«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Билердің мақсаты - бітімгершілік

Билердің мақсаты - бітімгершілік
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы жариялаған Жолдауында «Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін дамыту қажет» деп атап өткен болатын. Облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылғанына жеті жылға жуықтаған билер кеңесі Президент тапсырмаларын басшылыққа алып, қоғамдық істе белсенділік танытып келеді. Облыстық билер кеңесінің төралқа отырысында облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

«Қазіргі таңда облыс бойынша билердің саны 566-ға жетіп отыр. Бізге сан емес, сапа да керек. Сондықтан, билер құрамына ел ішінде беделді, тәжірибелі ардагерлер мен дін өкілдерін қамтыдық. Тараз қаласы және Талас, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Жамбыл аудандарында жұмыс жақсы жолға қойылған. Билер кеңесінің жалпы мақсаты – қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті сақтап, дау- жанжал деңгейін төмендету, ұлттық құндылықтарымыздың дамуына ықпал ету, құқық бұзушылықтың алдын алу. Былтыр облыстық соттың ұйымдастыруымен республикалық медиаторлар қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Нұрбала Оразқұлованың қатысуымен «Медиация негіздері» тақырыбында семинар өтіп, облысымыздың 120 белсенді азаматына «Қоғамдық медиатор» сертификаты берілді. Шу және Мойынқұм ауданында «Дауды шешудің тиімді жолы» атты семинар-кеңестер өтті. Шу ауданында өткен облыстық батагөйлер байқауында да көпшілікке тәрбиесімен үлгі болып жүрген ақсақалдарды тани түстік. 2024 жылы 1078 дау-дамайлы іс қаралып, 809 іс сотқа жетпей шешілді. Қаралған істердің 40 пайызы бойынша тараптар татуласқан. Ал, 925 отбасында болған реніш бойынша 710 жас қайта татуласқан. Мұның баршасы билер кеңесінің жұмыс үстінде екенін көрсетеді. Алдағы уақыттарда да жұмыстар жалғасын табады», – деді ол.

Мұнан соң Талас, Жуалы, Мойынқұм, Меркі, Жамбыл аудандық билер кеңестерінің төрағалары Сәулембай Әбс адықұлы, Жамбыл Қалыбаев, Мұратқали Рахметов, Медербек Өзбеков, Батырбек Саршаев сөз сөйлеп, өз ауданындағы атқарылған жұмыстарды айтып өтті. Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Қонысбай Ілиясов сөз сөйлеп, билер кеңесінің жұмысына оң баға берді. Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов және облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов бірқатар белсенді ардагерлерді марапаттады.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

Ұқсас жаңалықтар