
Бұрын аталған бұзушылық үшін көлік жүргізу құқынан 3 жылға ғана айыру жазасы белгіленген. Заң талабын қайта бұзған азаматты 25 тәулікке қамауға алып, 9 жылға жүргізуші куәлігінен айыру қарастырылды. Міне, осы сияқты «аюға намаз үйреткендей» қатаң шаралар оң нәтижесін беріп, өткен жылы мас жүргізушілердің кінәсінен болған жол-көлік оқиғалар саны – 503-ке дейін, ал қаза тапқандар саны 68 адамға дейін азайған.
Әрине, осы оң үрдістің өзі де көңіл көншітпейді. Өйткені, айдың-күннің аманында маскүнем жүргізушінің кінәсінен қаза тауып жатқан адамдардың сыртында олардың отбасыларының айықпас қайғы-қасіреті тұр. Оның үстіне «ащы суды» сіміріп немесе есірткіге елітіп алып, рульге жармасатындар саны әлі де аз емес. Мәселен, өткен жылы осындай жол жүру ережесіне пысқырмайтын «батырлар» саны 239 болған. Бұл көрсеткіш бұрнағы жылғымен салыстырғанда 15,8 пайызға ғана азайған. Одан да сорақысы – көлік жүргізу құқынан айырылса да, мас күйінде көлік жүргізушілер қатары азаймақ түгіл, көбейіп кеткен. Нақтырақ айтқанда, олардың саны бұрнағы жылы 1 207 болса, былтыр 1 467-ге дейін ұлғайған. Яғни, өсім – 21,5 пайыз.
Масаң күйінде көлік жүргізіп ұсталған жүргізушілер қатары қалың өңірлер – Ақтөбе (71,4 пайыз), Маңғыстау (25 пайыз), Атырау (22,2 пайыз), Абай (15 пайыз), Солтүстік Қазақстан (14,3 пайыз), Алматы (9,1 пайыз) облыстары. Ал көлік жүргізу құқынан айырылғанына қарамастан, «ескі әніне басып», мас күйде рульге отырғандар Алматы (59,7 пайыз), Шымкент (28,9 пайыз), Астана (14,7 пайыз) қалаларында және Қарағанды (46,7 пайыз), Атырау (43,6 пайыз), Маңғыстау (43,4 пайыз), Алматы (41,2 пайыз), Шығыс Қазақстан (41,1 пайыз), Ақмола (37,2 пайыз), Ақтөбе (30,9 пайыз), Павлодар (26,3 пайыз), Батыс Қазақстан (24,5 пайыз), Ұлытау (17,6 пайыз), Түркістан (6,8 пайыз), Жетісу (6,5 пайыз), Абай (4 пайыз) облыстарында көбейе түскен.
Жоғарыда келтірілген дерек масаң күйінде көлік жүргізіп, отандастарымыздың өмірі мен денсаулығына елеулі қатер төндіретін жүргізушілер қатары әлі де қалың екенін аңғартады. Сондықтан, Парламент депутаттары мен Ішкі істер министрлігіне келіп түсіп жатқан масаң күйде көлік жүргізген азаматтарға заң арқылы тағайындалған қатаң жазаны жеңілдету туралы көптеген өтінішпен келісу қиын. Дегенмен, жуырда Мәжілістегі «Ауыл партиясы» фракциясының бір топ депутаты арақ-шарап көрсе, ақыл-есінен айырылып қалатын жүргізушілерге араша түсіп, Ішкі істер министріне депутаттық сауал жолдады. Онда: «Көлік құралын 7 жылға басқару құқынан айыру – әлемдегі ең қатаң санкциялардың бірі. Бұл норма құқық бұзушылықтың ауырлығын ескермейді. Жүргізуші болып жұмыс істейтін азаматтар табыс көзін жоғалтып, отбасыларын қаржысыз қалдырып жатады. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, осы баптың жаңа редакциясы қабылданғаннан бері 200 мыңнан аса адам сотталған. Осы мәселе бойынша халықаралық тәжірибені талдау бірқатар елде сараланған жазалау шаралары қолданылатынын көрсетті. Мысалы, Германияда жауапкершілікті біртіндеп арттыру қарастырылған: алкогольдің 0,5 пайызына (промилле) дейін – айыппұл; 0,5-1,1 пайызына – айыппұл және көлік жүргізу құқынан уақытша айыру; 1,1-ден жоғары пайызына – қылмыстық жауапкершілік. Францияда 0,5 пайыздан асқаны үшін айыппұл және 3 жылға көлік жүргізу құқынан айыру қарастырылған, алайда жол-көлік оқиғасына кінәлі болған немесе тестіден бас тартқан жағдайда жаза қатайтылады. АҚШ-та жаза айыппұлдар мен міндетті курстардан өтуден бастап түрмеге қамауға дейін өзгереді. Бірақ, бас бостандығынан 3-5 жылға айыру сирек қолданылады. Ресейде бірінші бұзушылық үшін көлік жүргізу құқынан 1,5-2 жылға айыру көзделген. Осылайша, көптеген елде жазалар әлдеқайда икемді, мас болу дәрежесі мен құқық бұзушылық жағдайлары ескеріледі, мұның өзі әлеуметтік және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады», – делінген.
Алайда, жақында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция полковнигі Қайсар Сұлтанбаев министрліктің масаң күйінде көлік жүргізгеніне белгіленген жазаны жеңілдетуге үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді. «Мас жүргізуші – азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қылмыскер екенін түсінуіміз керек. Сондықтан, бұл ретте ешқандай жеңілдету болмайды», – деді ол.
Ішкі істер министрлігі АҚШ, Жапония, Малайзия мен Сауд Арабиясы сияқты елдердің тәжірибелерін зерттеп, олардың мас жүргізушілерге қатысты заңнамасы әлдеқайда қатал екеніне көз жеткізген. Мәселен, АҚШ-тың Иллинойс штатында масаң күйінде көлік жүргізген азаматқа өмір бойы жүргізуші куәлігінен айыру, үш жылға бас бостандығынан айыру және 25 мың долларға дейін айыппұл салу жазалары қарастырылған. Жапонияда мас болған жүргізушілер өмір бойы құқынан айырылады және шамамен 9 мың доллар айыппұл төлейді. Егер мұндай жүргізушімен бірге көлікте жолаушылар отырған болса, олардың әрқайсысына шамамен 3 мың доллар айыппұл салынуға тиіс. Малайзияда масаң күйінде көлік жүргізуші ғана емес, онымен бірге болған жұбайы да темір торға тоғытылуы мүмкін. Сауд Арабиясында спиртті ішімдік ішіп, көлік жүргізгені үшін 10 жылға бас бостандығынан айыру, елеулі айыппұл салу және дүре соғу қарастырылған.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді