
Бүгінде жамбылдық іскер әйелдерді бір арнаға тоғыстырып, бірлесіп ел игілігіне арналған істерді атқарып жүрген Меруерт Лештаева жеке өзі де талай жанға шарапаты тиіп, баспанасыздарға баспана сыйлаған қайырымдылықтары айтылып та жүр. Ол осындай ізгі істерімен өзгелерге өнеге көрсетіп, қайырымдылық тек мұқтажға ғана емес, көмектесушіге де қуаныш сыйлайтынын дәледеп келеді.
Былтырғы көктемде Орал мен Ақтөбе өңірлерінде болған су тасқынына бейжай қарамай, ондағы ағайынға көмек беру мақсатында акция ұйымдастырған Әсел Жапарованың жанашырлық ісі де баршаға белгілі. Ол Тараз қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер. Өлең жолдарында айтылғандай, қыз деген – ана, бәлкім сондықтан да болар, қыз- келіншектер өзгенікі демей, барлық балаға өзінікіндей мейірленеді. Әсел Әбілханқызының да кәсіпкерлігі бақытты балалыққа құрылған. Оның өз өңіріміздегі «Айшатай» бөбекжай- бақшасы бүлдіршіндердің игілігіне қызмет көрсетсе, Астана қаласындағы «ALASH» бала дамыту орталығы өспірім жеткіншектердің жан-жақты дамып, өсуіне жұмыс істеуде. Сонымен қатар, «SERT-INFORM» ақпараттық агенттігінің директоры.
– Қайырымдылық – адамгершіліктің ең жарқын көрінісі, бұл бір-біріне көмектесу арқылы қоғамды нығайтуға, қиын сәттерде қолдау көрсетуге бағытталған әрекет. Әрбір қайырымды іс адамның жүрегіндегі мейірімділік пен жанашырлық сезімінен туындайды. Мұндай істер тек мұқтаж жандардың өмірін жақсартып қана қоймай, көмек қолын созған адамдардың да рухани баюына септігін тигізеді. Өткен жылы біз Екібастұз қаласына көмек ретінде арнайы қайырымдылық акциясын ұйымдастырдық. Қаладағы жағдай қиындап, көптеген отбасыларға материалдық көмек қажет болды. Сол кезде біз арнайы қаражат жинауды қолға алып, жиналған қаржыны мұқтаж отбасыларға жібердік. Мұндай көмек олардың қиын кезеңді еңсеруіне қолдау болып қана қоймай, қоғамның олармен бірге екенін сезінуге мүмкіндік берді. Қиын жағдайда жалғыз қалмағандарын сезіндіру үшін көмек көрсетуге бел будық. Су тасқынынан ең қатты зардап шеккен аймақтар Орал, Ақтөбе және Қобда аудандары болды. Көмек көрсету мақсатында арнайы қаражат жинау акциясын ұйымдастырып, көпшілікті сауапты іске атсалысуға шақырдық. Жиналған қаражатқа азық-түлік, киім-кешек, алғашқы көмек көрсету құралдарын, қайықтарды, күректерді және қажет болған басқа да заттарды сатып алдық. Алынған бұйымдардың барлығын арнайы фураларға тиеп, көмек қажет жерлерге жеткіздік. Біз Қобдаға дейін барып, жағдайды өз көзімізбен көрдік. Мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қажет заттарды өз қолымызбен тараттық. Мұндай іс-шаралар тек материалдық көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Бұл адамдардың бір-біріне деген жанашырлығын, адамгершілігін көрсетудің жолы. Қиындыққа тап болған жандардың алғысын есту, олардың қуанышты жүздерін көру – қайырымдылық жасаудың басты сыйы. Бұл біздің қоғамның бірлігін, мейірімділігін, өзара түсіністігін нығайтады, – дейді Әсел Жапарова.
Осындай сауапты іске жаны жақын жамбылдық арудың бірі – Жанар Бүркітбаева. Ол облыстық мәслихаттың депутаты, жеке кәсіпкер ретінде қарапайым жұрттың ортасында жүріп, талайдың мұңын тыңдап, жылағанның жасын сүртіп жүрген мейірімді жан.
– «Жақсылық жасасаң, оны бірден ұмыт» және «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген халқымыздың нақыл сөзі – менің қайырымдылыққа байланысты өмірлік ұстанымым. Сайлаушылармен өтетін кездесулер мен Amanat партиясының қоғамдық қабылдауы кезінде өңіріміздің тұрғындары өздерін алаңдататын мәселелермен қатар жеке жағдайларын да айтып келеді. Жұмысқа тұру, заң аясында кеңес алу, тұрғын үй мен жер кезегі, емделу және басқа да осындай көптеген мәселелермен келген әрбір азаматқа көңіл бөліп, қолымнан келгенше заң шеңберінде қолдау білдіріп, мәселесінің оң шешімін табуына ықпал етуге тырысамын. Әрине, өмір болған соң әртүрлі жағдайлар кездеседі. Жеке шаруаларымен көмек сұрайтын кісілер өте көп. Осы жерде бір айта кететін мәселе, депутаттың басты міндеті – халықтың мәселесін шешуге заң шеңберінде ықпал ету, түйткілді мәселелерді билікке жеткізіп, мінберлер мен депутаттық сауалдар арқылы көтеру. Дегенмен, халқымыздың қанында бар мейірімділік пен қайырымдылық маған да тән, сондықтан қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Қайырымдылық депутат немесе кәсіпкер болғандықтан емес, ниет пен пейілге байланысты, – дейді ол.
Жеке кәсіпкер ретінде 2004 жылдан бастап еңбек етіп келе жатқан Жанар Қасымбайқызының бұл салада жиырма жылдан аса тәжірибесі бар. Кәсібінің басты бағыты – мейрамхана бизнесі. Бұл салада 90 пайыз әйелдер еңбек етеді.
– Жұмысың жақсы жүруі үшін ең алдымен қарамағыңдағы қызметкерлердің алаңдамай еңбек етуіне жағдай жасау керек. Өз басым әрдайым қызметкерлерімнің жағдайын сұрап, қиналған кезінде қол үшін беруге тырысамын, себебі көңілі басқа жақта болған, отбасы мәселесіне, қарызға, денсаулығына алаңдаған жұмысшының эмоцияналды жағдайы жұмысқа, оның сапасына әсер етпей қоймайды. Менімен бірге 10-15 жылдан аса уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан ұжымым бар. Бір- бірімізді қолдап отырамыз. Осының өзі менің қызметкерлеріме деген қамқорлығымды, ал қызметкерлерімнің маған деген адалдығының көрсеткіші деп ойлаймын. Жыл сайын облыс мәслихатындағы әріптестермен бірге орталық мешітте ауызашар береміз. Бұйырса биыл да бұл дәстүр жалғасын табады. Садақа шын көңілмен берілсе, сауапты істің қайтарымы болары сөзсіз, ол бүгін болмағанымен болашақта балаларымыздың алдынан шығады. Мұны өз тәжірибемде көріп те жүрмін. Садақа тек материалдық көмек емес, риясыз ниетпен жасаған әрбір ізгі амал мен жақсылықты садақа деуге болады. Тіпті, «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, жақсы сөздің өзі – садақа. Баршаны садақа мен жақсылықты тек Рамазан айында емес, жыл он екі ай бір-бірімізге мейірімді болып, жақсылық жасауға шақырамын, – дейді Жанар Бүркітбаева.
Жан жылуы бар жерге жақсылық та үйір. Қыз баласын, аналарды сұлу етіп тұратын да – қос жанарынан төгілген мейірім мен жүзіндегі ұяңдық. Отбасының алтын діңгегі болған нәзікжандыларды осы болмысынан айырмасын!
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Пернайым Сағымбекқызы– 80 жаста!
- 13 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді