«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Несие тарихын қалай жақсартуға болады?

Несие тарихын қалай жақсартуға болады?
Ашық дереккөз
Көпшілігіміздің несие тарихымыз нашар. Себебі несиені уақытылы қайтармағандықтан немесе мүлде төлемегендіктен «қара тізімге» енгенбіз. Экономистердің пікірінше, қаржылық көзқараста «қара тізім» деген сөз жоқ. Яғни, қолданыста емес. Сонда да бұл сөз халық арасында кеңінен тарап кеткен. Тіпті бүгінгі күні небір пысық тренинг жүргізетін, курс өткізгіш коучтар «Кредиттік тарихыңды жақсартып береміз» деп онлайн, офлайн дәріс өтіп жүр. Жалпы алғанда несие белгіленген мерзімнен кешігіп төленсе, болмаса қарызгердің қайтаруға шамасы болмай қарызды қайтармаса, берешегі бар адам он жылға дейін «қара тізімде» тұрады. Мұны банк бөлімшелеріне барсаңыз анықтап тұрып айтып береді. Иә, әрбір істің шешілу жолы бар. Сол себепті несие тарихыңызды дұрыстау үшін не істемек керек? Жолдарын қарастырайық.

Болар іс болып, бояуы сіңген соң қолды бір сілтемей, несие тарихын оңалтуға көшіңіз. Бүлінген несие тарихы енді үкім емес. Толықтай тазартуға мүмкіндік бар. Біріншіден, несие тарихы дегеніміз не? Соған тоқталайық. Несие тарихы – сіз алған несиелер туралы барлық ақпараттар. Несие тарихы тек банктер үшін емес, сіз үшін де маңызды. Егер несие тарихыңыз жақсы болса, қомақты сомадағы несиені оңай аласыз. Ал егер нашар болса, керісінше, сізге несие берілмейді. Несие тарихы бірінші кредиттік бюрода 10 жыл бойы сақталады. Тіпті, 10 жыл өткеннен кейін де архивте тіркеуде тұра береді, бірақ құнын жоғалтады. Шет мемлекеттерде, соның ішінде АҚШ-та несиелік тарихқа сызат түсіру өмірбаянды лайлап алғанмен бірдей. Өйткені оған несие туралы ақпараттан бөлек, коммуналдық, салық, алимент сияқты төлемдер туралы да ақпарат енгізіледі. Сосын жұмысқа орналасарда жұмыс беруші сол «тарихқа» міндетті түрде көз жүгіртеді. Пәтер жалдау кезінде де несие тарихының мінсіз болуы маңызды.

Ал, елімізде 10 миллиондай адамның несие тарихы бүлінген. Бұл төтенше жағдай мен карантиндік шаралардан кейінгі жұмыссыздық, қысқартуға ұшырау, бизнестің тоқтауы, онлайн микроқаржыны оңды-солды алу сынды көрсеткіштерден соң пайда болған оқиға. Елімізде ең алғашқы несие тарихының бұзылуы 2000 жылдарға тап келіпті. Бұл туралы экономист Айсана Тымбаева айтты.

– 2000 жылдардың басында банктер қарызды клиенттің төлем қабілетіне қарамай үлестіретін. Ал соңғы екі- үш жылдың көлемінде халқымыздың басым бөлігі микроқаржы ұйымдарының «жедел ақшасын» алып, үстеме пайызын төлей алмай, несие тарихына таңба түсірді. Кеңес алуға келетін адамдардың себептері әр түрлі. Кейбіреулер ертеректе алған несиесін банк жабылған соң төлемеуге болады екен деп, қарызды қайтармаған. Енді бірі төлеу керектігін біле тұра үсті-үстіне микроқаржылық ұйымдардан ақша а лып, әдейі жалтарған. Бәзбіреулер төлеуге пұлы болмай, жұмыссыздықтан зардап шеккен. Бастапқыда көпшілік «қара тізімнің» салқынын сезінбеді. Тек мемлекеттен баспана алу ісіне келгенде несие тарихы ластанған деп шығып тұрды. Міне осы кезде барып біздер «ас – ішерде керектің» кебін кидік. Сондықтан несие тарихыңызды жөндеу керек. Естеріңізде болсын, банктерден алған қарыз қайтарылуы тиіс. Қайтармай қою деген болмайды. Егер сіз алған несиеңізді қайтармасаңыз, ол несие тарихында жазылып тұра береді. Содан соң сіз ипотекалық бағдарламалармен баспана, жеңілдетілген бағдарламамен көлік, тым құрығанда тұтынушылық несиесін де ала алмайсыз, – дейді ол.

Қаржыгердің сөзінің жаны бар. Несие тарихы бүлінгендер қалаған тауарын таңдап тұрып тұтынушылық несиемен де ала алмайды.

Ал енді оңалту кімдердің оң жамбасына келеді? Қаржы нарығын реттеу агенттігінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, 22 наурыздағы №19 қаулысына сәйкес, 30 наурыздан бастап төлем мерзімі 90 күннен артық кешіктірілген несиелерге «реабилитацияланды» деген мәртебе беріледі. Естеріңізге сала кетейік, несиелік тарихтың бұзылуына 30- 90 күннен артық төлем жасалмаған мерзім әсер етеді. Алайда, мұндай «рақымшылыққа» ие болу үшін несие алушыға да тер төгу қажет. Реабилитация, қазақша айтқанда, оңалтуға несиенің қай мерзімде алынғаны маңызды емес. Бастысы, төмендегі екі шартты орындау қажет. Несие тарихы орындаған күннен бір жылдан кейін қалпына келтіріледі. Қарапайым тілде түсіндірсек, егер несие алушы бір жыл көлемінде «пеняларын» өтеп, несиесін толықтай жапса бір жылдан соң несие тарихыңыз жаңарады. Мысалы, егер несие алушы 1 қарашаға дейін делік, несиесін толықтай өтесе, келесі жылдың қарашасында оның несие тарихы «просрочка» туралы ақпараттан тазарады да, жаңа мәртебеге ие болады. Екінші жағдайда, егер қарыз алушы қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру күніне дейінгі берешек сомасының 50 пайызынан астамын өтесе және жыл көлемінде 30 күннен артық мерзімде кешіктіріп төлемесе, несие тарихы оңалуға жатады. Мысалы, несиеңіздің жалпы сомасы 500 мың теңгені құрайды делік. Сіз 3 айдан артық мерзімге кешіктіріп төлеп, айыппұлдардың астында қалдыңыз. Банкке барып қарызыңызды да, айыппұлыңызды да төлесеңіз, кестеге қайта тұрсаңыз және сол мерзімде сіздің несиеңіздің 50 пайызы жабылған болса әрі одан кейін жыл көлемінде 30 күннен кешіктірмей төлесеңіз, несиелік бюро кідіріс күндерінің санын нөлге тең етіп көрсетуі тиіс. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің берген мәліметіне сүйенсек, несиенің алған мерзімі, не сиелік тарихың қаншалықты бүлінгені маңызды емес. Егер барлық талаптар орындалса, несиелік тарих реабилитациялауға жатады.

Елімізде әлі де несие тарихына салғырттықпен қарау басым. Мамандар оны жылына бір рет және несиені толықтай өтеген соң бір айдан кейін тексеріп тұруға кеңес береді. Несие тарихын үйден шықпай-ақ интернет арқылы білуге болады. Мұның бірнеше тәсілі бар. Электрондық-сандық қолтаңба және банктің төлем картасы болса, egov.kz электронды үкімет порталы арқылы несие есебін алуға болады. Мұны жылына бір рет тегін, сол жылы қайта алсаңыз, әр алған сайын 400 теңге +100 теңге банктік комиссия төлейсіз. Сондай-ақ, бірінші несие бюросының www.1cb.kz сайтынан да алуға болады. «Kaspi Bank» қызметкері Жания Саламатованың айтуынша, барлық кредитті жапқан соң, үш айдан кейін аз сомаға тұтынушылық несиесін алып көрген дұрыс екен.

– Жалпы, несие тарихы адам несиесін үш ай бойы, яғни 90 күн уақытылы төлей алмаса, бұзылады. Бір сөзбен айтқанда, банктің қара тізіміне кіреді. Бұл дегеніміз, ол басқа банктен несие алуға барған кезде оның есімі қара тізімде екені көрініп тұрады. Бұрын бүлінген несие тарихының қайтадан жақсаруына 10 жылдай уақыт кететін. Бірақ, осы уақыт ішінде адам уақытында төлемей, банктің пайызы қосылып кеткен несиесін толық жапса, өзге банктерден несие ала алады. Несие тарихын жақсартудың жалғыз ғана жолы бар. Ол аз сомаға болсын қайтадан несие алып, оны уақытында төлеп тұру. Сонда ғана несие тарихыңыз жақсарып, несие берушілерге төлем қабілетіңіз көрінеді. Кейіннен банк қомақты сомада да несие алуға өтінішіңізді мақұлдауы мүмкін, – дейді ол.

Несие тарихын түзеудің басты жолы – алдымен бар болған жағдайда проблемалық кредиттерді жабу қажет. Бұл сіздің жағдайыңызды анағұрлым жақсартады. Өйткені, проблемалық қарызы бар бола тұра, жаңа несие алу мүмкін емес десе де болады. Екінші бір амалы – микроқарыз, кредиттік карта немесе аз сомаға кредит рәсімдеп, оны уақытылы жабу. Осылай бірнеше рет жасалған жағдайда клиенттің банк алдындағы репутациясы жақсарады. Үшінші жолы – депозит ашу, оны ұдайы толтырып тұру. Бұл фактордың кредит тарихына еш қатысы жоқ болғанымен, пайдасы бар. Кредитке өтінім берерде, банк клиенттің активінде тұрақты түрде толтырылып тұрған депозиттің барын назарға алады. Бұл банк үшін клиенттің төлем жасауға қабілетті екенін білдіретін белгі болуы мүмкін.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

 

 

Ұқсас жаңалықтар