«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ аналарының қайсарлығы

Қазақ аналарының қайсарлығы
Ашық дереккөз
Қазақ атамыз «Бұл жарық әлем күннің нұрлы сәулесінен, ананың ақ сүтінен жаралған» деген аналарды ерекше құрметтеп. Аналарды қалай құрметтесек те жарасады. Аналар туралы нешебір ақындар керемет сырлы жыр жазып, сазгерлер әсем ән арнап, жазушылар сандаған қызықты романдар, хикаяттар жазып, қылқалам шеберлері өз суреттерінде аналар образын әсерлі өрнектеп, мүсіншілер нешебір ғажайып ескерткіштер орнатты. Соның айғағы – біздің сүйікті көне Тараз шаһарының орталығына 2021 жылы орнатылған «Анаға тағзым» ескерткіші. Асыл аналар құрметіне арналған осындай көрнекті ескерткіштер Ақтөбеде, Атыраудың Мақат пен Бейнеуінде, Қарағандының Қарқаралысында және тағы басқа жерлерде орнатылған. Бұл – көпшіліктің аналарға деген зор құрметі, халықтың анаға деген шексіз махаббаты.

...Кезекті демалыс күндерімнің бірінде біраздан бері жиналып қалған газеттерімді парақтап отырып «Егемен Қазақстан» газетінде журналист Бекен Қайратұлының «Тырналар жыры» атты жазбасы көзіме түсті. Ол мақалада Солтүстік Осетия- Алания Республикасының Алагир ауданына қарасты таулы қыратта орналасқан Дзуарикау атты ауылдан Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған Газдановтардың жеті ұлының бірде-бірі тірі оралмағаны жайлы жазылған болатын. Бұл қайғылы жайды көтере алмай қасірет- күйіктен анасы мен бір отбасы да жоқ болады. Кейін, біраз жылдар өткеннен соң, жерлестері бұл қайғылы оқиғаны мәңгі есте сақтау үшін 1963 жылы Дзуарикауда «Жеті бауырға ескерткіш» атты монумент қояды. Оның ұшар басына қанаттарын түйістіре биікке самғаған ақ тырналар мүсінделіп, ескерткіштің етегіне қайғы меңдеп қара жамылған ананың мұңлы бейнесі бейнеленген. Бірде Дзуарикауға жолы түскен дағыстандық атақты ақын Расул Гамзатов осы ескерткішті көріп, оның тарихымен танысып, жеті ұлдың қазасын жүрегімен сезініп «Тырналар» («Журавли») атты жыр жазады. Жырдың мәтіні өте әсерлі, жүрекке салмақ, көңілге мұң орнатады. Аталған жырды қазақтың көрнекті ақыны Сағи Жиенбаев біздің ана тілімізге аударады:

Кейде маған – қайтпай қалған майданнан,

Қайран ерлер – ерте үзілген гүлдердей.

Қабірде емес, сонау биік заңғарда

Аппақ-аппақ құс боп ұшып жүргендей.

Келеді ұшып өзге жердің көгімен,

Кешкі тұман арасында сабылып.

Келеді ұшып жұбын жазбай тобымен,

Жерде жүрген адамдардай ағылып...

Оны оқыған танымал әртіс, әнші Марк Бернес танымал композитор Ян Френкельге телефон шалып, дайын мәтінге ән шығаруды өтінеді. Досының ұсынысын қабыл алған Ян Абрамович көп уақыт өткізбей сырлы да ойлы ән шығарыпты. Марк Бернес ауыр, қатерлі дерттен көз жұмарға сегіз күн қалғанда, яғни 1969 жылдың 8 шілдесі күні қиналып жүрсе де ұлының сүйемелдеуімен дыбыс жазатын студияға барып, ол әнді таспаға түсіреді. Бұл танымал әншінің жаздырған ең соңғы әні болып тарихта қалды. «Тырналар» әні көп уақыт өтпей-ақ тыңдаушылардан қолдау тауып, халық арасына тез тарады. Ән кімді болмасын бейжай қалдырмайды.

Сәл кейінірек журналист Бекен Қайратұлы бұл тақырыпты жалғастырып, Украинадағы Черкасск облысының Корсунь-Шевченков ауданында Бровахи атты қыстақта өткен ғасырдың отызыншы жылдары Макар және Евдокия Лысенколар отбасы өмір сүргені және бұл ерлі- зайыптылардың үйелмелі-сүйелмелі 11 ұлы және 5 қызы болғаны жайлы жаза отырып оқырмандарға мына бір қызықты мәліметтерді жеткізеді. Сіздердің көңілдеріңізді енді соған аударайық.

Өткен тарихтан білетініміз, 1930 жылдардың басында біздің Қазақстан сияқты Украинаны да аштық жайлаған болатын. Лысенколардың он бір ұлының үлкені Евтух зұлмат жылдары кәсіп іздеп Киевке аттанады. Ол сол күйі өлі- тірісі белгісіз хабарсыз жоғалады. Ал, 16 баланың әкесі Макар 1933 жылы ішер асқа жарымай қиналған отбасын уайымдап, құсалықпен шейіт кетеді. Сөйтіп, жұттан аман қалған он ұл мен 5 қызын аналары Евдокия Даниловна әупірімдеп бағып- қағып, олар ептеп еңсе көтере бергенде бұрқ етіп соғыс басталады. Қызық болғанда жесір кемпірдің 10 ұлы: Хтодос, Петро, Иван, Василий, Михайло, Степан, Николай, Павло, Андрей мен Александр барлығы майданға аттанып, Тәңірдің қалауы, тағдырдың жазуымен түгелдей қан майданнан үйлеріне, отбасына аман-есен оралады. Бұл – таңғаларлық жағдай, еш тарихта болмаған оқиға! Он ұлын майданға аттандырып, амандығын тілеп үйдегі бес қызына пана болған Евдокия кейуананы соғыстан кейін үкімет Киевке шақырып «Батыр ана» орденімен марапаттайды. Жарықтық 1967 жылы 73 жасында бақилық болыпты. Сәл кейін, 1984 жылы Бровахи ауылына батыр ана Евдокия Даниловнаға арнап үкімет еңселі ескерткіш орнатады.

Бішкек-Ташкент автотрассасының бойында жол қарап тұрған – Ұлы Отан соғысында балаларынан айырылған барша аналардың құрметіне қойылған «Қара кемпір» ескерткіші тұр. Ұлы Жібек жолының бойында өмірі өкінішпен өткен ана майданға кеткен қос боздағының жолын тосып тұрғандай елес береді. Майданға, Ұлы Отан соғысына аман аттандырған ұлдарымен не тірі, не өлі қауыша алмай, күте-күте тасқа айналған ана!.. Бұл ескерткіш – жай ғана тарихи ескерткіш емес, ол – талайлы тағдыр, соғыс зардабының табы сақталған қасіретті белгі.

...Осы өңірдегі шағын Қызылсай ауылында Қали есімді ана болыпты. Ол Қосшықұл, Жексенқұл есімді ұлдарын өсіріп, енді келін түсіріп, қызығын көремін деп отырғанда соғыс басталып, екі ұлы бірдей Отан қорғауға аттаныпты. Жалғыз қалған Қали ана ұлдарының игілігіне деп жиған малын бағып, жол қараумен күн өткізген. Соғыс бітіп, Жеңіс Туы желбіреп, ең бастысы аман қалған азаматтар оралып, ел мәре-сәре қуанғанда Қали ананың көңіліне көктем, шаңырағына шаттық орнамапты. Өзгенің қуанышын қайтсін, өзінің өзегін жарып шыққан балапандарынан хабар болмағасын?! Сөйткен Қали ана, сол қалпында, алдында – малы, аузында – зары, өмірінің соңғы кезеңдеріне дейін Қызылсайды кезіп жүріпті де қойыпты. Кейде ауылдың шетіндегі төбеге шығып жол қарап отырады екен, ал кейде балапандарымның келгенін білмей қалдым ба деген оймен ауылды аралап, ұлдарын ұзақ іздейді екен жарықтық. Бертінде, өзге жұрт «Жеңістің пәлен жылдығы» деп дүркіретіп тойлап жатқан бейбіт күндерде де Қали ана үшін сұрапыл жылдардың бұлты арылмапты, ұлдарының соғыстан оралуын күтіп жүріпті…

Бұл қайғы дүйім елдің басына түссе де, емші – уақыт аздап ұмыттырса керек, Қали ананың қасіретін терең ұғынудан қалған жұрт оны «жынды кемпір» дейтін де болыпты. Бұл тарихты терең зерттегенше асығып, ел аузынан естігенім бойынша жазғандықтан қай жылы екенін дәл айта алмаймын, әйтеуір Қали әжей өзінің ескі тоқал тамында аянышты халде өмірден өтіпті.

Қали ананың тағдыры туралы әңгіме ел арасында тарап, белгілі ақын Жақсылық Сәтібеков «Қара кемпір» атты поэма жазды. Сол поэманың желісімен әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев жүректі сыздатып, санаңа салмақ салып, көпшіліктің көзіне ыстық жас келтіретін ән-толғау жазды. Сол «Қара кемпір» зарлы толғауы Жеңістің 40 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1984 жылы жарыққа шыққан болатын. Ал, ескерткіш 1993 жылы орнатылыпты, оның авторы мүсінші Болат Досжанов екен. «Қара кемпір» әнінің мәтіні де мұңлы әрі зарлы:

Сағындым Жексенқұлым, Қосшықұлым

Өзекті жарып шыққан қос шыбығым.

Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның,

Зарына құлағыңды тосшы бүгін.

Қара шаш аппақ бүгін қырау болды-ау,

Дүние шектігі жоқ сұрау болды-ау.

Әр күнім тойға арнаған малын бағып,

Әр түнім ағыл-тегіл жылау болды-ау.

Қали ана қасына жиналған балаларға өз мұңын шағып, майданға кеткен балаларын күнде еске алып, бір сәт арман-қиялға беріліп өзімен-өзі сөйлесіп кетеді екен, жарықтық. Ұлдарына деген мөлдір аналық махаббаты, ішін жарып шыққан перзенттеріне деген сезім-үміті демі таусылғанша, көзі жұмылғанша Қали анаға серік болыпты.

Екінші дүниежүзілік соғыста ұлдарын жоғалтып, оның зардабын татқан мыңдаған ананың бірі – Атыраудағы Қызылқоға ауданындағы Сәнді Деңгелбайқызы. Ол соғысқа аттанған жалғыз ұлын отыз жыл бойы күтумен болыпты. Оның Нәби атты ұлы мұнайшы болып еңбек етіп жүргенінде кенеттен соғыс оты бұрқ етіп, ел азаматтары Отан қорғауға аттанып жатты. Отыз жастағы Нәби Махамбетұлы қолында мұнайшы ретінде броны бола тұра майданға сұранып, өз еркімен 1942 жылдың 11 қыркүйегінде жаумен күресуге аттанады. Көп уақыт одан хабар болмай, тек 1943 жылдың соңына қарай анасының қолына «қара қағаз» тиеді. Жарықтық асыл ана жүрегі қайғылы бұл хабарға сенбей, отыз жыл бойы күн жібермей таяу Мақат стансасындағы теміржол вокзалына барып, «әне-міне, жалғызым келіп қалар» деп бүкіл қалған өмірін (1973 жылы 94 жасында көз жұмған) бауыр еті баласын зарыға күтумен өткізген екен. Жерлестерін бұл оқиға қатты толғандырады. Сөйтіп, 2020 жылы боздағын күткен анаға Мақат стансасының вокзалы алдына таяғына сүйеніп, көзін күннен көлегейлеп, теміржол бойына үмітпен қараған ескерткіш орнатылды. Ана бейнесін мүсінші Серік Мәтениязов жасаған.

...Қарағанды өңіріндегі Қарқаралы тасжолы бойында Арқаның қатал қысы мен аңызақ жазына, ақ қар, көк мұзына, ақ жауынына төтеп беріп, қазақ аналарының ұлығы – Қарқабат анаға қойылған ескерткіш тұр. Ол – қазақ даласындағы аналардың бар асыл қасиеттерін бір арнаға тоғыстырған тау тұлға. Аңыз бойынша, Қарқабат ананың кенже ұлы Болаткожа Қаракесек деп аталып кеткен.

Ұлысты ұйыстырып, руды ұйытқан ұлт анасы Қарқабатты білмейтін бірен-саран шығар бұл өңірде?! Кешегі Қаздауысты Қазыбек бидің арғы әжесі, әйел де болса ел анасы атанған батыр анаға осыдан біраз жыл бұрын қойылған көрнекті ескерткіш. Тастұғыр тоғыз жолдың торабында тоғысар қанша қазақ баласына рух беріп, ұрпақ сабақтастырары сөзсіз. Қарқабат ананың даналығы, өмір жолы мен бейнесі өскелең ұрпақ үшін үлгі болып ұзақ жылдар қала бермек. Себебі, ол – халық бірлігін, патриотизмді және парасаттылықты білдіретін нышандарының бірі. Атағы атан түйе шөктірер аруақты ана бұл күнде тек шежіре. Ел анасын көпшілік аса құрметтеп, тастан тұғыр қойды. Бұл да бір рухани баюдың белесі, әрине. Десек те, тағы бір қыры ескерткіштің бүгінгі аналарға өнеге екендігінде. Ана тарихын санаға сіңірген әйел қауымы қоғамдағы өз рөлінің маңызын ұғып, жалаң жарнамамен жанын былғамаса болғаны деген ойға кетесің. Бұл ескерткіш қазақтың бүкіл ана атаулыға арналған десек те болады.

Өткен жылдардың сұрапыл сәті, қасіретті кезеңі, қайғы көрген аналар мұңы ұлт жадында. Болмаған балалық шақ, орындалмаған арман, үзілген үміт, жарсыз өткен ғұмыр да соғыс дейтін зұлматтың кесірі. Өткен күн із-түзсіз кетпек емес, одан қалған белгі бар. Бір-біріне ұқсас тағдырлар қай қиырда да қайталанып жатты. Ал, тағдыр өлмес өнерге де, ерекше естелікке де өзек. Адам жанын от жылуымен жылытатын анаға арналған ән- жырлар, ескерткіштер кез келген жанның анаға деген құрметін асыра түсе бермек.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар