«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Соғыстан қайтқан солдаттар

Соғыстан қайтқан солдаттар
Ашық дереккөз
Олар соғыстан оралды. Қан майданда Отанын қорғап, Ұлы Жеңіске үлес қосты. Бірі аяғынан, бірі қолынан, иығынан жараланып келді. Олардың отбасылары азаматтарының тірі оралғанына қуанды. Сонда да аман келген майдангерлерге барша ауыл құрмет көрсетті. Себебі, ауылымыздан қанша азаматқа туған жер топырағы бұйырмады. Халқымызда «Адам пешенесіне жазылғаннан ешқашан құтыла алмайды» деген сөз бар. 1941 жылы соғыс басталғанда біздің өңірде «Қызыл жұлдыз» ұжымдық шаруашылығының төрағасы Жолшыбек Есенгелдиев, Қызылқұм ұжымдық шаруашылығының төрағасы Кәнібек Мыңбаев, Ақжар ұжымдық шаруашылығының төрағасы Кеужан Өтегенов басқарған шаруашылықтар болған. Анам Ақшай Мырзақұлова «Соғысқа дейін және соғыс жылдары шаруашылықтың барлық жұмысы адам күшімен, қолмен атқарылды. Демалу дегенді білгеніміз жоқ. Таңның атысы, күннің батысы шаруашылық жұмысында болдық», деп еске алушы еді жарықтық.

Соғыс жылдары қаншама отбасы ер азаматтарынан «қара қағаз» келіп қара жамылды. Әйел жесір, бала жетім қалды. Халық Алланың басқа салғанына көніп, жылап-сықтап күндерін өткізіп жатты. 1945 жылы 9 мамырда Ұлы Жеңісті халық көздеріне жас ала отырып қуанышпен қарсы алған.

Осылайша Жеңіс те жетті, ауылдарда тіршілік жалғасып жатты. Халық ертеңгі жақсы күндердің болатынына сенді. Әкесін көрмеген ұл-қыздар көңілдерінде әкелеріне деген сағынышпен өсіп жатты. Ал, жесір қалған әйелдер тағдыры туралы айту, тіпті ауыр еді.

1950 жылы КСРО үкіметінің ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру туралы шешіміне сәйкес «Қызыл жұлдыз», «Қызыл құм» және «Ақжар» ұжымдық шаруашылықтары бірігіп, Жамбыл атындағы ұжымдық шаруашылығы болып іріленді. Төрағасы болып Рашид Қалиев деген кісі сайланды.

Майданнан аман оралған ауылдас ағаларым туралы айта түскім келеді. Митай Ізбасаров соғыс кезінде бомба топырағының астында қалып тіл-ауыздан, құлақтан айырылып елге қаруласы алып келді. Шаруашылықта қарауыл болып істеді. Ат үстінде жұдырықтай болып отыратын. Шалданбай бір аяғын қара саннан кестірген кісі еді. Сол кесілген аяқпен-ақ есек арбамен шөп тасып өтті.

Қасымбай Үмбетқұлов бір аяғын тізеден төмен кестіріп ағаш аяқпен мал шаруашылығында жұмыс істеді. Келіндері «Ағаш аяқ Жәке» деуші еді. Әліқұл Байгөбеков соғысқа бастан-аяқ қатысқан. Шаруашылықта бас мұрап болды.

Медерқұл Тұрғынбаев оң қолын иықтан төмен кестіріп келді. Шаруашылықта есепші болып істеді. Зетілдә Қырықбаев соғыстан кейін шаруашылықта есепші болып істеді. Ауылдасым Бейсенбі Қойшыбаев 1941 жылы соғыс басталғанда Брест қамалы маңында әскери бөлімде болыпты. Фашистік басқыншыларға алғаш қарсы соғысқандардың бірі. Соғыстан кейін сол жақта үйленіп, елге 1952 жылы отбасымен оралған. Шаруашылықта жұмыс істеді.

Баялы Тоғайбаев соғыстан кейін Украинада Херсен облысында хохол әйелмен отау құрып, балалы болады. Елге 1952 жылы өзі келді. Баласы, отбасы сонда қалған. Шаруашылықта жылқы бақты. Жақыпбек Наурызбаев соғыста бомба топырағының астында қалып, қаруластары тауып алады. Жарығы таусылмаған кісіге қай кезде де өмір бар. Шаруашылықта мал бақты. Кәдірқұл Тыныбеков соғыстан келген соң ұсталып он жыл түрме азабын тартып, 1956 жылы келді.

Әбдібек Мелдебеков соғыстан кейін Мәскеуде әскери қызмет атқарып мәскеулік татар қызына үйленіпті. Үлкен ұлдары Әбжан Мәскеуде туып, атамыз елге 1950 жылдары келген. Шаруашылықта мал бақты.

Сейсебай Кәрібаев соғыста контузия алып елге келген соң ұшқан ұшақты көрсе қалтырап-дірілдеп құлап қалады екен. Мұны да соғыс зардабы демей, не дейміз? Шаруашылықта жылқы бақты.

Тәкеш Әбдікеев соғыстан кейін шаруашылықта түрлі жұмыстар істеп, еңбекте абыройлы болды. Майдан даласындағы командирі Чапчаевты үнемі айтып отырудан жалықпайтын. Кім біледі, жақсылығын көп көрген шығар. Үмбетқұл Жиенқұлов Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған сегіз жамбылдық жауынгердің бірі. Осы ұсыныстың өзі-ақ Үмбетқұл атаның майдан даласында қандай ерлік көрсеткенін байқатса керек. Мұғалім болып жұмыс істеді.

Соғыстан кейінгі жылдары кеңшарда бригадир болып істеген Әбиір Аяпбергенов, шаруашылықта түрлі жұмыстарды атқарған Досмаил Тоқабаев та нағыз отаншыл кісілер еді. Сейділда Рахманқұлов соғыстан кейін қираған қалалар мен завод, фабрикаларды қалпына келтіру бөлімшелерінде қызмет етіп, елге 1952 жылы оралған. Бұл дегеніңіз қанша жылға созылған азап, уайым, сағыныш екенін өзіңіз шамалай беріңіз. Ауылға келген соң да қарап жүрмей, шаруашылықта еңбек етті.

Майдан даласынан ауыр жарақат алып келген Жолшыбек Есенқұловты, төрт жыл ұрыс даласында жүріп кеудесіне оқ дарытпаған Әбдірасыл Әлімбековті ауыл халқы әрқашан құрмет тұтты. Екеуі де бейбіт еңбектің озаттарына айналды.

Оң қолынан ауыр жараланған, ұстаз Әбиірбек Шатабаев ақсақалды, оң иығына дәл тиген оқтың салдарынан оң жағына қисайып жүретін Әлі Исмаиловты ауыл тегіс ардақтады. Себебі, Әлі атаның оң жағына қисайып жүруі жас ұрпақтың болашағын қорғау жолында болды емес пе? Майданнан аман оралып шаруашылықта мал баққан Әлібай Бөкенов те нағыз құрметке лайық кісі.

Қазір менің де жасым жетпістен асты. Менің айтып отырғаным, бір ғана Ақжар ауылынан соғыстан аман келіп, бейбіт күнде еңбек еткен майдангерлер жайлы аз ғана ақпар. Мұндай тізімді әр ауылдан табуға болады. Баршасына Жаратушы рахымын төгіп, жақсылық берсін. Олар – нағыз батырлар. Сондай, Отанның адал перзенттерін есімізге алып, есімдерін атап жүру парызымыз деп ойлаймын.

 

Айтмаханбет ТЫШҚАНБАЕВ,

ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар