«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұлғалар кездескен тағылымды кеш

Тұлғалар кездескен тағылымды кеш
Ашық дереккөз
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, ардагер журналист, мәдениет майталманы Асқарбек Сейілханның бенефис кешінде автордың «Шерханның шекпенінен шықпасам да...» кітабының таныстырылымы өтті.

Іс-шараны театр саңлағы Асқарбек Сейілхан Шераға сөздерінен алынған инсценировкасымен өзі бастап, көпшіліктің назарын аударды. Мұнан соң облыстық «Jambyl» телеарнасы Асқарбек Ақылшаұлына арнап дайындаған шағын ролик көрсетілді. Келесі сәтте авторға жаңа кітабы туралы бірнеше сұрақтар қойылды. Бұл сұрақтардың бірқатарына өзіне қатысты болған соң, танымал журналист Бекет Момынқұл да жауап беріп өтті. Сұрақтың көпшілігі Халық жазушысы Шерхан Мұртазаға қатысты болды. Олай болуы да заңдылық. Әйгілі Шерағаңнан отыздан астам рет тікелей эфирде хабар түсірген Асқарбек Сейілханның да еңбегі нағыз еңбек. Рухани кешті белгілі журналист, Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық әдемі жүргізіп отырды.

Мұнан соң Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының «Асқарбек ағайдың хикаялары» тақырыбындағы қысқа қойылымы көрсетілді. Бұл қойылым да әсерлі, шынайы шықты. Сахнаға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Таетр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов шыға келгенде көпшілік қауымның үлкен әсерде болғаны анық. Әйгілі актер елмен емірене амандасып, кеш иесі жайында да жақсы пікірлер айтты. «Біз Асқарбек екеуміз замандаспыз. Бір оқу орнында бірге оқыдық. Өнер саласында бірге тер төктік. Әлі осы саладамыз, өнердеміз. Асқарбектің тележурналистика деген екінші қанаты бар еді. Енді бүгін кітап жазып шығып, құрметке бөленіп отыр. Кітабын қуана оқып шықтым. Шынайы, әдемі, мөлдір. Өз айтары бар. Алда да жазары көп болсын» деді .

Мұнан соң облыстық мәслихаттың депутаты, журналист Оралхан Дәуіт, сатирик Бақытжан Советұлы әсерлі естеліктер айтса, Құрманғазы Демеш кеш иесіне арнаған әдемі өлеңін оқып берді.

Кеш барысында Асқарбек Ақылшаұлы сөз сөйлеп, қонақтардың баршасына алғысын білдірді.

Кешті облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қорытындылады. «Біз Әулиеатадағы бірқатар алдыңғы толқын ағаларды құрметтеп, еңбегін бағалаймыз. Мақтан тұтамыз. Сондай абыройлы ағамыздың бірегейі Асқарбек Сейілхан. Кітап құтты болсын. Жазарыңыз көбейсін. Облыс әкімі сізге ыстық сәлемін жолдады», дей келіп, кеш иесіне шапан жауып құрметін көрсетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар