«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Рақмет саған, Қазақ елі!

Рақмет саған, Қазақ елі!
Ашық дереккөз
Қазақ елі әлімсақтан ұлттар достығының алтын бесігі саналған. Қасиетті мекен айрандай ұйыған татулық пен бірліктің, ынтымақ пен берекенің ұйытқысы бола білді. Қазақ халқы өзінің даласының кеңдігіндей, бабасының өрлігіндей дархан халық. Тағдырдың түрлі сынағын бастан кешкен халықтар жан-жақтан ағылып келгенде, бауырмалдық танытып, барша жұрттың баласына құшағын ашты. Осылайша, қаншама ұлт өкілдері қазақ даласында өсіп-өркендеп, ұрпақ өрбітті. Түрлі тағдырлар көктемде бүр жарған гүлдей осы құтты даладан бақыт тапты. Сондықтан, бүгінгі егемен елімізде көктем мезгілінің алғашқы күні Алғыс айту күні деп жариялануы тегін емес. Бұл – қоршаған әлеміңе, жақындарыңа жүрегіңнен шыққан жақсы тілегіңді жеткізіп, ақ адал алғысыңды білдіріп, Отан-Ананың перзенті екеніңді сезіндіретін күн.

Он жыл сайын 1 наурыз күні аталып өтетін бұл мейрам қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш пен қайғыны бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің Алғыс айту күні. Алғыс айту – бұл адамның жүрегіне ерекше жылулық сыйлайтын керемет қасиет және адамгершіліктің жоғарғы көрсеткіші. Әрбір жыл өткен сайын осынау мерекенің тарихы жаңа оқиғалармен толықтырылады. Осы себепті, бұл мереке халқымыздың асыға күтетін сүйікті мерекелеріне айналды. Бұл күні көптеген адамдар, ел тарихын есіне алып, ата-анасына, туған-туысы мен жақын-жуықтарына алғыс айтады. Сонымен қатар, адамдар ескірмес естеліктерін есіне алып, бір шаңырақ аясында жиналып уақыт өткізеді. Ендеше, мен де осы мереке қарсаңында жүрегімді жарып шыққан жылы лебіздерімді айтқым келеді.

Жалпы, өз басым еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ата жұртымызға қайта оралған жандардың бірімін. Дәлірек, айтқанда 1993 жылы әкем Тәліптің кіндік қаны тамған сол кездегі Жамбыл қаласына отбасымызбен қоныс аудардық. Қырғыз ұлтынан шыққан мемлекеттік қызметкерлердің отбасында дүниеге келген мені Жамбыл жұрты жатсынған жоқ. Тәжік мемлекеттік университетінің сырттай бөлімінде білім алып, экономист, жоспарлаушы және механик болып жұмыс істеген менің киелі Тараз топырағына қайта келген соң, филиал директоры лауазымдарында еңбек еткенім де рас. 2007 жылдан бастап «Жамбыл жол лаборатория» республикалық мемлекеттік мекемесінде тер төгіп жүрмін. Бүгінгі таңда бұл мекеме «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» облыстағы филиалы. Осы ретте кәсіби шеберлігімді шыңдап, жол саласында аянбай қызмет етуіме мол мүмкіндік берген қазақ халқына шынайы алғысымды айтқым келеді. Елімізде қара жолдың сапасын жақсарту әрі жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында еңбек етіп жүрген азаматтар жетерлік. Өз басым сол азаматтармен бірге иық тіресіп, еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын.

Өткен ғасырдың ортасында әкем Тәліп пен анам Клара КСРО құрамындағы Тәжік елінің экономикасын көтеру үшін сол жаққа жолдама алған. Кәсіби мансабын қарапайым мал дәрігерліктен бастаған асқар тау әкем Тәжік КСР-і ет- сүт өнімдері өнеркәсібі министрі лауазымына дейін көтерілді. Ал, аяулы анам жарты ғасырға жуық ұстаздық қызмет атқарды. Қазіргі таңда өмірлік серігім Раушан екеуміздің Руслан, Анель және Мерей мен Марат есімді ұл-қызымыз бар. Тұңғыш перзентіміз Руслан дәл қазір Назарбаев университетінде жұмыс істейді. Ал, қызымыз Анель Астана қаласында магистратурада білім алуда. Одан кейінгі егіздер Тараз қаласындағы №8 мектеп-гимназиясының оқушылары. Анасы екеуміз қолымыздан келгенше балаларымыздың сапалы білім алуларына жағдай жасап жүрміз. Бастысы, олар қоғамға қажетті маман иесі атанса деген тілегіміз бар.

Айта кетерлігі, көзге көрінген перзенттеріміздің де достарының басым көпшілігі – қазақ балалары. Біз үйде ұл-қызымызға қазақ халқының алмағайып кезеңде өзге ұлт өкілдеріне жасаған жақсылығын әрдайым айтып отырамыз. Халықтардың бірлігін сақтап, достығын нығайтуда Қазақ елінің алатын орны ерекше. Бұл ел көптеген дәстүрлер мен мәдениетті бір арнада тоғыстырған біздің ортақ үйімізге айналды. Қасиетті қазақ жазирасын мекендеген барша қандастарымның атынан Ұлы Дала еліне риясыз көңілден алғыс білдіремін. Бәріміздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанымыздың гүлденуі, болашақ ұрпақтарымыздың жарқын өмірі. Рақмет саған, Қазақ елі!

 

Қадыржан МЫРЗАЕВ,

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалының инженері

Ұқсас жаңалықтар