«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Берлинге дейін жеткен батыр

Берлинге дейін жеткен батыр
Ашық дереккөз
Кешегі ел басына күн туған сұрапыл жылдарда қолына қару алып, алғы шепте жүріп Отанын қорғаған ержүрек азаматтарымыз аз болған жоқ. Солардың бірі – қан майданға Шу ауданынан аттанған Қожым Сыпатаев болатын. Бұл күнде бақилық болған ақсақалдың майдан шебінде де, бейбіт еңбек шебінде де атқарған істерін шулықтар есінен шығарған емес. Жақында редакциямызға келген майдангердің кіші баласы Мүтәліп Қожымұлы әкесі жайлы естеліктерді кеңінен айтып берді.

Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы Қожым Сыпатайұлы қырық жаста екен. Отбасында екі қызға әке атанған кезі. Бірақ, ол Отанға қауіп төніп тұрған шақта азаматтың атқаратын ісі басқа екенін түсінді. Ол алғашқылардың бірі болып ұрыс даласына өзі сұранып аттанып, Белорус майданында Братченко басқарған әскери бөлімнің 1-батальонында жауға қарсы ұрыс салды. Белоруссия, Украина, Румыния елдерін жаудан азат ету жолындағы шайқастарда шулық жерлесіміз ерлікке толы істерімен дараланды. Сол жолда сан рет жараланып, аз ғана емдеу, таңу жағдайынан соң, жауға қарсы қайта ұмтылды. Себебі, ол жауды ертерек жеңіп, ауылдағы отбасына, перзенттерінің ортасына оралуды ойлады.

Қожым Сыпатаев майдан даласында жүріп бірнеше марапатқа ие болды. Ұрыс даласындағы ерлігі үшін 1943 жылы «Қызыл жұлдыз» орденін кеудесіне тақса, арада аз уақыт өткенде аталған орденмен екінші мәрте марапатталған. Мұның баршасы майданда жасаған ерлік істерінің өлшемі, батырлығына берілген лайық баға. Мұнан соң да «Үздік соғыс қызметі үшін» медалі, «Ұлы Отан соғысы үшін» ІІ дәрежелі орденімен марапатталған. Оның басқа да марапаттары жеткілікті. Ең бастысы, Берлинге дейін жетіп, Кеңес әскерлерінің қатарында Жеңісті аталған қалада тойлаған. Бір айта кетерлігі, Кеңес Одағын қуантқан 9 Мамыр – Жеңіс күні батырдың да туған күні болатын. 1945 жылдың соңында Қожым Сыпатаев туған жерге оралды.

Туған жерге келе сала еңбекке араласты. Соғыс жылдарында ауыл халқының тұрмысы қандай деңгейде болғаны белгілі. Қиналған елге күш беріп, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына тамшыдай үлес қосу үшін жұмысқа кірісіп кетті. Қан майданда ерлік көрсетіп қайтқан азаматқа ферма басшысы қызметі сеніп тапсырылды. «Өндіріс», «Амангелді» ұжымшарларында ферма меңгерушісі болып абыройлы еңбек етті. Кейінірек «Алға» кеңшарында тауарлы сүт фермасының меңгерушісі болып тер төкті. Әрине, ол уақытта қазіргідей зымырап тұрған техника аз. Кеңшар директоры, ферма меңгерушілері атпен жүреді. Малшыларды атпен аралайды. Оның үстіне сауын мәселесін ұйымдастыру, сауыншы әйелдердің жұмыстарын үйлестіру, сүттің жоспарын орындау оңай шаруа емес еді.

Аудандық партия комитетіне делегат болып, аудандық мінберден қарапайым еңбек адамдарының мүддесін қорғап, сөйлеп жүрді. Ауылдық кеңеске бірнеше жыл депутат болып, сайлаушылар аманатына құлақ түрді. Майдангер депутат ретіндегі абыройын көшелерге жол салдыруға, жарық тартуға, басқа да түйінді мәселелерді шешуге арнады.

Ол осынау күрделі ұйымдастырушылық жұмысты 21 жыл бойы абыройлы атқарып, 1966 жылы 65 жасында құрметті зейнет демалысына шыққан.

Ең бастысы – Алға ауылынының тұрғындары соғыс және еңбек ардагері Қожым Сыпатаевтың ерлігін, еңбегін ешқашан естен шығармайды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар