
Ия, Шоқан Шыңғысұлы заңғар көк аспанда аққан жұлдыздай жарқ етіп, артында өлмес із қалдырған қазақтың ұлы перзенттерінің бірі екенін талай озық ойлы замандастары мойындаған. Орыстың белгілі ғалымы, Шоқанмен Омбы кадетінде бірге оқыған досы Г.П.Потанин өзінің «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов» деген естелігінде былай деп жазады: «Уәлихановтың өміріндегі негізгі міндеті қазақ халқына қызмет ету, орыс билеушілерінің алдында оның мүддесін қорғау және халқының рухани жағынан түлеуін көздеу болды… Егер Шоқанның қазақ оқырмандары бар болып, еңбектерін ана тілінде жазғанда, қазақтардың Лермонтов пен Гейне сияқты өз жазушысы болған болар еді». Шынында, Шоқан өмір сүрген кезең қазақ халқы үшін ауыр, азапты, қасіретке толы жылдар болатын. Ел арасында сол дәуірде қаптаған сауатсыздық, білімсіздік, ауыр тұрмыс Шоқанның тәтті арманын, парасатты ойын іске асыруға еш мүмкіндік бермеді. Шерлі заманда олары қол жетпес, орындалмас сағым-қиял болып қала берді…
Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов Әулиеатада болған ба? Ол қашан, қандай жағдайда болып еді? Міне, осы сұрақтар төңірегінде сөз өрбітіп көрелік.
Ол тұста патшалық Ресей жан-жағындағы қатар жатқан елдерді басып алып, отарлау науқанын жүйелі түрде жүргізіп, жергілікті халықты сүліктей сорып, көз аштырмай барынша қанап жатқан кезең болатын. Әсіресе, саясатпен Қазақстан мен Орта Азияны тезірек басып алу шараларын жүйелі түрде жүргізді.
1864 жылы Шоқан полковник М.Г.Черняевтің əскери экспедициясына шақырылды. Верный (қазіргі Алматы) бекінісінен шыққан, Черняевтің басшылығымен жорыққа аттанған əскери жасақ, құрамында 68 офицер, 2571 солдат жəне 400-ден астам жергілікті қазақтардан құралған милиция тобы, 22 қарулы зеңбірегі бар отряд Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі елді мекендер мен қалаларды күшпен жуық арада Ресейге қосуды мақсат етті. Сөйтіп, Ресей мемлекеті Орта Азия мен Қазақстанды отарлауды сол жолы толық аяқтауға тиіс болды. Бұған шетелдерден Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің Азия елдері департаментіне астыртын жеткен суық хабар себеп болды. Онда Ұлыбритания отаршылары Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аймағын жаулау қызметтерін жандандырып, Қоқан, Бұхара, Ташкент шаһарларына басып кіріп, онда бекем орнығып алу саясатын мақсат еткені жайлы еді. Бұл ақпарат сол кездегі Ресей басшыларын қатты қобалжытып, тезірек өздерінің ертеден келе жатқан отаршылдық жоспарын іске асыруға итермеледі. М.Г.Черняев өзінің əскери жорығына күшпен отарлап алған сол өлкелерді ғылыми негізде түбегейлі зерттеп, географиялық картасын жасау үшін ғалым-зоолог Н.А.Северцевты, этнограф Ю.Д.Южаковты, суретші М.С.Знаменскийді шақырды. Сол ғылыми-зерттеушілер тобының құрамында талантты да білгір ғалым-географ, сұлтан, поручик Шоқан Уəлиханов та болды. Патша үкіметі М.Черняевқа жорық алдында мүмкіндігінше Əулиеата, Шымкент, Ташкент қалаларының басқарушыларымен, «жергілікті қырғыздармен» өзара келісімге келіп, шу-жанжалсыз, қақтығыссыз, соғыссыз, қантөгіске бармай-ақ Ресей мемлекетіне бейбіт түрде қосылуды ұсынуды тапсырды. Ол тапсырманы орындау үшін патша үкіметі М.Черняевқа «қазақ жəне татар тілін жақсы меңгерген, тапқыр да білімді штабс-ротмистр Шоқан Уəлихановты пайдалануға» кеңес берді.
Бұл əскери жорық «Түркістан сапары» деп аталып 1864 жылдың 1 мамырында Верный (қазіргі Алматы) бекінісінен Қазақстанның оңтүстік аймағына аттанды. Жол бойындағы ауылдар мен қалалардың тұрғындарына алдын-ала Шоқан дайындаған үндеу-хат жолданып, олар орыс әскерлеріне ешбір қарсылық көрсетпей, бейбіт жағдайда Ресей мемлекетіне қосылуға шақырды. Сол ұсынысқа келіскен барлық тұрғындарға кешірімділік, рахымшылық жасалып, алдыңғы кезде олар еш қиындықсыз бейбіт өмір сүретіні түсіндірілді. Оған жергілікті байлар мен билер келіспей, қолдарында оқ-қаруы жоқ жергілікті халықты сақадай сай қаруланған орыс әскеріне қарсы қойды. Ш.Уәлихановтың пайымдауынша, ол осы сапар барысында жорық өтетін өңірде тұратын қазақтар мен қырғыздар арасында көп жылдар бойы шешілмей келе жатқан даулы істер мен тіршілік проблемаларын әділетті қарап, олар жергілікті би-болыстардың біріккен алқаларында шешіледі деп ойлаған-ды. Бірақ, ол анағұрлым ауыр, өмірде мүлдем басқаша болып шықты.
1864 жылдың 25 мамырында М.Черняев басқарған қарулы әскери жасақ Меркі қамалын басып кірді. Әскери топ бұл қамалда бірнеше күн аялдады. Әр уақытын тиімді пайдаланатын дарынды ғалым Шоқан Уәлиханов Мерке төңірегіндегі әсем Алатау бөктерінің табиғатын қызықтап, сол аймақтың өсімдік және жануар әлемін зерттеп, журналға түсіріп, ертең ғылым үшін пайдасы тиер-ау деген мәліметтерді қағазға көптеп түсірді. Ғалым-зоолог Н.А.Северцев Меркі қамалы орналасқан тау бөктеріндегі табиғатты, онда тіршілік ететін жәндіктерді егжей-тегжейлі зерттеп, көптеген қызықты мәліметтер жинады. Ол бұл өңірге болашақта орыс көшпенділерін орнықтырып, табиғаты бай, жері сулы жерлерге қоныстандарудың жоспарын жасап әлек болды. Бұл жерлер көшпенді орыстар үшін таптырмас жұмақ-мекен болатынын жыр қылып айтып жүрді. Меркіде Шоқанның төрелігімен осы өңірдің билерінің біріккен соты өтіп, онда көп жылдардан бері қордаланып, шешімін таппай келе жатқан қырғыз-қазақ арасындағы дау қаралды. Сұлтан, штабс-ротмистер Ш.Уәлихановтың әділ ұсынысын көпшілік ризашылықпен қабыл алып, екі жақ та бітімге келіп, көңілдері толып тарасты.
Бұл туралы полковник Михайл Григорьевич Черняев 1864 жылдың 27 мамырында Батыс Сібір әскери басшысы Дюгамелге жазған рапортында егжей-тегжей баяндайды.
Бірер күн демалып, тыныққан әскери жасақ 28 мамыр күні ертемен Меркіні артқа тастап, Әулиеата шаһарына бет алды. 2 маусым күні орыс әскерлері Әулиеата маңына келіп жетіп, қаланың шығыс жағындағы Тектұрмас төбесіне орналасты.
...Таңертеңгі уақытта қыр басына көтерілген екі салт атты алдында алақанға салғандай көз жететін жерге дейін керіліп жатқан әсем панорамаға қызыға көз тастады. Оның біреуі полковник М.Черняев, екіншісі штабс-ротмистер Ш.Уәлиханов болатын. Төменде ақ көбік шашып асау тау өзені Талас буырқанып ағып жатты. Ал оның арғы сол жағасында көк желекке, қалың тал-терекке көмкерілген көне қала Әулиеата қамалының сұлу көрінісі көзге шалынады. Қаланың әр тұсынан еңселі сан мешіттердің күнге шағылысқан күмбездері көрінеді. Ұйқыдан ерте оянған қала тұрғындары күнделікті үйреншікті тірлік-тіршілігіне кіріскен. Қамал сыртындағы жатақ үйлерден таңертеңгі тамақ әзірлеп, әуре болып жатқан адамдар мен жағылған оттың түтіндері көрінеді. Әсіресе, ерекше көз тартатын қамал ортасындағы Қарахан мен сонау көз ұшындағы Аса өзенінің жағасындағы қыратта зәулім теректер арасында бойы асқақтай көрінетін Айша бибі және Бабаджа-Хатун кесенелері. Көз ұшында қатпар-қатпар болып қазақ тарихының алтын бесігі атанған киелі Қаратау жоталары көлбеңдейді. Оңтүстік шығыста шыңынан қысы-жазы қар кетпейтін, ақ сәлделі Алатаудың тамаша көрінісі де өзіне еріксіз көңіл аударады. Қаланың солтүстік батыс бағытында Бурыл тауының сілемдері көзге ілінеді. Бүкіл Талас аңғарының жанға жайлы тыныштығы, таудың кәусар таза ауасы мен төмендегі жасыл ағаштарға оранған шаһардың сұлу көрінісін тамашалап тұрған әлгі аттылы екеуі Әулиетаға, оның төңірегіндегі мамыражай бейбіт тыныс-тіршілікке қарап ұзақ тұрды. Анда-санда күбір-күбір етіп, бір-біріне сөз тастап қояды...
Шоқан сол жерде Әулиеата шаһарының комендантына полковник М.Черняевтің атынан хат жолдап, қаланы қиратпай, соғыссыз, қақтығыссыз, қантөгіссіз бейбіт түрде орыстарға берілуін талап етті. Ол хат сол күні кешке қала бастығы Нияз Әли датқаға жергілікті қазақ елші арқылы жіберілді. Көп уақыт күттірмей, яғни 3 маусым күні таңертең хатқа жауап келді. Онда Нияз Әли датқа асықпай ойланып, дұрыс шешім қабылдауға екі жұма, мұрша берулерін өтініпті. Оның ойынша, осы уақыттың ішінде Ташкенттен оны қолдайтын, қорғайтын қоқандық сарбаздар келіп жетеді деп жобалаған болатын-ды. Әрине, полковник М.Черняевтің қоластындағы жасақтың офицерлері мен солдаттары, қала басшысы Нияз Әли датқа, Қоқан мемлекетінің жетекшілері де қарапайым халықты қырғынға ұшырататын қантөгісті қолдамады, барлығы бейбіт жағдайда шешілу керек деген ойда болды. Солай, талап бейбіт жағдайда шешілуі үшін Шоқан да бар мүмкіншілігін жұмсады, өзі парламантерлар құрамында Әулиеата қамалына қақпадан еніп, қала бегімен бетпе-бет әңгімелесіп, оқ-дәрісі мен қару-жарағы шектеулі жергілікті халықты қырғынға ұшыратпауы үшін соғыссыз қаланы орыс әскери жасағына беруді жөн санады. Бірақ қала басшысы оған келісім бермей, қасарысып, шиеленіс ширығып, уақыт өткен сайын күрделене берді.
4 маусым күні, түн бойы сіркіреп жауған майда ақ жауынға қарамай, таңертеңгі сағат алтыда М.Черняевтің отряды буырқана аққан Талас өзенінен өтіп, Әулиеата қамалын шабуыл астына алды. Ауыр зеңбірек пен мылтық-винтовкалармен қаруланған әскерге қарсы тұру Әулиеата қорғаушылары үшін жеңіл жұмыс емес еді. Бораған оқ астында қалған Әулиеата қамалының тұрғындары қолдарынан келгенше қасарысып, озбыр орыс әскерлеріне қарсы тұра білді. Бірақ, қарсы келер қауқар, күресіп-айқасар күш тең емес еді. Шамалы сағатта Әулиеата қамалы өрт-жалынға оранып, сансыз үйлер қирап, жүздеген адам оққа ұшты. Қала тұрғындары арасында үрей мен қорқыныш орын алды. Нияз Әли датқа өзінің 400-ден астам атты сарбаздарымен қамалдың теріс жағындағы қақпа арқылы сытылып шығып, ел-жұртын тастап, бас сауғалап қашып кетуге мәжбүр болды. Қаруы жоқ біраз сарбаздар қала тұрғындарына араласып, жоқ болып кетті. Орыс әскерлері жергілікті тұрғындарды басып-көктеп, аяусыз жаншып-таптап Әулиеата қамалын қантөгіс соғыспен басып кірді. Тарихи мәліметтер бойынша, сол күні қамалдағы 307 адам оққа ұшып, 390 адам әртүрлі жарақат алып, 341 сарбаз тұтқынға алыныпты. Ал, орыс солдаттарынан бар болғаны 5 адам жарақатты болыпты.
Оққа ұшып, қанға бөккен қарапайым халықты, аяусыз қиратылған қаланы, шаңырағы ортаға түскен үйлерді, ботадай боздаған әйелдерді, қасіретке душар болған қауқарсыз қарттар мен жас балалардың көз жасын, от-жалынға шарпылып, күйген бесікте ащы түтінге тұншығып, шырылдаған сәбилерді көрген Шоқанның жүрегі езіліп, жаны қысылып, жүзі түтігіп өзінің мына шексіз жүгенсіздікке, озбырлыққа қарсы екенін М.Черняевқа ашық айтып, бұдан былай мұндай сорақы жорықтан мүлдем бас тартатынын білдіріп, рапорт жазып, өз еркімен әскер қатарынан кетеді. Верныйға оралғаннан кейін орыс әскерлерінің жергілікті ұлтқа деген қиянатына қатты налып, қапаланып, бүк түсіп жатып қалады.
Шоқанның әскерден кетуіне басты себеп осы болғаны жайлы оның сыныптас, сырлас жақын досы, орыс зерттеуші-ғалымы, атақты жиһанкез Г.Н.Потанин өзінің естеліктерінде жасырмай ашық жазады. Ол пікір шындыққа жанасады. Мысалы, ол туралы белгілі қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов былай деп баяндайды: «1864 жылы көптен көрмеген ең жақсы досы Г.П.Потанинмен кездескенде баяғыдай құшақтасып сүйіспей, «Ғафу ет, мен бүлініп бара жатырмын» деп жәй ғана қол алысыпты. Шоқанның өкпе ауруы асқынған екен деп Потанин ойласа, Шоқан ақырын ғана: «Суық тиіп, ұшық шықты» депті. Сонда Г.Н.Потанин: «Байқап сөйлесейші адамды шошытпай. Әлбетте билік бүлінеді, не билікке қарсы халық бүлінеді» десе, Шоқан: «Менде екеуі де бар» деп шартпа-шұрт жауап беріпті. Аз ғана әзілде қаншама зор мағына жатыр, біздің билік те бүлінген, халық та іштей наразы, бүліне бастады демек ойды реті келгенде аз ғана әзілге сыйғызған» («Қазақ әдебиеті», 20.08.2010).
Жалпы, Шоқанды «шоқынған» деушілер оның Ресейге қызмет еткенін, барлаушылық жұмыста болғанын айтады деп ойлаймын. Бірақ, бәрібір ол ең бірінші кезекке ұлтының мүддесін қойған. Сол себепті Шоқан ақырында Черняев жасағынан да кетеді. Әскери адам ретінде бұл әрекеті үшін ол, негізі, сотталуы керек болатын. Бірақ бұрынғы еңбектері ескерілгендіктен болар, соңына түсіп, қудалаған ешкім болмайды.
Сол жылы күздің бірінші айының 22-сі күні М.Черняевтің әскери отряды Шымкент қаласына басып кірді, ал полковник Веревкин басқарған топ Түркістан қаласына енді. Сөйтіп, 1864 жылдың күзінде генерал-мойор М.Черняевтің әскери жасағы Қазақстанның оңтүстік аймағын Ресейге қосу операциясын ойдағыдай аяқтады. Сол уақыттан бастап Әулиеата (қазіргі Тараз) шаһары Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысының құрамына кірді.
1864 жылғы «Түркістан жорығы» оның Әулиеатаға сапары, бүгінде қазақтың мақтанышына айналған, құйрықты жұлдыздай көкте ағып өткен дарынды ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өміріндегі соңғы әскери жорығы әрі зерттеу сапары болды.
Верный қаласына оралған Шоқан одан әрі әскери қызметтен мүлдем бас тартып, денсаулығының нашарлай бастағанын сылтау етіп, болашақтағы қатерді сезіп, ауасы таза, жері шұрайлы, суы шипалы жер жаннаты Жетісу өңірінің сол кездегі беделді азаматы Тезек Нұралыұлы сұлтанның ауылына күзге қарай қоныс аударады. Тезек төре ауылына әбден шаршап, шалдығып, қажып, ауырып келген Шоқанға жағдай жасап, тынығып-демалуын қадағалайды. Кейінірек, өзінің қолында өскен, бірақ ағасы Көшен төренің қызы Айсараға үйлендіріп, ұлан-асыр той жасап, жастарға бөлек отау тігіп береді. Бірақ, ауыр өкпе ауруынан айыға алмаған Шоқанның денсаулығы бірте-бірте нашарлап, ол сол дертінің асқынуынан 1865 жылы 4 сәуірде (базбір мәліметтерде 10 сәуірде) Алтынемел өңіріндегі Көшентоған (базбір мәліметтерде қазіргі Шанханай) мекенінде (қазіргі Кербұлақ ауданындағы Алтынемелге таяу елді мекен) отыз жасында көз жұмады да сол жерге жерленеді. Сөйтіп, Алаштың ұлы ғалымы мәңгілік тыныштықты Жетісу жерінен тапты.
Ғалымның зираты басына Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфманның тапсыруымен мрамор тастан биік ескерткіш орнатылды. Онда «Бұл араға 1865 жылы қайтыс болған штабс-ротмистр Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов жерленген. Түркістан ген.-губернаторы К.П.Кауфманның тілегі бойынша Уәлихановтың ғылымға сіңірген еңбегі үшін, осы ескерткішті 1881 жылы ген.-лейтенант Колпаковский қойған», – деп жазылған.
Тағдырдың тәлкегіне түскен қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Шыңғысұлы аз ғана ғұмырында этнография және географиямен, тарих пен фольклорлық зерттеулермен, суретшілік өнерімен айналысып, аса құнды академиялық еңбектер жазып, артына мол ғылыми мұра қалдырды. Қазақ ғалымының еңбектері ХІХ ғасырдың әр жылдарында Ресейдің ғылыми журналдары мен жинақтарында, 1862 жылы Германияда, 1865 жылы Англияда жарық көрген. Оның өмірі мен артында қалдырған бағалы еңбектері соңғы кезге дейін зерттелуде. Шоқанның ғылыми еңбектері мен жолжазбалары жинақталып, сараланып, Қазақ ғылым академиясының қолдауымен 1983-1985 жылдары 5 томдық кітап болып ғалымның 150 жылдығына Алматыдағы баспадан шықты. Ұлы ғалымның өмірі мен еңбектерін зерттеп, жинауға қазақтың белгілі ғалым-этнографы Әлкей Марғұлан көп еңбек сіңірді. Сол азаматтың қолдауымен жоғарыда келтірілген Шоқанның еңбектері ғылыми жүйеге келтіріліп, еңбектері көптомдық болып жарық көрді. Әлі де ғалымның біраз еңбектері түбегейлі зерттеуді күтіп, көпшілікке жетпей отырғанын айта кеткеніміз жөн. Уақыт келе олар да зерттеліп, сарапталып көпшілікпен қауышар деген ойдамыз.
Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов Шоқан Уәлиханов туралы тебірене келіп: «Мына жалғанда бар-жоғы отыз жылға жетер-жетпес өмір сүріп, шығыстану ғылымында қопара еңбек еткен мұндай тұлғаның дүниеде болғанына тіпті сенбейтін тәріздімін...», – депті. Ия, расында да, таңғалмасқа болмайды, Шоқан аз ғұмырында артына өшпес мұра қалдырды. Оның жазбаларындағы Ұлы даланы мекендеген қазақ халқының әдеп-ғұрып, тыныс-тіршілігі жайлы жазылған дүниелері алтынға бергісіз баға жетпес құнды, сүбелі, шоқтығы биік еңбектер. Бір ғана «Шамандықтың қалдықтары» еңбегінің өзінен көп нәрсені көңілге түюге болады. Түркілердің батырлық эпостарын да (мысалы, қырғыздың «Манасын», қазақтың «Едігесін» алыңыз) алғаш әлемге танытқан Шоқан болатын. Сондықтан, ғалымның қаламынан шыққан еңбектерінің тарихи құндылығына, сірә, ешкім дау айта алмас.
1904 жылы Ресейдің география қауымдастығы Шоқан Уәлихановтың жеке кітабын басып шығарды, оның алғысөзін жазған академик Н.И.Веселовский былай деп толғанады: «Как блестящий метеор, промелькнул над нивой востоковедения потомок казахских ханов и в то же время офицер русской армии Чокан Чингизович Валиханов. Русские ориенталисты единогласно признали в лице его феноменальное явление и ожидали от него великих и важных откровений о судьбе тюркских народов, но преждевременная кончина Чокана лишила нас этих надежд...».
Шоқан мұрасы әлі толық зерттеліп бітпегенін біз жоғарыда атап өттік. Жалпы, оның қазақ халқының тарихын, діни наным-сенімдерін, этнографиясын, хандары мен батырларын, өлең-жырларын, аңыз-әңгімелерін, шежіре мен ауыз әдебиетін жазған ғылыми еңбектері қазіргі тарихшылар мен әдебиетшілерге әлі де үлгі. Оның өмірі, тағдыры соңғы кезге дейін жұмбақ десек, қателеспейміз. Ол туралы көпшілік арасында қайшылықты пікір көп. Солардың бірі – ШоқанУәлиханов құрт аруынан көз жұмды ма, әлде орыс шовинистерінің нұсқауымен қастандық жасалды ма? Мүмкіншілік бола тұра оны неге туған атамекеніне (Көкшетау өңіріндегі Аманқарағай округіндегі Құсмұрынға) апарып жерлемей, қайынжұртының елінде жерледі? Екінші сұрақ – ол өз дінін айырбастап, Ресейдің тыңшысы болып қызмет етті ме?.. Ойлап отырсақ, оның төңірегінде осы сияқты сұрақ аз емес. Десек те, Шоқан Уәлиханов өз заманының ерекше дара тұлға екенін мойындауымыз керек. Шоқан қайда, қалай жүрсе де өз халқын, қазақ ұлтын, туған елін естен еш шығарған емес. Өзінің бір жазбасында: «Мен ең алдымен өз халқымды сүйемін, содан соң Россияны, содан соң бүкіл әлемді...» дейді ағартушы-ғалым, демократ. «Я прежде всего...», «Мен ең алдымен...» деген сөздері өз еліне, өз халқына, өз қазағына ерекше құрмет көрсеткені емес пе?! Бұл – табиғат сыйлаған сирек дарын иесінің туған халқына деген асыл сезімінің ұшқыны, патриоттық сезімі емес пе? Халқының болашағын ойлап шарқ ұрған, тынымсыз көңіл алаңдауы үлкен жүректі азаматқа тән қасиет емес пе?
Шоқан халқының ауыр күйзеліске толы өмірін көріп, жүрегі езіле, егіле жүріп, отқа қанатымен су сепкен қарлығаштай, қазақ халқына титтей болса да қолұшын беріп, қамқоршылық ниетінде жүрді. Тіпті, Ресейдің отаршыл озбыр саясатына қарсы болып, көз алдында Әулиеата шаһарында орын алған қантөгіске, қаланың мыңдаған қарапайым халқының (қауқарсыз қарттар, әйелдер мен жас балалар) аяусыз оқ астына алынғанына қапа болып, жаны күйзеліп, ызаға тұншығып, арыз-өтініш беріп, әскери қызметтен мүлдем отставкаға кетуі, одан әрі орыс армиясының майдан жорығынан бас тартуы оның ұлтжандылығының бір көрінісі емес пе?! Егер ол тек жеке өз басының қамын ойлап, өз дәрежесінің өсуін мақсат етіп, мансап пен шен-шекпенге қызықса одан әрі масайрап, отаршылар құрамында жүре бермес пе еді?
Шоқан Уәлиханов – қазақ мәдениетін әлемге танытқан, тарих, этнография және фольклор саласында зерттеулер жүргізген алғашқы кәсіби энциклопедист-ғалым. Ол саяхатшы, ағартушы, көрнекті шығыстанушы ретінде мойындалды. Қазіргі ұрпақ оны қазақтың жарық жұлдызы деп мақтаныш етеді.
.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді