
Қазақ тарихында елінің мақтанышы, ұлтының ары мен намысы болған қайсар қыздар аз емес. Томирис ханшайымнан бастап, Домалақ ана, Айша бибі, Ұлжан мен Зере, Әлия мен Мәншүк сынды батырларымызға дейін барлығы да қазақ әйелінің ақылдылығын, даналығын, ержүректігін, қайсарлығын дәлелдеген тұлғалар. Бүгінгі қазақ арулары да осы даңқты жолды жалғастырып, әр салада үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Ғылымда, өнерде, спортта, кәсіпкерлікте, медицинада, мемлекеттік қызметте, қай бағытта болмасын, қазақ қыздарының жетістіктері мақтауға лайық. Қазақ аруы – тек сұлулық пен нәзіктіктің символы ғана емес, ол – ұлттың тірегі, рухани байлығы. Қай ғасырда да қазақтың намысын қорғаған, білімге ұмтылған, ұлттық құндылықтарды сақтаған, ертеңгі ұрпаққа тәрбие берген қыздарымыз елдің көркі болып қала бермек. Соның ішінде өз облысымыздан шыққан арулар – қазақ қыздарының қайсарлығы мен даналығының жарқын көрінісі. Топырағынан талай талант түлеген бұл өңірдің арулары сан саланың көшбасшысы атанып, елдің мақтанышына айналған. Жамбыл жерінен шыққан дара тұлғалардың қатарында – Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимова, қазақ поэзиясының ақ гүлі Күләш Ахметова, суретші Фатима Зауырбекова, әнші Бағдат Сәмединова, Бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері, әлем чемпионы Фируза Шарипова және көптеген басқа да жаны нәзік болса да рухы мықты арулар баршылық. Осындай аяулы арулардың жолын жалғап, әр саланың биігіне шығып, өзгеге үлгі болып жүрген қыз-келіншектер қыздар форумының басты қонақтары ретінде қатысты. Олар – ғылым мен өнерде, спорт пен медицинада, журналистика мен азаматтық қорғауда үлкен жетістіктерге жетіп, өз еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүр.
– Халқымыздың даналығында «Әке ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» деген сөз бар. Бір қолымен бесігін тербете отырып, екінші қолымен әлемді тербететін аналарымыз бала бойына тәлімнің алғашқы нәрін сіңіреді. Бүгінгі бүлдіршін қыз балаларымызға жаңа ұрпақты жалғастырып, ұлтты тәрбиелейтін ана деп қарасақ, адаспаймыз. «Анаға тағзым» орталығының да басты мұраты – жас қыздарымызды білімге жетелеп, бойына инабаттылықты сіңіріп, іскерлікке баулу. Қыздар форумында да біз осы мақсатты көздедік. Қазақ аруларының табысы – елдің табысы. Осы сияқты рухани іс-шаралар арқылы қыз баланың қоғамдағы орны айшықталып, олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашылады. Бұл форум – қазақ қыздарының әлеуетін арттырып, жаңа белестерге жетелейтін маңызды қадам болмақ. Форум арқылы қыз-келіншектердің кәсіби, рухани және мәдени дамуына қолдау көрсету, қазақ қыздарының жетістіктерін насихаттаумен жастарға үлгі болуды назарға алдық. Осы алқалы жиында қатысушылар жаңа идеяларымен және мүмкіндіктерімен алмасты, – дейді «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали.
Кеш қонақтарына арнайы сый-сияпат тарту етілді. Сонымен қатар, залдағы барлық ақ жаулықты аналарға дәстүрдің жалғасы ретінде орамал сыйға берілді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Шәмші әндерін шырқаған жас таланттар
- 13 сәуір, 2025
Лиро-эпостық жырлардың қолжазбаларын жинаған
- 13 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді