«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Офицерлер отбасындағы ару

Офицерлер отбасындағы ару
Ашық дереккөз
Таңмен таласа оянып, жұмысқа асығып, күн ұясына кіргенде ошақ басына оралуды қалыпты тірлікке айналдырған нәзікжандылар үшін Қылмыстық-атқару жүйесінің қалыпсыз тіршілік дағдысы таңсықтау әлем екені рас. Өйткені, дәл осы саладағы тәулік бойы тыным таппайтын арулар көпшілікке беймәлімдеу түрлі тәртіп бұзушылықтардың алдын алып, өз қызметін дабыра-дабылсыз-ақ үнсіз атқарып үйренген. Мерейлі мереке қарсаңында құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқарған жандардың бірі, бүгінде құрметті зейнет демалысындағы Аймен Тайтелиевамен аз-кем тілдескен едік.

– Аймен Ақылбекқызы, сіздің қиындығы мол осы саланы таңдауыңызға не себеп болды? Ер мен әйел деп бөлінбейтін, талап пен тәртіп бәріне бірдей қойылатын бұл қызметке қалай келдіңіз?

– Мен офицерлер отбасында дүниеге келдім. Біздің үйдің балалары ес білгелі құқық қорғау органдарындағы қызмет, жұмыстағы қиындықтар мен сынақтар туралы естіп, біліп өсті. Өйткені, марқұм әкем Ақылбек те саналы ғұмырының 25 жылын осы салаға арнаған жан еді. Ол подполковник шенінде зейнетке шыққан. Ал, аяулы анам Кульбахира өмір бойы облыс бойынша ішкі істер департаментінің емханасында медбике болып қызмет атқарған. Өз басым 1997 жылы мектепті тәмамдаған соң, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Заңгер» мамандығына оқуға түстім. 2001 жылы қолыма диплом алып, облыстық ішкі істер департаментінде тағылымдамадан өттім. Бұдан кейін Ішкі істер министрлігінің өңірдегі алғашқы даярлық орталығында үш ай білім алып, облыстық ішкі істер департаментіне тергеуші болып жұмысқа орналастым. Міне, осылай құқық қорғау органдарындағы жұмысым басталды. 2007 жылдың маусым айында өңірлік Қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің кадр бөліміне жұмысқа қабылдандым. Бұл саладағы соңғы жұмыс орнымда аталған департаменттің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы болып қызмет атқардым.

– Отбасыңызда әкеңіздің жолын сізден өзге кім жалғастырды? Бірге туған бауырларыңыздың ішінде осы саланы таңдағандары бар ма?

– Өзімнен кейінгі інім Асхат та құқық қорғау саласынан алысқа кеткен жоқ. Ол облыстық полиция департаментінде қызмет атқаруда. Ал, сіңлім Айна экономист мамандығын таңдады. Бауырым қазіргі таңда облыс орталығындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының бас маманы. Есесіне, күйеубалам Асхат Сәрсенбаев ұзақ жылдар бойы ҚАЖ саласында тер төгіп, подполковник шенінде зейнетке шықты.

– Әрине, еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалдың қалыпты сақталуында нәзікжандылардың үлесі зор. Десе де, ер мен әйел деп бөлмей, бәріне бірдей талап қойылатын Ішкі істер саласында қызмет ету – екінің бірінің қолынан келмес шаруа. Осы ретте қиындығы мол саладағы қызмет еткен жылдарыңызды еске түсірсеңіз. Арнайы контингент өкілдерімен жұмыс істеуде нендей қиындыққа тап болдыңыз?

– ҚАЖ саласындағы соңғы қызметім – сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы. Шын мәнінде, бұл бөлімнің басты міндеті – сот үкімімен жазалы деп танылған жандардың «екі қолына бір күректің» табылуына ықпал ету. Себебі, сотты болғандарды жұмысқа орналастыру – олардың қайта қылмысқа баруының алдын алып, жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды өтеуге және жазасын өтеушілердің өз отбасына қаржылай көмектесуіне мүмкіндік береді. Міне, біз әріптестерімізбен бірге хал-қадірімізше осы бағытта жұмыс істедік. Сол кезеңде өңірдегі үш мыңнан аса сотталған азаматтардың бір мыңға жуығы жұмыспен қамтылды. Бүгінгі таңда да дәл осы жұмыстар өз жалғасын тауып жатқанына бек сенімдімін. Өйткені, құқық қорғау саласына ең бірінші өзінің емес, өзгенің тағдырына қаттырақ алаңдайтын жандар келеді. Ал, олар күнделікті жұмыс барысында түрлі тағдырлар мен сан алуан мінезді адамдардың «еркелігін» көтеріп, түгесілгелі тұрған төзімін ашуға бермей, сабырға жеңдіруге машықтанған. Себебі, қызметтік этика соны талап етеді. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысы ғана емес, армандары да ортақ. Ол – Отанға адал қызмет ету.

– Айтулы мереке қарсаңында аяулы аналар мен аруларға арналған ізгі тілегіңіз болса...

– Құдайдан кейінгі құдірет иесі – Ана. Әйел – тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да – әйел-аналар қауымы. Әулиеата өңірінің аяулы аналары мен аруларын көрікті көктемнің көркем мерекесімен шын жүрегіммен құттықтай отырып, әрбір қыз баласына зор денсаулық, мол бақыт тілеймін. Әрбір шаңырақ шаттыққа толып, қуаныш көбейсін. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар