«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туберкулезбен күрес айлығы басталды

Туберкулезбен күрес айлығы басталды
Ашық дереккөз
Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығы туберкулезге қарсы іс-шаралар кешенін жүзеге асыруда басты үйлестіруші ретінде, туберкулезбен күрес айлығын бастады. Кейінгі 10 жылда облысымызда туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 1,8 есеге төмендеді, 100 мың тұрғынға шаққанда 2014 жылғы 58,9-дан 2024 жылы 32,6-ға азайды. Яғни, туберкулездің жаңа жағдайымен тіркелгендер саны 643 адамнан 399 адамға дейін кеміді. Өлім көрсеткіші 4,9 есеге азайды, 2014 жылы 5,4 болса, 2024 жылы 1,1-ге дейін төмендеді, туберкулезден қайтыс болғандардың саны 47-ден 13-ке дейін төмендеді. Облыста туберкулез бойынша эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін біршама жұмыстар атқарылуда.

Туберкулезден аурушаңдық көрсеткіші 2024 жылдың қортындысын, 2023 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға төмендеді. 2023 жылы 34,2 промиль құраса, 2024 жылы 32,6 промиль құрап отыр. Өлім көрсеткіші 2024 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 1,1-ді құрап, 2023 жылмен салыстырғанда бірдей деңгейде көрінді, яғни 13 науқас қайтыс болды.

Бүгінде туберкулезді ерте анықтау үшін диагностиканың халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи әдістері қолданылуда. Бактериологиялық зертханада туберкулезді және ауқымды дәрілерге көнбейтін туберкулезді тез диагностикалау бойынша алдыңғы қатарлы зертханалық құрылғылар, яғни Бактек, Хайн тест, Джейн эксперт және Бионер инновациялық технологиялар енгізіліп, қолданылуда.

Бүгінгі танда облыста жалпы 9 Джейн эксперт аппараты жұмыс істейді. Медициналық көмектің халыққа қолжетімділігін арттыру мақсатында бұл аппараттардың жетеуі аудандарда және екеуі орталықта орналыстырылған. Бұл аппараттар Изониазидке төзімділікті ғана емес, сонымен қатар бір талдауда 6 туберкулезге қарсы препараттардың төзімділігін, небары 2 сағат ішінде анықтайды.

Өткен жылы тұрғындар арасындағы туберкулез дертін анықтау үшін флюорография әдісімен 668384 адам тексеріліп, 99,5 пайызды құрап, жоспар орындалды. Оның ішінен 356 туберкулезбен ауыратын науқас анықталды, яғни 1000 тексерілушіге 0,5 промиль құрады. Қауіпі жоғары топтан 51155 адам тексерілді, оның ішінен 146 туберкулезбен ауыратын науқас анықталды, яғни 1000 тексерілушіге 2,9 промиль құрады.

Облыста туберкулез дертіне шалдыққан науқастарға, емделу барысында көрсетілетін ақшалай әлеуметтік көмектің көлемі 2023 жылы 258861 мың теңге болса, 2024 жылы 167727,7 мың теңге бөлініп, игерілді. Орта есеппен алғанда ай сайын 250 науқас қамтылып, жалпы 624 науқас жыл бойына қаржылай әлеуметтік көмек алады.

Мамандармен қамту мәселесіне тоқталсақ, облыстық фтизиопульмонология орталығы бойынша жалпы 37 дәрігер жұмыс істейді. Оның 17-сі фтизиатр, біреуі фтизиопедиатр. Дәрігерлермен қамтылуы 93,1 пайызды құрады, cанаттылығы 93,2 пайыз. Орта буын медициналық қызметкерлер саны 134 болса, cанаттылығы 90 пайыз. Кіші буын қызметкерлер саны – 104, барлық қызметкерлер саны – 361.

Облыстық фтизиопульмонология орталығының құрамында 4 босатылған маманнан құралған Мониторинг және Бағалау тобы, ахуалдық орталығында 3 маман жұмыс істейді. Бұл мамандар цифрлық технологияларды пайдаланып, бастапқы медико-санитарлық көмек мекемесінің құрамындағы жалпы тәжрибелі дәрігерлердің жұмыстарын зерделей отырып, әдестемелік-ұйымдастыру көмегін көрсетеді.

Бүгінгі таңда облыста орналасқан емханалардың құрамындағы амбулаториялық көмек көрсететін бөлімшелерде, туберкулезге қарсы іс-шараларды жүзеге асыратын жалпы 49 дәрігер қызмет етеді, оның ішінде 29-ы фтизиатр дәрігер болса, 20 фтизиопедиатр бар.

Облысымыздағы кейбір мекемелерде фтизиатр дәрігерлерінің жетіспеушілігіне байланысты, алғаш рет 2023 жылдың 9 наурызында денсаулық сақтау басқармасы басшысының №96-ө бұйрығымен облыс тұрғындарына туберкулезге қарсы көмек көрсету сапасын жақсарту мақсатында емдеу-алдын алу ұйымдарында туберкулез саласына жауапты үйлестірушілер, жалпы 50 маман бекітілген.

Айта кететін мәселе, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен 2023 жылы «Ақылмандар кеңесі» құрылған болатын. Ақылмандар кеңесінің мүшелері де түйіткілді мәселелерді зерделеп, барлық алдын алу ұйымдарына өз көмектерін көрсетуде.

Жыл сайын дүние жүзінде, 24 наурыз туберкулезге қарсы күрес күні болып аталып өтеді. Биылғы жылы да, 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында туберкулезге қарсы күрес айлығы «Біз туберкулезді жеңе аламыз: міндеттенеміз, қаржы құямыз, әрекет етеміз!» ұранымен күш біріктіруге шақыра отырып, қарқынды өтуде. Жоспар бойынша облыстық фтизиопульмонология орталығының мамандары және бастапқы медико-санитарлық көмек мекемелерінің фтизиатр дәрігерлері облыстағы барлық мекелелерді қамтып, мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында дөңгелек үстелдер, қоғамдық орталарда, базарларда, сауда орталықтарында акциялар және медициналық мекемелерде ашық есік күндерін өткізуде. Оған қоса, республикалық және облыстық баспасөз беттерінде, телеарналарда және әлеуметтік желі парақшаларында ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде.

 

Дабыл ШЫМЫРОВ,

облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының бас дәрігері.

Ұқсас жаңалықтар