
Сарыкемер ауылындағы Мәдениет үйінде өткен тұрғындармен кездесуде жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Жиында сөз алған аудан әкімі Олжас Баққараев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары бойынша баяндама жасады. Оның сөзінше, ауданда үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешілген. Тұрғындарды баспанамен қамту бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 2 ауылдық елді мекен мен 1 көше ауыз сумен толығымен қамтылады деп көзделуде. Сонымен қатар, осы жылы пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 39,3 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр.
– Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып, жаңа массивтер мен көпқабатты үйлер бой көтеруде. Былтырғы жылдың қорытындысымен 38,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл 30 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 427,5 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, 60 пәтерлік 6 көп қабатты үйлер құрылысына тиісті құжаттамаларымен бюджеттік өтінім ұсынылды, – деді Олжас Баққараев.
Бұдан кейін, облыс әкімі өткен жылдың қорытындысы бойынша қол жеткізілмеген көрсеткіштер мен өзекті мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасарлары мен құзырлы орган өкілдерінен жауап алды. Аймақ басшысы білім беру мекемелерінде бұған дейін орын алған қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында жұмысты жандандыруды тапсырды. Жиын соңында облыс әкімі жергілікті халықтың талап-тілегін тыңдады. Өз кезегінде Рүстем Мырзақұлұлы есімді азамат «Амангелді газ» құбырының аймағындағы 37 отбасының баспанасына қауіп төніп тұрғанын жеткізді. Облыс әкімінен көмек сұраған ол «Интергаз орталық Азия» акционерлік қоғамы тұрғындарды сотқа бергеніне тоқталып, алдағы уақытта үйлері сүріліп кете ме деп алаңдайтынын айтты. Ал, көпбалалы ана Оксана Макаева мектеп жасындағы ба ла лардың бо с уақытын тиімді пайдаланатын үйірмелердің жоқтығын, сол себепті қосымша білім беру мекемелерінің қатарын көбейтуді сұрады. Бұдан бөлек, шаруа қожалық жетекшісі Маут Фазулов пен зейнеткер Әзімбек Ойықбаев жер кезегі, орталықтандырылған су жүйесі мен көше жарығы, ұялы байланыстың нашар екендігін айтты. Тиісінше, облыс әкімі барлық сұрақтарға облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, жан-жақты жауап берді. Аймақ басшысы аталған түйткілді мәселелерді шешу жолдары қарастырылатынын айтып, аудан басшылығына нақты тапсырма жүктеді.
– Басты мақсат – қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыру. Ауданда шешімін күткен мәселелер бар. Оның бәрін бірден шешіп тастау мүмкін емес. Бюджеттің мүмкіндігіне қарай, қажетті шаралар қабылданады. Халық пен билік өзара түсінісіп, екіжақты жауапкершілікті сезінгенде ғана мәселелерді шешуде нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз, – деді Ербол Қарашөкеев.
Кездесу соңында облыс әкімі бірқатар ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.
Есен ӨТЕУЛІ
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Тоқаев Ақордада Еуроодақтың жоғарғы өкілін қабылдады
- 28 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді