«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ломбардта қалған алтынға абай болайық!

Ломбардта қалған алтынға абай болайық!
Ашық дереккөз
Қаржыдан қысылғанда ломбардқа алтын өткізіп, керегін алатындар көп. Тіпті, әшекей бұйымдарды қайтып ала алмасақ, сонда қалдырушы едік. Енді алтындарымызды бей-берекет ломбардқа өткізе бермейтін болдық. Себебі, ломбардта қалған алтын сіздің несие тарихыңызға әсер етеді.

«Алтының болса жақсы, болмаса несі жақсы». Сол секілді енді бар алтыныңызды ломбардқа өткізу үшін жүз ойланып, мың рет толғануыңыз шарт. Қаржы ауадай қажет кездің өзінде алтын бұйымыңызды ломбардқа өткізуге асықпаңыз. Бұлай дейтініміз, елдегі ломбардтардың барлығы микронесиелік компания болып табылады. Сол себепті ондағы екіжақты мәмілелер несие тарихында таңбаланып қалады. Елімізде ломбардтар 2006 жылдан бері пайда болып, қызмет атқаруда. Олардың ел бойынша да нақты саны еш жерде көрсетілмеген. Тек жыл санап мұндай ұйымдар көбейген. Жекеменшік кәсіпкердің бизнесі.

– Көбіміз алған қарызымның орнына алтынымды тастадым деп ойлап жүрміз. Мүлде олай емес екен. Ақша керек болған кезде алтын сақиналарым мен сырғаларымды тапсырып, ломбардтан 100 мың теңге көлемінде қарыз алдым. Тапсырғандарының ішінде сынған сақиналар болғандықтан, оларды кері тапсырмаймын деп саналы түрде шешім қабылдадым. Бір жағынан, мен үшін 100 мың теңге де едәуір ақша еді. Бірақ, ломбард хабарлама жіберді. Жалпы мағынасы былай: «Уақытында қайтарылмай жатқан қарыз күндеріңіз кредит тарихыңызда кешіктірілген күн болып жазылады» депті. Содан жүгіріп ломбардқа барған маған түсіндіріп берді. Ақша тауып алтындарымды қайта алдым. Бүгінгі күні адамға қарыз болғанша, банкке қарыз болайын деп несие аламыз. Онсыз күн жоқ. Сол себепті банктен алған қарызымды уақытылы жабуға тырысамын, – дейді қала тұрғыны Балайым Қаныша.

Осы сауалмен біз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Тараз қаласы бойынша өңірлік өкілдер бөлімінің басшысы Дәурен Төлепбергеновке хабарластық. Бұл ақпаратты олар да растады. Агенттік берген мәлімет бойынша, ломбардтан қарыз алған клиентке 30 күн уақыт беріледі. Бұл мерзім таусылғанда ломбард қарыз орнына қабылдап алған бағалы бұйымды сатуға немесе өз меншігіне қалдыруға құқылы. Ол кезде клиент ломбард алдындағы қарызынан босатылады. Бірақ, 30 күн азаматтың кредит тарихына «просрочка» деген белгі қалдырады. Демек, уақытында қайтпай қалған қарыз клиенттің кредиттік рейтингін түсіреді деген сөз. Яғни, азамат келешекте банктен несие алатын кезде кредитор оған қарыз бермей қоюы әбден мүмкін. Барлығымызға қарызға ақша берген кез келген ломбард кредиттік рейтингіңізге ықпал ете алады.

– 2020 жылдан бастап еліміздегі барлық ломбардтар микроқаржылық ұйым деп саналып, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауына берілді. Міне осы кезден бастап ломбардқа өткізілген алтындар қайта алынбаған жағдайда, ол өтелмеген қарыз болып есептеледі. Кімнің ломбардта әшекейі жатқан болса, дереу алыңыздар. Яғни, сіз қарызды қайтаруға төлем қабілеті жоқ адам ретінде көрінесіз. Бұрын өткізілген алтындар несие тарихына әсер етпейтін. Жоғарыда айтқанымдай, бұл 2020 жылдан басталды. Ломбардқа заттарды жиі қою кейбір жағдайларда жанама әсер етуі мүмкін. Егер сіз банкке несие алуға өтініш білдірсеңіз, банк сіздің кірісіңіз бен шығындарыңызды талдап, қаржылық жағдайыңыздың тұрақтылығын бағалайды. Ломбардқа жиі жүгіну сіздің қаржылық қиындықтарыңыз бар екенін көрсетеді. Банктер сізді төлем қабілеті тұрақсыз деп тануы мүмкін. Дегенмен, әр қаржы институтында несие беру туралы шешім қабылдаудың өзіндік жүйесі бар. Бірінші кезекте кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындау кезінде төлем тәртібіне назар аударылады. Банк микроқаржы ұйымдарының кез келген басқа жазбалары сияқты, ломбардтардың да несие тарихындағы жазбаларды қарайды. Банк ішкі кредиттік комитеттер деңгейінде қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалаудың басқа да факторларын ескере отырып, ломбардтардың кредит тарихындағы жазбаларды қалай есепке алу керектігін шешеді. Әр банк шешімді жеке қабылдайды, – дейді Дәурен Абданұлы.

Егер алтын немесе басқа кепілге қойылған затты қайтару мерзімі аяқталса және оны қайта алуға мүмкіндігіңіз болмаса, ломбардпен байланысып, мерзімді ұзарту немесе қарызды бөліп төлеу жолдарын қарастыруға болады. Қаржылық жауапкершілігіңізді болашақта банктер мен қаржы ұйымдары үшін жақсы көрсетіп, несиелік міндеттемелерді уақытылы орындауға тырысу қажет. Ломбардтағы қарыздарыңыз несие тарихына тікелей әсер етпесе де, жалпы қаржылық әдеттеріңіз болашақ қаржылық шешімдерге ықпал етуі мүмкін.

Айта кетейік, наурыз айынан бастап алтын бағасы қайта шарықтамақ. Бүгіннің өзінде грамы 44 мың теңгеге шығып тұр. Әлі 50 мың теңгеге барады дедегн болжам бар.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА.

Ұқсас жаңалықтар