«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Айтулы оқиғаларға толы ақпан айы

Айтулы оқиғаларға толы ақпан айы
Ашық дереккөз
Өткен ақпан айы еліміз үшін айтулы оқиғаларға толы болды. Ел Президенті Ақордада саяси және экономикалық тұрғыда маңызды қабылдаулар мен кездесулер өткізіп, Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатын нығайтуға қатысты бірқатар маңызды шешімдер қабылдады. Сонымен, ақпан айында Ақордада қандай айтулы оқиғалар орын алды?

Қазақстан Президенті өткен айда Ақордада бірқатар қабылдаулар жүргізді. Маңызды кездесулер тізбегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астанаға ресми сапармен келген Түрікменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовті қабылдауынан басталды. Бүгінде қазақ-түрікмен қарым-қатынастары барлық бағытта достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Екі ел арасында экономикалық байланыстар қарқынды дамып, мемлекеттер мүддесіне сай келетін өзекті мәселелер конструктивті тұрғыдан ілгерілеп келеді. Рашид Мередовтің айтуынша, қазақ-түрікмен ықпалдастығы стратегиялық сипатқа ие, сонымен қатар берік әрі ұзақмерзімді перспективаға құрылған. Әңгімелесу барысында энергетика, көлік-транзит және мәдени- гуманитарлық салалар бойынша бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Өткен айдың басында Астанаға келген Грузияның Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен келіссөз жүргізген Президент қазақ-грузин қарым- қатынастарының қарқынын жоғары бағалады.

Қазақстанның Кавказ аймағындағы сенімді серіктесі саналатын Грузия екі ел арасындағы көпжоспарлы ықпалдастықты нығайтуға баса мән беруде. Кездесуде сауда, энергетика, инвестиция, туризм, жасанды интеллект және цифрландыру секілді көптеген бағыттағы екіжақты байланыстарды кеңейту перспективасы қарастырылды.

12 ақпанда елімізге Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин ресми сапармен келіп кетті. Бүгінде Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағыт бойынша оң қарқынмен дамып келе жатқаны белгілі. Сироджиддин Мухриддинді қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтудың мәні зор екенін айтып, былтыр қол қойылған Одақтастық қатынастар туралы шарт Астана мен Душанбенің сан қырлы және табысты ынтымақтастығының маңызды кезеңі болғанын еске салды. Тәжік дипломатымен әңгімелесу барысында бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. Әсіресе, экономика, сауда, транзит, цифрландыру, білім және мәдениет салаларындағы ықпалдастықты нығайту перспективасына айрықша мән берілді.

Осы күні Президент Ресейдің Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгуды қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен Ресейдің түрлі бағыттағы екіжақты серіктестігі және өңірлік қауіпсіздік бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Екі елдің экономикалық байланыстары табысты ілгерілеп келе жатыр. Мәселен, 171 жоба бойынша уағдаластыққа қол жеткізілген. Оның ішінде 50-ден астам жоба жүзеге асырудың соңғы кезеңіне жетті. Бүгінде Ресей Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының біріне айналды. Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бұл сапары екіжақты ықпалдастыққа шолу жасап, өзара іс-қимылдың жаңа бағыттары бойынша келісімге келуге оңтайлы мүмкіндік бермек.

Астанаға ресми сапармен келген Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің деңгейі жоғары екенін атап өтіп, былтыр Будапешт қаласына жасаған мемлекеттік сапары аясында қол қойылған келісімдердің өз деңгейінде іске асырылып жатқанына көңілі толатынын жеткізсе, Халықаралық күрес федерациясының президенті Ненад Лаловичті қабылдау кезінде Қазақстанның Халықаралық күрес федерациясымен стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға ниетті екенін мәлімдеді. Кездесулер соңында Президент қазақ- мажар қарым-қатынасын дамытуға қосқан үлесі үшін Петер Сийяртоны және Қазақстандағы күресті дамытуға қосқан үлесі үшін Халықаралық күрес федерациясының президенті Ненад Лаловичті II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Елімізде ақпанның соңғы аптасы да саяси оқиғаларға толы болып, осы күндері Президенттің қабылдаулары мен кездесулері жалғасын тапты. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Александр Новакты қабылдап, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мен энергетика саласындағы өзара ықпалдастық мәселелері талқыланса, Қырғызстанның жаңадан тағайындалған Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиевпен кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жан-жақты тереңдету мәселелері сөз болды. Бұл күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаидиді қабылдап, Оманды Қазақстанның сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктесі деп атады. Кездесу барысында көлік-логистикалық, ауыл шаруашылығы, мәдени- гуманитарлық және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық перспективасы қарастырылды. Сондай-ақ, өзара байланыстарды нығайтуға септігін тигізетін екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастарын ашу мәселесі талқыланды.

Қазақстан басшысы Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IАСА) президенті Памела Харристі қабылдап, Еуропалық кеңес президенті Антониу Коштамен телефон арқылы сөйлесті. Түркия Президентімен де телефон арқылы сөйлескен Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды туған күнімен құттықтап, бауырлас түрік халқының игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметінде толағай табысқа жете беруіне тілектестік білдірді. Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары қазақ-түрік кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің қарқыны жоғары екенін атап өтіп, екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту перспективасын талқылады.

ИГІЛІККЕ ТОЛЫ ИОРДАНИЯ САПАРЫ

Қазақстан Президенті биылғы алғашқы шетелдік сапарын Парсы шығанағынан бастап, жыл басында дәстүрлі саммитке қатысу үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне барған болатын. Осыдан кейінгі ресми сапары 18-19 ақпанда Амманда жалғасып, Қасым- Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалла бен әл- Хусейнмен келіссөз жүргізді. Президенттің пікірінше, Иордания – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бейіл ел ретінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған мемлекет. «Бұл сапарымның мақсаты – біздің қарым-қатынастарымызға, достығымыз бен сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін беру. Сонымен қатар, біз саяси деңгейдегі ынтымақтастығымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Таяу болашақта нақты уағдаластықтарға қол жеткізіп, оның оң нәтижелерін көретінімізге сенімдімін. Біз Иорданияны достас мемлекет деп санаймыз. Екі елді байланыстыратын дүние көп», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу барысында тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, энергетика, цифрландыру және фармацевтика секілді негізгі секторлардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективасын егжей-тегжейлі талқылады. Екі елдің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын кеңейту мәселелеріне де айрықша мән берілді. Келіссөздер аяқталғаннан кейін Қазақстан Президенті мен Иордан Хашимит Корольдігінің Королі Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегациялар мүшелері бірқатар құжаттарға қол қойды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Иорданияға ресми сапары аясында маңызды ведомствоаралық және коммерциялық 10 құжатқа қол қойылғанын да атап өткен жөн.

АҚОРДАДА КАДРЛЫҚ АУЫС-ТҮЙІС...

Ақпанда Ақордада бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. 13 ақпан күні Мемлекет басшысының өкімімен Мағзұм Мыр заға лиев Қазақст ан Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды. Бұл қызметті атқарған Болат Ақшолақов лауазымынан босатылды. Айта кетейік, Мағзұм Мырзағалиев бұған дейін де, яғни 2022 жылдың қаңтар-сәуір айларында Президенттің кеңесшісі қызметін атқарған. Ал, келесі күні Тамара Дүйсенова жаңа қызметке тағайындалды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Тамара Дүйсенова Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалып, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды. Жаңа қызметіне дейін Тамара Дүйсенова Премьер-Министрдің орынбасары болған еді.

14 ақпанда бұған дейін Шығыс Қазақстан облысын басқарған Ермек Көшербаев Премьер- Министрдің орынбасары болып тағайындалды. Осы күні Нұрлан Ұранхаевтың Абай облысы әкімі қызметінен кеткені туралы хабар тарады. Ал, 17 ақпанға дейін Президенттің кеңесшісі болған Ерұлан Жамаубаев жаңа лауазымға ие болды. Қаржы саласына қайта оралған Ерұлан Кенжебекұлы Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Артынша Мемлекет басшысының өкімімен Президент Әкімшілігінің екі бөліміне жаңа басшы тағайындалды. Нұрдәулет Төлеев Жалпы бөлім меңгерушісі лауазымынан босатылып, орнына Ербол Адаев тағайындалды. Сондай-ақ, Дәурен Ерғарин Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалып, осы қызметті атқарып келген Алексей Калайчиди жұмыстан кетті.

17 ақпанда Қазақстан Президентінің жаңа баспасөз хатшысы тағайындалды. Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы лауазымына Руслан Желдібай жайғасып, ол Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі лауазымынан босатылды. Еске салсақ, Руслан Желдібай бұған дейін де, яғни 2022 жылғы сәуірден 2023 жылдың қаңтарына дейін Президенттің баспасөз хатшысы қызметін атқарған.

Өткен аптаның басында Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісін тағайындады. «Мемлекет басшысының Жарлығымен Арман Оразбайұлы Қырықбаев Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген Ақорда хабарламасында.

Президент Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының жаңа орынбасарын тағайындады. Бұған дейін агенттіктің аппарат басшысы болған Әлібек Ахмедьяр Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Сонымен қатар, осы күні Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік басқару академиясының ректорын ауыстырды. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры болып Азамат Жолманов тағайындалды.

Кеше Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерсайын Нағаспаев Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына, Әсет Ерғалиев Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, Абай Қайырбеков Ішкі істер министрінің орынбасары – Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы, ал, Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатылған Қанат Шарлапаев Президенттің көмекшісі болып тағайындалды.

ЕКІ ОБЛЫСТА – ЖАҢА ӘКІМДЕР

17 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен екі бірдей облыстың әкімдері жаңадан тағайындалды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына бұған дейін аталған облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Нұрымбет Сақтағанов жайғасты. Еске сала кетсек, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысын басқарған Ермек Көшербаев Премьер- Министрдің орынбасары болып тағайындалған болатын.

Мемлекет басшысының тағы бір Жарлығымен Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалып, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды. Айта кетейік, Берік Уәли бұған дейін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы қызметін атқарған.

БАРЛЫҚ САЛАДА ЖҰМЫСТАРДЫ ЖАНДАНДЫРУ – МАҢЫЗДЫ

Өткен айда Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев жұмыс кестесіне сәйкес тиісті орган басшыларын қабылдап, бірқатар маңызды шараларға қатысты. Мәселен, Президент Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті, Бас прокурор Берік Асыловты, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайды және Премьер- Министр Олжас Бектеновті қабылдады. Президент қабылдауында Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді. Бас прокурор Берік Асыловқа «Заң және тәртіп» қағидасын іске асыру, барлық салада заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ, алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, есірткі бизнесімен күрес, қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша құқық қорғау мен басқа да мемлекеттік органдардың қызметін үйлестірудің маңызын атап өтті. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловқа Президент мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар, бюджет қаржысының игерілуін тиімді бақылау үшін заманауи цифрлық шешімдерді енгізудің маңызына назар аударды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайға Президент «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуге және Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар, Қасым- Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру үшін заманауи HR-құралдарын енгізу маңызды екеніне назар аударды. Еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуы және Үкімет қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде баяндаған Премьер- Министр Олжас Бектеновке экономиканың қарқынды өсімін және әртараптандыруды қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды жетілдіруге, энергетика мен коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға қатысты міндеттерді іске асыру мақсатында жүйелі шаралар қабылдаудың маңызын атап өтті.

Жоғарыда айтып өткендей, қыстың соңғы қысқа айында Президент бірқатар маңызды шараларға қатысты. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда отандық бизнес өкілдерімен кездесіп, келесі күні «Жаңа адамдар» жастар форумында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы форумға жиналған жалынды жастардың бойындағы Отанға, елге деген сүйіспеншілік пен құрметке ризашылығын білдіріп, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың әр жетістігіне қуанатынын, әр бастамасын қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 11 ақпан күні UAE SWAT Challenge сайысында топ жарған күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттады.

«Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестиваліне барған Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, тау-кен, металлургия, мұнай-газ, құрылыс, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салаларға маман даярлау үдерісімен танысты. Президент атом электр стансасы секілді ірі жобаларды жүзеге асыру қарсаңында сапалы білім мен кәсіби дағдыны меңгерген мамандар өте қажет екенін айтты. Келесі күні Мемлекет басшысы елордадағы бірқатар нысанды аралады. Ал, 26 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп, жиында армияны жаңғырту және әскери инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы Қарулы Күштерді одан әрі дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Жалпы алғанда, өткен ақпан айы ел Президентінің тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық саласында жүзеге асырылған жұмыстардың жүйелілігімен және соған сай Ақордада қабылданған шешімдердің маңыздылығымен есте қалары анық.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар