«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақылшы аға, тілектес азамат

Ақылшы аға, тілектес азамат
Ашық дереккөз
2012 жылдың ақпан айында Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев мені Жуалы ауданының әкімі қызметіне тағайындады. Бұған дейін де бірнеше ауданда әкім болып жұмыс істегендіктен де өмірлік жинаған тәжірибем бар, әсіресе үлкен ел ағаларына әркезде жақын жүріп, ақыл-кеңестерін тыңдап, керек жерін басшылыққа алып жүретінмін. Жуалы ауданындағы қызметімнің барысында елге қызмет жасаған, өмірлік тәжірибелері бар, ардагер ағалармен танысып, ол кісілердің басын қосып, оларға әдеттегідей жақындау жүрдім.

Жуалы ауданына әкім болып келгеніме екі ай болғанда бір күні аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратайұлы бастаған бір топ қария кабинетіме арнайы келді. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін бұлай келуінің себебін түсіндірді. Әңгімесінен ұққаным, он тоғызыншы ғасырдың аяқ жағына қарай өңірде билік құрған Рысбекұлы Батырбек датқаның атын Күреңбел ауылына беру туралы ұсыныс. Қариялардың сөзін мұқият тыңдай келіп, «Жақсы, бұл мәселені ақылдасып, зерделеп көрейік», – деп ел ағаларын шығарып салдым.

Осы кездесуден кейін ел тізгінін ұстап, әділ билік құрған Батырбек датқаның өмір жолымен танысып, біраз дүниелерді ақтарып, қарап шықтым. Қоқан хандығына қарсы шыққан Батырбек датқа орыстарды да мойындамаған екен. Аудан орталығынан Қошқарата ауылына апаратын жолдың бойында «Датқаның сазы» деген жер бар екенін де біліп алдым. Онда қариялар сөз еткен тарихи тұлғаның жерленген жерін біліп, арнайы іздеп бардым. Қарасам «Бағыттау белгісінде» Батырбек датқа Рысбекұлының туған және қайтыс болған жылы жазылыпты. Сонда бара жатып ауыл имамын ала шыққам, мазар басында әруақтар рухына Құран оқытып, дұға етіп, баба рухына тағзым еттім. Ертеректе қыштан жасалған кесенесі болған деседі. Осы жерде жерленген екен. Жол бойындағы «Бағыттаушы белгіден» басқа, басында ешқандай белгі қойылмаған. Ертеңіне Жарас Мұратайұлына жолығып: «Сіздер Датқаға ауыл атын сұрайсыздар, ал баба басында ешқандай белгі жоқ. Сіздерде қор бар, бірінші шаруа Алла орайын келтірсе өз жөнімен, өз ретімен реттелер», – дедім.

Бұл сөзім ол кісіні қатты қуантып тастады. Сөйтіп, Алланың қалауымен іске кірістік. Тарих беттерін парақтау барысында білімді, іскер азаматтарды топтастырған едік, қолымызға бұрын белгісіз болып келген біршама тың құжаттар түсті. Ал арнайы қорға біршама қаржы түсіп, ойға алған жұмысты жүзеге асыратындай мүмкіндік туды. Бір атап өтерлігі, бұл істің басы-қасында Жарас Мұратай аға жүрді.

Көп ұзамай еңселі кесененің құрылыс жұмысы басталып кетті. Бір айдың ішінде Самарқанның қызыл кірпіші жеткізілді, кесене тұрғызудан мол тәжірибесі бар құрылысшыларды Өзбекстан Республикасынан алдырдық. Ел ықыласымен басталған іс көп ұзамай тез аяқталды. Жаңа, еңселі кесене «Датқаның сазында» жарқырап, төбесі күнге шағылысып, бой көтерді. Сондағы Жақаңның қуанғанын көрсеңіз. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Балаша қуанып, маған алғысын жаудырып, «Батеке, мың рахмет, кесене керемет болып салынды» деп ризашылығын жеткізді.

– Жақа, қазақ: «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» деген, енді Датқаның атқа мінген ескерткішін орнатайық», – дедім.

Сөйтіп Жақаң екеуміз біршама жерді таңдап, қазіргі Батырбек датқаның ескерткіші тұрған жерге келіп тоқтадық.

– Жақа, сіздің бабаңызды, осы жерге, орнатсақ қалай болады, келісесіз бе? Мына «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының құрылысы бітеді, аудан орталығына кіретін жол мына тұстан өтеді, – дедім.

Сонда Жақаң тебіреніп кетіп:

– Осы шаруаны қолға алғаныма қанша жыл болды. Бір ілгері баспай, шешімін таппай-ақ қойған еді. Содан «болмайтын іс болды ғой деп» күдерімді үзіп қойып едім. Алла разы болсын, Батырбек інім, сен келдің де бәрін бір демде шешіп тастадың, – деді ықыласпен.

Батырбек датқа Рысбекұлы ірі, саяси тұлға. Ұлы жүз Бәйдібек бабадан Дулаттан, одан Шымыр, Ботбай, Жаныс және Сиқым болып төрт атаға бөлінеді. Сиқым руынан шыққан аса қастерлі, айтулы тұлға осы Батырбек датқа. Ел болған соң түрлі әңгіме болатыны белгілі. Әсіресе, өз ағайындарының арасында әртүрлі алып-қашпа әңгіме де жоқ емес. Расы, оның барлығы пендешіліктен болған қауесеттер. Шөже ақынның «Дулаттың болған панасы, Сиқымның болған данасы» деген үлкен поэмасы бар. Одан артық не айтуға болады.

Датқаның ат үстіндегі еңселі ескерткіші, барша әулиеаталықтардың мерейін үстем етті. Батырлар еліне барған сайын баба рухына тағзым етіп өтемін. Қандай да бір игілікті істі атқаруда менің қасымнан табылған Жарас Мұратайұлы, Естемес Аманбекұлы, Әбілқасым Ергебекұлы, Аманжол Дүрәліұлы, Сейітхан Шерелханұлы, Беспай Қансейітұлы бастаған ардагерлерге, әріптестерім Ерғали Өтемісұлы, Нарбай Әбілқасымұлы, Айбар Әділбақұлы сияқты азаматтарға әркез ризашылығымды білдіріп, қашанда рақметімді айтып отырамын.

Сонымен, Алланың қалауымен ауданда кесене тұрғызылып, ескерткіш бой көтерді. Оның ашылу салтанатына еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келді. Мерекелік іс-шара еңселі ескерткіштің басынан бастау алып, аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мәдениет үйінде Батырбек Рысбекұлы жайлы жазылған кітаптың тұсауы кесіліп, соңы ғылыми конференцияға ұласты. Бұл салтанатты жиынға республикаға белгілі абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметов, атақты хирург-кардиолог Сейтхан Жошыбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Абдуалы, филология ғылымының докторы, профессор Гүлтас Сайынқызы, Астана, Алматы, Шымкент және Тараз қалаларынан басқа да көптеген ғалымдар, жазушылар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Жоғары деңгейде өткен ауқымды іс-шарада жұрт, Батырбек датқаны жаңа қырынан жан-жақты тануына мүмкіндік туды. Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлтас Сайынқызы датқаның ұрпақтары болып келеді. Батырбек Рысбекұлының ұрпағы жалғыз Жуалыда емес, Астана, Алматы, Қызылорда, Әулиеата, Шымкент өңірлерінде, тіпті кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде.

Ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратайұлы өз ойын анық әрі ашық айтатын, ақкөңіл, халыққа сыйлы азамат. Батырбек датқаның басын көтеру, ескерткішін қою, кітап шығару, Датқаның ғылыми-конференциясының өтуіне де өзінің ақыл кеңесін беріп отырды. Датқаға қойылған ескерткішке қатты риза болып, «Айналайын, Батеке, сізге мың алғыс!», – деп үнемі ризашылығын айтып отырады.

Жалпы, Жарас Мұратайұлы ашқан қорға, одан бөлек демеушілерден қомақты қаржы түсіріліп, әр-түрлі көмектер жасалды. Соның бірі жоғарыда аталған Батырбек датқа ескерткішін және кесенесін салу болса, екіншісі Жуалының даңқты азаматтары Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртазаға жасалған қайырымдылықтар.

Қазақта «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген асыл сөз бар. Бүгінгі біздің тақырыбымыздың басты кейіпкері Жарас Мұратайұлы Жуалы ауданында дүниеге келген. Бұл жерді «Жұлдызы биік Жуалы» деп бекер айтпаған. Өйткені, халқы елу мыңнан сәл асатын ауылдан 13 генерал шыққан. Жуалы жері киелі өлке екенін мына қызықты деректен де байқауға болады: «Алғаш рет елімізде «Халық Қаһарманы» және «Еңбек Ері» атақтары 2008 жылы Президенттің Жарлығымен үш азаматқа берілді. Олар: Солтүстік Қазақстанда тұратын Зенченко Геннадий Иванович, Алматыда тұратын ардақты ұстаз Миразова Аягүл Төреқызы және сол кезде Талдықорған облысында тұратын генерал-лейтенант Ертаев Бақытжан. Осы үш азаматтың да туған жері Жуалы ауданы. Мұны ол кезде ешкім білмеген еді. Жуалының киелі ел, киелі жер екені осыдан да көрініп тұрған жоқ па?

Жарас Мұратайұлы ағамыз да осы Жуалы мақтан тұтатын асыл азаматтарының бірі де бірегейі. Ол кісі «Еңбек Ері» атағын алған жоқ, бірақ елге жасаған еңбегі зор екенін бәріміз білеміз. Бейбіткүл жеңгеміз екеуінің екі ұл, бір қыздан ұрпағы өсіп, немере мен шөбере көріп отырған асыл ағамыз бен жеңгеміздің дастарханы қай уақытта барсаң да жаюлы, ақ көңіл, пейілі мен ниеті бөлек кісілер.

Бүгінде тоқсан жасқа жақындап отырған ел ағасы Жарас Мұратайұлы ағамызға, бір Алладан денсаулық тілеп, өсіріп отырған ұл-қыздарының қызығын көрсін деген тілектеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы,

қоғам қайраткері

Ұқсас жаңалықтар