
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын бағдарлама ауыл бизнесін қолдауға, бірегей жергілікті тауарлар жасауға және ауыл тұрғындарын нарықта сертификатталған және сұранысқа ие өнім өндіріп, кәсіпке тартуға бағытталған. Аталған жоба ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары Жапонияда басталу алған. Сол кезеңде күншығыс елінің елді мекен тұрғындары немесе белді бір кәсіпкері бәсекеге қабілетті бір өнім жасап, соны ішкі нарыққа шығаратын. Сол арқылы табысқа кенеліп әрі бизнес саласының қыр-сырына қанығатын. Осылайша, жапондықтар кәсіпкерлікке дағдыланып, халқының әлеуетінің күшеюіне жағдай жасайды. Қазіргі таңда бұл жоба әлемнің 30-дан астам елінде жүзеге асырылып келеді. Ал елімізде аталған жоба 2021 жылдан бастап енгізіліп, 2022 жылдан бері бастамаға Ұлттық экономика министрлігі қолдау көрсетіп келеді. Соған сәйкес, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жоба аясында өңірлерде іс-шаралер ұйымдастырып, жәрмеңкелердің өтуіне мұрындық болу міндеті жүктелген. «Бір ауыл – бір өнім» бастамасына облыс әкімдігі мен іскер әйелдер кеңесі де тиісті дәрежеде қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, өткен жылы облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының «Гранттық қаржыландыру» құралы бойынша 21 миллион теңгеге 6 жоба қаржыландырылса, оның ішінде 4 кәсіпкер «Бір ауыл-бір өнім» көрмесінің финалистері болған.
Олардың қатарында кәсібін ашып, табыс тауып отырған нәзікжандылар да бар. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы финалистерінің бірі – сарысулық Жанбота Нұғыманова бүгінде тау шөбінен шәй дайындап, көкөністерден емдік қасиеті бар ас-сусын әзірлеп, кәсібін дөңгелетіп отыр.
– Бала кезімізде ата-анамыздың шөпшай демдеп ішетіндерін көріп өскендіктен, есейгенде өзім де балаларыма қажетті түрлерін дайындайтын болдым. Аудандағы кәсіпкер арулармен араласа жүріп, олар менің шөпшайымнан дәм татып көріп, осы шаруамен түбегейлі айналыссам, бизнес көзіне айналдыруыма болатынын айтып, жаңа іс бастауыма Іскер әйелдер кеңесі қолдау көрсетті. Осылайша, кәсіпті жүргізу бойынша тренинг, семинарларға қатысып, кеңес алдым. Адам ағзасына пайдалы шөпшайды көне әдіспен әзірлеу де тартымды бизнес түрі бола алады екен. Оған қызығушылық танытқандар да табылды. Ақыры бел буып, осыдан екі жыл бұрын жеке кәсібімді бастадым, – дейді Жанбота Нұғыманова.
Негізгі мамандығы мұғалім болғанымен, қазір шөптер мен көкөністердің құрамын зерттеп, соған қарай пайдалы ас-су дайындауды кәсіп еткен Жанбота білгенін ары қарай дамыту үшін бүгінде Қазақ тағамтану академиясымен байланыс орнатқан.
– Қажетті шөптерді үш аймақтан, атап айтқанда Сарысу, Ақыртөбе және Түркістан тауларынан жинаймын. Әр шөптің өзіндік қасиетіне қарай тұқым шашқанда теріп аламыз. Ісімді ілгерілендіру үшін осы салада көп ізденемін. Еліміздің денсаулық сақтау саласының майталманы атанып кеткен Төрегелді Шарманұлымен де кеңесіп, ақпараттар алып отырамын. Академиктен қазіргі уақытта халыққа өте керекті шөпшайларды әзірлеудің тәсілін сұрап тұрамын, – дейді кәсіпкер.
Жобаның тағы бір финалисті Жадыра Егеубаева болса елімізде көп кездесе бермейтін сусабын өндірісін қолға алған.
– Біз Тараз қаласында табиғи шашқа арналған қатты сусабындар, емдік иіс сабындар, кір сабындар, асыл майлардан жасалған ерінге арналған бальзам жасаймыз. Географиялық шығу орнына байланысы көпшіліктің дауыс беруімен бренд аты «Тараз эко өнімі» деп аталды. Қазіргі кезде барлық өнімдер шетелден келетіндіктен, еліміздегі аталған өндірісті дамыту қажеттігі бар. Осы мақсатта шетелдік өнімдермен бәсекеге қабілетті табиғи сапалы өнім шығару ертеден ойымда жүрген болатын. Өз мамандығым хим-биолог болғандықтан, халыққа күнделікті қажетті осындай өнімдерді шығаруды жөн көрдім. Бұған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының тигізген ықпалы зор дейді, – Жадыра Жанаралқызы.
Айта кетсек, облыс әкімі мен бизнес-қауымдастығының кеңейтілген кездесуі шеңберінде өткен жылдың қыркүйек айында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушылары үшін жыл сайынғы көрме ұйымдастырылып, оған 100-ге жуық қатысушы қатысқан болатын. Көрмеден кейін 3 жоба финалистері анықталып, жоба қатысушыларын өндірістік процесті жетілдіру, өнімді сертификаттау, маркетингтік қолдау көрсету бойынша оқыту және сүйемелдеу мақсатында Тараз өңірлік университеті мен Шерхан Муртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Бүгінгі таңда осы меморандумдар шеңберінде облыстық Кәсіпкерлер палатасымен бірге оқыту бағдарламалары мен жоспарлары дайындалып, биылғы жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірленуде.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді