
Жалпы, Халид Асанұлы тау етегіндегі Қараой ауылында туып-өскендіктен тілі қазақша төселіп, тірлігі ауыл тұрғындарымен астасып кеткен. Қазақтың салт-дәстүріне жетік азаматтың шаруашылығы Бүгіл өзенінің бойына қоныс тепкен.
– 1977 жылы әкем Асан осы жерге келіп орналасты. Ол кісінің өмірі осы мал шаруашылығымен қатар өрбіді. Нәсіпті де, атақты да осы кәсіптен тапты. Еңбегіне адал болды. 100 саулықтан 201- 203 төлге дейін алған тәжірибелі шопан еді. Біз сол табандылықты көріп өстік. 1985 жылы жолдасым Малика келін болып осында түсті. Жалпы, шаңырақта 13 бала өсіп-өндік. Араға жылдар салып әкеміз қоныс тепкен орынға біз де келіп жайландық»,– дейді шаруа қожалық басшысы.
Осылайша әке жолы Халидке жұғысты болды. Жердің жайын, малдың бабын біліп өскен шаруа 2015 жылы «Малика» шаруа қожалығын құрады. Алғашқыда қолдағы аз ғана малы төлінен өсіп, аз уақыттың ішінде қора толы қойға айналады. Халид Асанұлының табандылығы үлгі етуге тұрарлық. Қазір жайылымға 600-дей бас уақ малды өргізіп жүр. Одан бөлек, 10 сиыр, 10 жылқы және бар.
– Мемлекеттің қолдауларын пайдаланып келеміз. Мысалыға, бөлінген жеңілдіктер арқылы құдық қаздырдық және күннен қуат алатын электр қондырғысын орнаттық. Қазір судан тапшылық көріп отырғанымыз жоқ әрі жарық та бар. Тіпті, электр қондырғысына тоңазытқыш та, теледидар да қосып отырмыз, – дейді Халид Асанұлы.
Расымен бұл шаруа қожалық малшылары тұрақтап жатқан қоныс та қаладағы үйден ешбір кем емес. Мұны мұнтаздай тазалығымен көз тартатын қоныс ішіне енгенде сезінесіз. Отанасы да қол қусырып отырған жоқ. Шаруаға қолғабысын тигізіп келеді. Қолдағы сиырды сауып, үйге шырай беріп отырған да жасы алпысты алқымдаған Малика Темірова.
Ол мұндай шаруаларға төселіп кеткендігін айтады.
– Шаруа қожа-лығындағы қандай жұмысты айтсын ауырлық тудырмайды. Күнделікті атқаруға тиіс тірлік деп білемін. Қолдағы сиырды сауып, өнімін Қаратау қаласына апарып өткіземін. Сүт-айран 300 теңгеден болса, сары май 4000, қаймақ 3000-нан айналады. Бұл әулетке 1985 жылы келін болып түстім. Одан бері 40 жыл уақыт өтті. Осы аралықта талай дүние көрдік, сынақтан сабақ та алдық. Үлкен тәжірибе мектебінен өттік, – дейді отанасы.
Шаруа қожалығы малшы алып, арнайы үй де бөліп берген. Қоғамдық орталарда да жиі айтылып жүргендей, қазір жұмысын адал атқаратын тұрақты малшы табу өте қиын. Әрі кездескен жағдайдың өзінде қоятын талап-шарттары көп. Бірақ Халид Асанұлы малшыға жайлы қарасаң жұмыстың да жемісті болатындығын жақсы түсінеді. Қазір оның қарамағындағы шопанда еңбектен тапқан өз малы бар. Еңбекақысы да тұрақты, одан бөлек ай сайын азық түлік бөлініп тұрады.
Бұған дейін мал шаруашылығымен айналысқан қожалықтардың басты мәселесі қырқылған жүнді өткізу болатын. Бұл түйткіл соңғы уақытта шешімін тауыпты. Берілетін тиыны мардымсыз болса да, шаруалар қой жүнінің рәсуә болмай өткеніне риза. Бірақ шаруа қожалық төрағасын алаңдататын мәселе де жоқ емес. Ол байланыстың болмауы. Телефон байланысының жоқтығы көп әурешілік тудыратын көрінеді. Қазір барлығы алақандай телефонға байланған уақытта хабар алысып, жағдай білісіп тұрудың маңыздылығы үлкен екенін айтады.
Қанша дегенмен машақаты көп болғанымен табысы білінетін шаруаға бас бұратын жастар аз. Халидті алаңдататын да осы жайт.
– Түлік өсіруге ниет танытқандар көбейсе, тұрмыс та түзеледі, мал басы да көбейеді. Мал шаруашылығы бізге таңсық емес. Содан болар тірлігіне тез төселіп кететіндер көп. Мен де балама кәсіптің қыр-сырын үйретіп келемін. Қолдағы малға біз кеткен соң қарайтын осылар ғой, – дейді.
Түлік соңында жүрген шаруаның тірлігі біткен емес. Алда мал төлдету науқаны, одан соң қырықтық. Кезегін күткен науқан. Шаруаның басты уайымы қолдағы түлікті қыстан аман шығару. Әсіресе қысы қатал, бораны жиі тау аймағындағы шаруаларға қиын. Бірақ қыстың жайлылығы желдің өтіндегі шопандардың кәсібіне оң әсерін тигізіп тұр. Алдын қамданған шаруа жем- шөп қорын да жинап алған.
Төскейге түлік өргізген шаруаның кәсіптен қиналып отырғанын көргеніміз жоқ. Көңілі тоқ, ісіне риза. Шын ниетпен жасаған іске шырай бітеді ғой. Біз шаруаның тұрақты тірлігін, кеңейіп келе жатқан кәсібін Халидтің адал пейіліне байланысты деп түсіндік.
Нарбол ҚАШАҒАН,
журналист.
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Әлеуеті мығым елдің ертеңі жарқын
- 15 наурыз, 2025
Ықпалды құрылымға айналған Құрылтай
- 15 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді