«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлағатты ұл-қыздардың ұстаханасы

Ұлағатты ұл-қыздардың ұстаханасы
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағанын атап көрсеткен болатын. Президент аталған сұхбатында: «Тәуелсіздік ұрпақтары қазірдің өзінде ғылым, спорт, бизнес, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет саласында зор жетістікке жетіп жүр. Көбі өндірісте және ауыл шаруашылығында табысты еңбек етеді. Бұл ретте мен осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Біз еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек», – деді.

 

Президенттің бұл сөзі жұмысшы мамандар даярлайтын оқу орнының ұжымына да үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Өйткені, жұмысшы кадрлар болашағының іргетасы кәсіптік білім беретін колледждерде қаланатыны әмбеге аян. Сондықтан колледждерде сапалы кәсіптік білім беруді жетілдіру маңызды. Бұл бағытта жаңа технологияларды меңгерген, тәжірибесі мол мамандар даярлау, дуальді оқыту жүйесін енгізу және оқу-өндірістік тәжірибені күшейту аса жауапты іс.

Ауданымызда жарты ғасырдан астам уақыттан бері кәсіби біліктілігі жоғары жұмысшы мамандарды қалыптастырып, елдің индустриялық-инновациялық дамуына үлес қоса алатындай шәкірттер дайындап отырған бірден-бір оқу орны – №10 Шу колледжі. Қоғамдық тілші ретінде осы колледждің кәсіптік маман даярлаудағы әлеуетін білмек болып аталған оқу орнына бас сұққанымызда, оның директоры Тоғжан Мұсаева колледждің тыныс-тіршілігімен кеңінен таныстырды.

Негізінде бұл колледждің бай тарихы мен елге өлшеусіз қызмет еткен түлектері оның өңірдегі кәсіптік білім берудегі маңызын ерекше айқындайды. Тоғжан Тоқтарбайқызының жол бастауымен студенттер дәріс алатын оқу кабинеттерін, тәжірибе өтетін шеберханаларды, техника сақтайтын өндірістік ангарды, кітапхана, асхана, спорт зал, жатақхана, мәжіліс залын аралап көрдік. Осы арқылы студенттерге лайықты білім беріліп жатқанын ұғындық. Оқу ғимараттары мен өндірістік шеберханалардың заман талабына сай жабдықталуы студенттердің сапалы білім алып, тәжірибе жинауына өте қолайлы көрінді.

Кейбір деректерге қарағанда, аталған училище қабырғасынан 32 мыңға жуық жұмысшы мамандығын игерген түлектер түлеп ұшқан. Олардың қатарында белбасарлық майталман механизатор, Социалистік Еңбек Ері атағын алған Жұман Құрманбаевты, бұрынғы Ленин колхозының механизаторы, әрі аға шопаны, Ленин және тағы да басқа ордендермен марапатталған Серік Оңласыновты және өзге де еңбек адамдарын мақтан етуге болады. Бұл ретте осы училище түлектері Тұрсын Жетпісбаев, Жаныс Досжанов, Ержан Өмірәлиев секілді айтулы азаматтардың ел басқарғанын да атап айтсақ, артық болмас. Колледжден кезінде осындай түлектердің, яғни елге еңбегі сіңген механизаторлар мен басшылық қызметтерге жеткен азаматтардың шығуы мұнда білім беру жүйесінің нәтижелі екенін көрсетеді. Колледждің тарихына көз жүгіртсек, кәсіптік білімнің дамуымен бірге колледж атауы да бірнеше рет өзгеріп отырғанын байқаймыз. Бұл оның заман ағымына сай бейімделіп отырғанын білдіреді. Бүгінде Шу колледжі осындай бай тарихын мақтан тұтып, болашаққа нық қадам басып келеді.

Колледждің 1-курс студенті, Белбасар ауылының тумасы Иса Айдын осы оқу орнында білім алып жүргеніне қуанышты екенін айтады. Болашақта теміржол саласында қызмет етуді жоспарлапты. Жатақханада тұратын ол студенттердің тұрмыстық жағдайы жақсы, өздері ас әзірлеп, күнделікті қажеттіліктерін еш қиындықсыз атқаратынын сөз етті. Ал, түскі уақытта колледж асханасында тегін ыстық тамақ ішеді. Ол Шу колледжі техникалық және кәсіптік білім беру саласында сапалы мамандар даярлап, студенттерге жан-жақты мүмкіндік ұсынып келе жатқанын айрықша атап өтті.

Аспазшы мамандығын игеріп жүрген шоқпарлық Мөлдір Жаманбалаева да жатақханада жатып оқиды. Ол студент үшін ең маңыздысы сапалы білім алу және кәсіби біліктілікті меңгеру екенін айтады.

«Оқу орнында барлық жағдай жасалған, әсіресе, кітапханаға жиі барып, қосымша білім алуға мүмкіндік болғаны қатты ұнайды. Әр жұма сайын студенттермен бірге тазалық жұмыстарына қатысамыз. Сонымен қатар, жатақханада қыз балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінген. Арнайы бақылаудың күшейтілгені – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі қауіпсіздік кепілі. Бұл жағдай менің тек жақсы білім алып қана қоймай, тәртіпті әрі жинақы болуға үйренуіме септігін тигізуде. Сапалы білім тәжірибелі оқытушылардан сабақ алу және теория мен практиканы ұштастыру арқылы келеді. Сондықтан сабақтан қалмай, тек білім алу арқылы өзімізді дамыту үшін кітапхана мен үйірмелер беретін мүмкіндікті де пайдаланып жүрміз», – деді ол.

2021 жылы «Жас маман» жобасына енген бұл колледжге республикалық бюджеттен 280 миллион теңге бөлініпті. «Жас маман» жобасының мақсаты – 100 сұранысқа ие мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Осы жобаны іске асыру аясында колледжде жұмыс тобы құрылып, оның құрамына арнайы пәндер оқытушылары, колледж әкімшілігі және әлеуметтік әріптестердің өкілдері кірген.

– Колледж педагогтері кәсіби шеберлік байқауларына да белсенді қатысып келеді. 2024 жылдың 13-16 қазанында өндірістік оқыту шебері Г.Мазабекова Абай облысында өткен «Шаштараз өнері» республикалық байқауына қатысып, арнайы сертификат иеленді. 30-31 қазанда Ақтөбеде өткен «Теміржол вагондарын және рефрижераторлы жылжымалы құрамды пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету» байқауында өндірістік оқыту шебері Бектен Мамеков жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. 22 қазанда Шымкентте өткен «Digital Kazakhstan: ғылым және инновация» атты XV республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Бақытгүл Абдубаитова (химия) мен Әлия Андақұлова (тарих) жеңімпаздарды даярлағаны үшін мадақтама және сертификатпен марапатталды. 3-курс студенттері Ұлбосын Тұрысбек пен Жеңіскүл Төленді республикалық ІІ дәрежелі диплом иегерлері атанды. 25 қазанда Республика күніне орай ардагер ұстаздар Шалғынбай Малдыбаев, Ізтілеу Күзербаев, Баршакүл Жолдыбаева Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, 71 педагогтің мақаласы «Ұлы дала ұстазы», «Тағылым», «Қазақ білімі», «Қазақстан ұстазы», «Құзыретті педагог», «Үздік ұстаз», «Ustaz enbegi», облыстық «Озық сабақ» журналдарында жарық көрді. 50-ден астам студенттің мақаласы «Тағылым», «Жарқын болашақ», «Қазақ білімі», «BILIM BAQ» республикалық журналдарында жарияланды. Жұмысшы мамандықтардың сынға түсіп шыңдалатын, өз шеберлігін көрсететін «WorldSkills» колледжішілік чемпионаты жылда тұрақты түрде өткізіледі. Колледжішілік жеңімпаздар облыстық «WorldSkills» сынында бақтарын сынайды. «WorldSkills Jambyl-2023» аспаздық ісі құзыреттілігі бойынша Арайлым Даниярбек, «Сән технологиясы» бойынша Назерке Бейсен сертификат, «Дәнекерлеу технологиясы» бойынша Нариман Төлепберген ІІІ орынды иеленді. Ал, 2024 жылы «WorldSkills Jambyl-2024» облыстық чемпионатында «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша Ақілес Бақтығұлұлына, «Дәнекерлеу технологиясы» бойынша Айдос Назарбекұлына, «Аспаздық ісі» бойынша Әсел Ерболқызына, «Наубайшы ісі» құзыреттілігі бойынша Жансая Маратханқызына сертификат беріліп, Дильназ Анарбайқызы үшінші орын тұғырынан көрінді. Колледж жастары Шу қаласы мен Төле би ауылында орналасқан Жастар ресурстық орталығы ұйымдастыратын түрлі іс-шараларға тұрақты қатысады. Шу қаласының әкімі Е.Нұралиевтің бастамасымен «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында әр азаматты өз ауласы мен көшесін таза ұстауға бейімдеу, салауатты өмір салтын ұстану және жастарды еңбексүйгіштікке баулу мақсатында ұйымдастырылған «Таза қала» атты тазалық жарысына қатысып, І орын және 100 мың теңге ақшалай ұтысты Шу колледжі студенттерінен құралған команда жеңіп алды. Аудан әкімі Б.Жәнібековтің ұйымдастыруымен өткен «Таза мекен» атты тазалық жарысына колледждің волонтер жастары белсене қатысып тұрады, – дейді директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ә.Бақтораз.

Колледжде студенттердің қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлініпті. Аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықты болдырмау, қылмыстың алдын алу мақсатында жоспарлы іс-шаралар жүргізілетін көрінеді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі мобильді топ пен полиция қызметкерлері «Түнгі қаладағы балалар» рейдін кестеге сәйкес тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін колледж аумағында турникет, дабыл түймесі, күзет қызметі және 32 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл шаралар студенттердің тәртіпті әрі қауіпсіз ортада білім алуына мүмкіндік беруде.

Бұрнағы жылы колледж студенттері 17 мың теңге шәкіртақы алса, 2024 жылы бұл сома 43 мың теңгеге артыпты. Ең жоғары шәкіртақы 51 мың теңге болса, оны 6 студент алып жүр. Шу ауданындағы 9-11-сынып оқушыларын жұмысшы мамандықтарын таңдап, білім алуға және аудан экономикасында еңбек етуге баулу мақсатында мектептермен кәсіптік бағдар беру жұмыстары нығайтылыпты. Бұл үшін жыл сайын «Ашық есік» күні ұйымдастырылуда.

Колледж ұжымы еліміздің экономикасын және өндірістік-әлеуметтік деңгейін көтеруге бағытталған, бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандарды даярлауды өздерінің басты міндеті санайды. Сонымен қатар, тәжірибелік өмірде және қоғамдық қатынастарда сұранысқа ие жұмысшы кадрларды даярлауға зор мән береді. 2025-2026 оқу жылында колледж аудандағы жұмысшы мамандықтарына деген сұранысты ескере отырып, «Агрономия» және «Бағдарламалық қамтамасыз ету» (ЭВМ) мамандықтарын ашуды жоспарлапты.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының негізгі міндеттерінің бірі – бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру және еңбекпен қамту. Бұл мәселе төңірегінде айтар болсақ, колледж түлектерінің жұмысқа орналасу жағдайы жақсарып келеді. Сондай-ақ, колледж түлектері елдің қорғаныс ісінде белсенді болып, Отан қорғауға құштарлықтарын танытуда.

 

Ахметжан ҚОСАҚОВ,

ардагер журналист,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Шу ауданы

 

 

Ұқсас жаңалықтар