
Энергетика министрі өңірге жұмыс сапарын «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-нен бастады. Стратегиялық маңызға ие өндіріс орыны электр қуатын жеткізу, облыстағы қалалар мен аудандарды электр қуатымен қамтамасыз ету, электр желілері мен қосалқы станцияларын пайдалану қызметімен айналысады. Мекеменің қызмет көрсету аумағы – 144,2 мың шаршы шақырымды құрайды. Жамбыл электр жүйесінің құрамына Тараз қалалық электр жүйесі және 11 аудандық электр жүйелері кіреді. Мұндағы барлық құрылымдық бөлімшелер жөндеу-өндірістік базалары, арнайы машиналар мен механизмдермен жабдықталған. Ал, барлық жұмыстағы орталықтағы диспетчерлік бөлім арқылы қадағаланады.
– Диспетчерлік бөлім жұмыстың сапасын бірыңғай жүйе арқылы бақылауда ұстайды. Мониторда барлық жабдықтар көрсетілген. Қосымша схема негізгі қосалқы станциялардағы желі параметрлерін, сондай-ақ қуат ағындарының бағытын көрсетеді. Бүгінгі таңда «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС қызметтерін 303 мың тұтынушы пайдаланады, оның 290 мыңы – жеке тұлғалар. Электрмен жабдықтау жағдайы үнемі бақылауда. Қазіргі уақытта 136 мың тұтынушы заманауи есептеу құралдарымен жабдықталған. Бұл құрылғылар тұтынушылар мен қызмет көрсетушілер арасындағы қарым-қатынасты реттеуге мүмкіндік беретін алдын ала төленген функцияны, кернеуден қорғауды, жоғарғы және төменгі кернеуді реттеуді қолдайды. Енді контроллерлер қажет емес, тұтынушылар тұтынуды өздері реттейді және электр энергиясын төлейді. Сондай-ақ, энергия жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қаланың дамуы мен электр энергиясын тұтынудың артуы қалалық электр желілерін кеңейтуді талап етеді. Осыған байланысты энергетика басқармасы Қордай ауданында 220 киловатт қосалқы станция салуды және Таразда 110 киловаттық қосалқы станция салуды көздейтін 12 миллиард теңгелік жобаны қорғады. Қордай ауданында Қырғызстанның электр энергиясына тәуелділік проблемасы болғандықтан аталған құрылысты жүргізудің маңыздылығы артып отыр, – дейді «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС бас директоры Жұмағали Сабалақов.
Жұмыс сапары барысында салаға жауапты министр мекемедегі оқу орталығының жұмысымен танысты. Мұндағы оқу базасы заманауи технологиялармен жабдықталып, біліктілік арттырушы мамандарға толық жағдай жасалған. Бүгінгі күннің өзінде мұнда аудандық орталықтардан жиналған оннан астам маман біліктілігін арттыру бойынша дәріс алуда.
Бұдан басқа, мекемеде қосалқы станциялар мен желілердің негізгі жабдықтарын орталықтандырылған жөндеуді жүзеге асыратын тағы жеті өндірістік қызмет бар. Оның ішінде электр желілерінің орталық қызметі және тиісті электр жабдықтарын пайдаланумен айналысатын қосалқы станциялардың орталық қызметі, құрылымдық бөлімшелердің жоғары жиілікті және ішкі байланысын қамтамасыз етумен айналысатын орталық телекоммуникация құралдары қызметі, кәсіпорын базасында орталықтандырылған қойма және жабдықтарды жөндеу цехы бар. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстарымен айналысатын цех пен техникалық қызмет көрсету және автоматика қызметтерінің түрі де кіреді.
Өндірістік-техникалық бөлім жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізумен айналысады.
Бұдан бөлек, Алмасадам Сәтқалиев «Таразэнергоорталығы» акционерлік қоғамының 4-ші аумақтық қазандығының жұмысымен танысты. Жалпы, облыста жылу желілерінің ұзындығы 350,7 шақырымды құрайды. Өңірде тоғыз жылу-энергетикалық кешен және 593 автономды қазандық бар. Олар бүгінде 1646 көпқабатты тұрғын үй мен 1737 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етуде. Жылу маусымына дайындық барысында былтыр Тараз қаласында М-1 негізгі жылу магистралі, Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы орталық қазандықтар қайта жаңғыртудан өтті. Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таппақ. Нәтижесінде, жыл соңына қарай облыста жылу жүйелерінің тозу деңгейін 53 пайызға төмендету көзделген.
– Министрлікке энергетикалық кешеннің тұрақтылығын сақтау және одан әрі өсуді қамтамасыз ету бойынша маңызды миссиясы жүктеліп отыр. Біздің міндет – алға қойған барлық мақсаттарды іске асыру, саланы неғұрлым технологиялық, экологиялық таза және азаматтардың мүдделеріне бағдарланған ету. Өткен жыл біздің отын-энергетика кешенінің тұрақтылығы мен әлеуетін дәлелдеді. Біз алға қойған мақсаттарға жетіп қана қоймай, сонымен бірге еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған болашақ серпінді жобалардың негізін қаладық. Сонымен бірге, баламалы энергия көздерін дамыту басты мақсаттардың бірі болып қала береді. Биыл жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қуаты 455,5 мегаватт болатын тоғыз жаңа жоба жүзеге асырылады. Бұл бағытта өңірдің мол тәжірибесі мен әлеуеті бар екендігі түсінікті, – деді Алмасадам Майданұлы.
Жұмыс сапарын еліміздің оңтүстік бөлігінде ең ірі электр энергиясын өндіруші саналатын «Жамбыл ГРЭС» компаниясында жалғастырған Энергетика министрі Тараз қаласының тұрғын алаптары үшін жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар салу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Таразда ыстық су уақытша өшіріледі
- 12 сәуір, 2025
Мегажобалар жүзеге асса, мыңнан астам жұмыс орны құрылады
- 12 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді