«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақиқаттың жыршысы – ақын Жамбыл

Ақиқаттың жыршысы – ақын Жамбыл
Ашық дереккөз
Екі ғасырға куә болып, ғасыр жасаған әйгілі айтыс ақыны, жырау Жамбыл Жабаевтың әр өлеңі – тағылым, әр айтысы – асыл мұра. Ақынның атымен аталған облыста жыр алыбын ардақтау басты міндет. Ақынның құрметіне арналған «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы Жамбыл жерінде биыл он үшінші рет өткізілді.

«Баласағұн» орталық концерт залында республикалық ақындар айтысын Аманжол Әлтайдың әсерлі жүргізіп отыруы жыр додасының маңызын аша түсті.

Қазылар алқасын Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман басқарса, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан және жамбылдық айтыскерлер, Мәдениет саласының үздіктері Ахметжан Өзбеков, Айтмұханбет Исақов және белгілі журналист Жасұлан Әбдіхалық қазылар құрамынан табылды. Әулиеаталық көрермендер алдында еліміздің әр аймағынан жиналған 14 айтыскер сөз сайысына түсіп, тақырыпты қамти отырып, тарихи Әулиеата топырағының құндылықтарын шеберліктері жеткенше жырларына арқау етті.

Көрермен сағына күткен айтыс шымылдығы Абай облысынан келген Рүстем Қайыртай мен Шығыс Қазақстан облысының ақыны Серік Қуанған арасындағы сөз сайысымен түрілді.

Екі ақын да Жамбыл жерінің жақсылықтарын жарқыратып көрсетуге ниет танытты. Келесі жұпта айтысқан алматылық ақындар Шұғайып Сезімхан мен Нұрзат Қару құрдастардың әдемі айтысын жасады. Әсіресе, Нұрзат:

«Жамбылдың айтысына келген кезде, Кененнің әніне сал құрмет қылып», – деп Әулиеата жұртына деген ізетін көрсетті.

Ал, Жайықтың жағасынан келген Жансая Мусина мен жамбылдық Әсет Дүйсебаев айтысы әзілге толы болды.

Жамбылдық Нұрлыбек Құрманов Керекуден келген Рауан Қайдаровпен терезесі тең айтыс жасай білді. Нұрлыбек ұлттық құндылықты айта келіп:

«Бесікті түзеу түгіл бүгінгілер, Бесікте жатқызбайды балаларын» деді.

Жерлесіміз Алтынкүл Қасымбекова мен шымкенттік Қалижан Білдаш та әдемі айтыс жасады.

Ал, жамбылдық тағы бір жүйрігіміз Рай Дөңбай атыраулық Батыржан Қадырбаймен жарасымды айтыс жасады.

Бұл жыр аламанында да әр аймақтан жиналған азулы айтыскерлер жыр алыбы Жамбыл Жабаевты да, Әулиеата жұртының жетістігін де кеңінен ашып жырлады.

Айтысты қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман қорытындылап, кешке дейін сөз өнерін құрметтеген көрерменге алғысын білдірді. «Бүгін біз керемет жоғары деңгейдегі айтысқа куә болдық. Жамбыл Жабаев тақырыбы, Әулиеата жетістігі, елдің бірлігі мен ынтымағы кеңінен жырланды. Ұйымдастырушы облыс әкімдігіне алғыс айтамын» деді.

Мұнан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз сөйлеп, барша ақындарға алғысын білдірді. «Жамбыл жеріндегі дәстүрлі айтыс жоғары деңгейде өтті. Біз еліміздің әр аймағынан келген азулы айтыскерлерге алғыс білдіреміз. Қазылар алқасының шешіміне де ризамыз», дей келе айтыстың бас жүлдесін (1 миллион 700 мың теңге) Шығыс Қазақстан облысынан келген Серік Қуанғанға табыс етті. Қазылар алқасының шешімімен 1 миллион 200 мың теңгелік бірінші жүлде қызылордалық Мұхтар Ниязовқа бұйырды. 1 миллион теңгелік екінші жүлдені оралдық Жансая Мусина иеленсе, 750 мың теңгелік жүлделі үшінші орынға астаналық Мұхтар Қонарбаев лайық деп танылды.

Айтыста 500 мың теңгелік 4 жүлде тағайындалды. Ұлбике ақын атындағы жүлдені жамбылдық Әсет Дүйсебаев, Кенен Әзірбаев атындағы жүлдені Абайлық Рүстем Қайыртай иеленді. Бауыржан Момышұлы атындағы жүлде алматылық Шұғайып Сезімханға, Әзімбек Жанқұлиев атындағы жүлде керекулік Рауан Қайдаровқа берілді.

Облыс әкімдігі мен Amanat партиясы облыстық филиалы ұйымдастырған айтыс сәтті өтіп, өз мәресіне жетті. Облыс намысын қорғаған Алтынкүл Қасымбекова, Нұрлыбек Құрманов, Рай Дөңбай да аянып қалған жоқ.

Кеш соңында Жүрсін Ерман мен Аманжол Әлтаев биыл 50 жасқа толған белгілі айтыскер, Ахметжан Өзбековті мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар