«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Вакцинация бағдарламалары жалғасады

Вакцинация бағдарламалары жалғасады
Ашық дереккөз
Вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі. Ол бірқатар қауіпті инфекциялардан болатын сырқаттанушылық пен өлімді азайтуда шешуші рөл атқарады. Вакциналар жеке адамды аурудан қорғап қана қоймай, сонымен қатар, жалпы қоғамның денсаулығы үшін үлкен маңызға ие ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға ықпал етеді.

Вакцинация – иммундық реакцияны ынталандыру үшін ағзаға әлсіреген немесе белсенді емес микроорганизмді, яғни вирус немесе бактерия не болмаса оның бір бөлігін енгізу. Бұл ағзаға инфекцияны «есте сақтауға» көмектеседі және нақты инфекцияны жұқтырған жағдайда аурудың дамуына жол бермейді немесе оның ауырлығын төмендетіп, тезірек және тиімді жауап береді.

Вакцинацияның негізгі мақсаттарының бірі – ауыр асқынуларға, мүгедектікке немесе өлімге әкелуі мүмкін жұқпалы аурулардың алдын алу. Елімізде вакцинация тегін жүргізіледі. Бүгінгі таңда иммундаудың басқа тепе-тең баламасы жоқ.

Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне енгізілген барлық инфекциялар өмір мен денсаулыққа тікелей қауіп төндіреді. Полиомиелит – өмір бойы тұрақты параличке, дифтерия – паралич және миокардитке, паротит – бедеулік пен қант диабетіне, «В» гепатиті – цирроз және бауыр обырына әкеп соқтыруы мүмкін және жүктілік кезіндегі қызамық – ұрықтың туа біткен органикалық зақымдануларына қауіп төндіреді. Сіреспеге қарсы вакцинацияның болмауы ересектер мен балалардың өліміне әкелуі мүмкін, тіпті жеңіл жарақат алған кезде де. Туберкулез инфекциясына қарсы вакцинацияланбаған адамдарда мүгедектікке әкелетін көптеген асқынулармен және ауыр түрдегі туберкулез ауруының қаупі ондаған есе артады. Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация – жатыр мойын обырынан қорғайды.

Ата-аналар Қазақстан Республикасының егу күнтізбесіне сәйкес екі жасқа дейінгі бала полиомиелитке қарсы 5 егу, жасушасыз компоненті бар көкжөтелге қарсы 4 егу, дифтерия, сіреспе, b типті гемофильді инфекция, «В» гепатитіне қарсы 3 егу, пневмококкты инфекцияға қарсы 3 егу, бір-бір екпеден туберкулезге, қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы екпе алуы тиіс екенін білуі қажет. Әрі қарай бала 6 жаста, 11 жаста, 16 жаста және ересектер әрбір 10 жыл сайын вакцинация алғаны абзал.

Вакцинация аурудан қорғаудың құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамдық денсаулықты, экономикалық әл-ауқатты және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды элементі болып табылады. Инфекциялармен күресте қол жеткізілген нәтижелерді сақтау және жаңа қауіптермен күресуді жалғастыру үшін вакцинация бағдарламаларын жалғастыру, вакцинациялардың маңыздылығы туралы хабардарлықты арттыру және барлық адамдар үшін вакциналарға қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Вакцинация – бұл әрбір адамның қауіпсіз және сау қоғам құруға қосқан үлесі болмақ.

 

Байділда ШИНАЛИЕВ,

Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар