«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аялдама орнатылса...

Аялдама орнатылса...
Ашық дереккөз
Рас, өмірде сыналмайтын адам болмайды. Әйткенмен, ел болған соң сүрінгенде сүйейді деп сенеміз. Қазір 2-топтағы мүгедекпін. Осыдан бір ай бұрын әйелім аяқ астынан жазым болып, көз жұмды. Шүкір, қазір ұлым мен келінім жақсы қарап жатыр. Дегенмен, денсаулығымды түзеп, бұрынғы қалпыма оралғым келеді.

Саналы өмірімді ішкі істер органына қызметке арнадым, полиция ардагерімін. Инсульт алып, мүгедек болып қалдым. Ешбір қимылсыз жатып қалған едім, әйелім мені жетектеп жүріп, талай жерге апарды, емдетті. Алайда, көшеде кетіп бара жатып, аяғы тайып құлап, жамбасын зақымдап, соны емдетуге операция жасатқан еді. Бір жағынан менің халімді уайымдағаны бар, отадан оянбады.

Мемлекеттік емдеу мекемелерінен тиісті ем-шараларын алдым. Бірақ, жекеменшік клиникадан алған алтын ине, массаж емдерін алғаннан соң, өз аяғыма тұрдым. Әлі де алатын емді жалғастыра беруім керек. Шүкір, қазір өз аяғыммен жүргеніме де қуанамын. Бірақ, жекеменшік клиника емінің бағасы қалтамызға оңай соқпады. Сол үшін миллиондап несие алдым. Енді сол несиелерімді төлеу үшін зейнетақым қолыма тимейтін болды. Қатты қиналдым. Осы ем үшін «Қазақстан халқына» қорынан көмек беруін сұрап, бірнеше рет хат жаздым. Бірақ, ешбіріне де себебі түсіндірілген жауап келмеді, тек көмек көрсетілмейтіні туралы хабарлама алдым. Бұл қор білім мен денсаулық үшін құрылмап па еді?

Мен Президентімізді қолдаймын. Заң талаптарын мүлтіксіз орындайтын, заңға құрметпен қарайтын Қазақстан азаматымын. Бірақ, қоғамда болып жатқан кемшіліктерді көргенде, жаныма батады. Қазір Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза көшесінде тұрамын. Ол маңда аялдама жоқ. Жалғыз 11-ші автобус қана тоқтайды. Ал, мен денсаулығыма байланысты, басқа да жұмыстарыммен қаланың орталығына және басқа аумақтарына барамын. Автобустың жоқтығынан қиналамын. Үнемі таксимен жүруге әлгінде айтқанымдай, зейнетақым несиемді төлеуге кетіп жатқандықтан, қалтам көтермейді. Тұрғылықты жерімізге жақын маңайда аялдаманың жоқтығын, 11-ші бағыттағыдан басқа қоғамдық көліктің жүрмейтінін Тараз қаласы әкімдігіне де айттым. Бірақ әлі күнге ешқандай нәтиже жоқ.

 

Аралбек ТАНБАЕВ,

2-топ мүгедегі,

Тараз қаласының тұрғыны.

Ұқсас жаңалықтар