенқызы әр жылдары мұғалім, директордың орынбасары, мектеп директоры болып абыройлы еңбек етті. Қадыр екеуі 5 ұлды тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы жоғары білім алып, еліміздің әр түкпірінде абыройлы еңбек етуде. Немерелерінің арасында атасының жолын қуып, білім мен ғылым жолына түскендері бар.
Биыл Қадыр Тоқжігітов торқалы тоқсан жасқа толды. 66 жыл отандасқан асыл жары Талшыбығы қасында, ұрпақтары өсіп-өніп жатыр. Тоқсан жасқа дәл бұлай төрт құбыласы тең болып жету екінің біріне бұйырмаған бақыт екені анық. «Тағдырыма ризамын. Кеңестік кезеңде де, еліміздің тәуелсіздік алған шағында да ғылым саласында еңбек еттік. Еңбегіміз үнемі бағаланды. Өзіме жүктелген міндетті абыройлы атқарып шыққан секілдімін. Отбасымда да қуанышты сәттер аз болмады. Еліміздің болашағы жастарға бақыт, ақ жол тілеймін», дейді тоқсанның ауылына сергек жеткен бақытты ақсақал. Зымырап өте шыққан уақытқа таңдай қаққанымен, шүкіршілігі басым.
Қазіргі таңда ақсақалдың айналасы ұлдары мен келіндерінің ізетіне, немере- шөберенің шат күлкісіне толы. Жұбайы Талшыбықтың да жүзінен бақыт нұры байқалады. Ұзағынан болғай! Тоқсанға сергек жеткен ақсақалды құрметтейтіндер, ақсақалға сәлем беретіндер көп. Бұл қазақтың үлкеннің алдын кесіп өтпеген асыл қасиеті.
Есет ДОСАЛЫ
араз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді