
...Он екі жас үлкендігі болған соң, Құдайберлі ағамның балалық шағын үлкендердің айтуымен ғана білемін. Тым жас кезінен өте білімді, өткір болыпты. Ауылдың да, Байқадамның да немістеріне дейін қазақ болып кетсе, бірлі-жарым «аға ұлттың» өкілдері де қазақша сөйлегенде қара қазан қайнататын. Сөйте тұра, жеті жасқа толғанда орыс тіліне жетік болып, сол кездегі аудан орталығындағы оқушыларды орыс тілінде оқытатын Қазақ ССР-нің 40 жылдығы атындағы орта мектептің табалдырығын немере ағам, түйдей құрдасы Рахымберлімен бірге аттапты.
Ес біле бастағанда Құдекеңнің ауызын ашса, жүрегі көрінетін аңқылдаған көңілін, үлкен- кішіге ерекше құрметпен қарайтынын, үстіне қыл жуытпай таза жүретіні, спортқа сонша құмарлығын аңғара бастадым. Қайсарлығы, шыншылдығы да үлгі болды. Мен ғана емес, үлкеніміз Рахметулла ағамыз да, кейінгі үш аға да, ұлдың кенжесі де Құдекеңдей болсақ дедік. Тіпті екі қыздың да ағалары үшін шығарға жаны бөлек. Біздің пайымымызда баланың бірін атасы, енді бірін әжесі, тағы бірін әкесі жақсы көрсе, әйтеуір бір баланы анасы «меншіктеп» алатындай көрінетін. Ал біздің үйде Құдайберлі ағаны анам жарықтық ерекше жақсы көретіндей сезілетін. Бертін келе, ес біле ғой ата-әжеге де, әке-шешеге де немеренің де, баланың да бәрі бірдей екенін түсінгеніміз.
Құдайберлі ағамыз онжылдықты бітірген соң, Түркістан қаласындағы педагогикалық-индустриалды техникумына оқуға түседі. Орта және арнаулы оқу орнын қызыл дипломға бітіріп, одан әрі жоғары оқу орнында оқуды мақсат етіп, Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы Куйбышев атындағы ауыл шаруашылығы институтына құжатын өткізеді. Алғашқы емтиханды 5-ке тапсырып, бірден студент болды. Рахметулла ағамыз да осы институтта оқитын. Кеңес заманында жоғары оқу орнында өндірістен қол үзіп оқып жатқан студенттерді әскер қатарына алмайтын. Алайда, Рахаңды бізге түсініксіз жағдайда әскерге алып кетіп, екі жылдан соң курсына оралып, інісімен бір курста, бір группада оқыды. Екеуі де жылына екі рет келетін сессияны кілең беске тапсырып, әке-шешеме институт ректорының атынан «алғыс айтқан» хаттар легі толассыз келіп жататын. Құдекең мақұл, Рахаң онжылдықты қазақ мектебінде бітірді. Орыс тілді жоғары оқу орнында үздік оқып жатқаны қайран қалдыратын. Институттың алдында Луговой зооветеринарлық техникумда оқығанда орыс тілін сол кезде меңгеріп алды ма екен, үлкен ағамыз.
1977 жылы қыста екі аға да институтты «қаракөл шаруашылығы маманы» мамандығы бойынша қызыл дипломға бітіріп, елге бірге оралады. Сондағы әке-шеше, ағайын-туыстың қуанышын көрсеңіз! Айға жуық, құтты болсын айтқан сарысулықтардан киелі қарашаңырақ бір сәтте босамады. «Әбекеңнің Өзбекстанда кімі бар? (Әкемді айтады). Екі баласы бірдей Самарқандтағы атақты институтты қызыл дипломға бітіріп келетіндей» деген сөз ауылда, тіпті ауданда желдей есті. Бірде доп қуып жүргенде бір досым «Өзбекстанда сендердің қандай туыстарың бар?» десін. Нені меңзеп тұрғанын ішім сезе қойды да, «Өзім газетке жазып, іздеу салып жүрген шешемнің соғыста хабарсыз кеткен жалғыз ағасы ағамдар оқыған институттың ректоры ғой. Ана жылы табыстық емес пе» дей салдым. Содан не керек, менің қалжың қылып айта салған сөзім ауылға тарап кетіп, әкеме келіп «қайнағаңызға айтыңызшы, баламды оқуға түсіріп берсін» деген ауылдастардан үй босамайтын. Сөйтіп, соғыста хабар-ошарсыз кеткен Бегім нағашымның атын осылай бір «жаңғыртқаным» бар.
Рахметтулла аға Таласқа, Құдайберлі аға Мойынқұмға жас маман болып қызметке аттанды. Қаракөл қойын өсіретін екі ауданның басшылары да жоғары білімді зоотехниктерді құшақ жая қарсы алды. Құдайберлі Әбіловтің еңбек жолы облыс аумағының жартысына жуығын алып жатқан, береке қонып, бақ дарыған Мойынқұм өңіріндегі еңбек жолы «Байтал» кеңшарында зоотехник-селекционер болып басталды. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында аға зоотехник болып, ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын шалғай өңірдің тыныс- тіршілігімен жете танысты. Жоғары білімді жас маман қандай да бір басшылық қызметті болмасын иіріп алып кететінін сезген аудандық партия комитеті «Құмөзек» кеңшарына бас зоотехникке ұсынды. Уақ малмен қатар, үлкен сиыр фермасы бар шаруашылықты алдыңғы қатарға шығаруда ағаның еңбегі зор болғанын Мойынқұмда аралас-құралас жүріп, бірге қызмет еткен алдыңғы толқын өкілдері әлі күнге дейін еске алып отырады.
Даңқты шопан Жаз-атаның, Жазылбек Қуанышбаевтың батасын алып, ауданды ширек ғасыр жемісті басқарған Айтекеңнің, Айтбай Назарбековтің ақыл-кеңесін тыңдап, ел басқарудағы тәжірибесін бойына сіңіре білген Құдайберлі Абылашұлы көп ұзамай «Мойынқұм» кең шары партия комитетінің хатшысы болып тағайындалды. Ол заманда «жүз қойдан пәлен қозы береміз» деп компартияға уәде беретін уақыт. Партияға берген уәде сөзсіз орындалуы тиіс, орындалмаса, не боларын аға буын, біздің замандастар жақсы біледі. Содан кеңшар директоры, бас мамандармен бірге күн демей, түн демей малды ауылда еңбеккерлерді төл алуға жұмылдырып жүргені. Одан кейін де жыл бойы тоқтамайтын шаруашылықтың қарбалас тірлігі бірінен кейін бірі, жалғасып жатады. Әлбетте, мұндай жұмыстың қайнаған ортасында үгіт- насихат жұмыстарын қыздырып парторг жүреді.
Ел тәуелсіздігін алып, басқарудың жаңа жүйесі енгенде Құдайберлі ағамыз Қамқалы ауылының әкімі болып тағайындалды. Тәуелсіздіктің елең- алаңында шалғай ауылдың тұрғындары жан- жаққа үдере көшіп, Ұланбел ауылдық аймағына қарағанда сол аймаққа әкім болды. Шу өзенінің іргесіндегі Ұланбел өңірі қай кезеңнен бақ қонып, береке қонған мекен. Мойынқұм ауданына журналистік сапармен жиі барамын. Бір барғанда «Қарабөгет» және «Шу» кеңшарының директоры болған, ауыл шаруашылығы саласының іскер ұйымдастырушысы, иманды болғыр Серікбай Жақсынбетов құдамыз:
– Ұланбел тым ерте кезден берекесі тасыған, тұрғындарының ынтымақ-бірлігі бекем, киелі мекен. Совхоздар тарап, ел-жұрт «екі қолға бір күрек» таппай қиналғанда ауыл азаматтары іргедегі Шу өзеніне қармақ салды, аң аулады. Бетпақдала кезіп, киіктің мүйізін, ракетаның сынығын жинады. Кейінгі жылдары «қызыл тас» болса да байлықтың көзіне айналды. Содан да ондағы жұрт көшпей, әр шаңырақ түтінін түзу шығарып отыр, – дегені бар. Бірлігі бекем, ырысы тасыған ауылдық аймақтың жасампаз жұртын одан сайын айрандай ұйытқан ағамызға алыс мекеннің тұрғындарының құрметі де ерекше еді.
«Мойынқұм» совхозында партком болып жүрген жылдары ма екен, бірде академик- жазушы Ғабит Мүсіреповке облыстық партия комитетінің тапсырмасымен жолбасшы болған, облыстық білім бөлімінің басшысы Жатай Жұмаділов ағамыз бар, бір топ кісілердің алыс өңірге жолы түседі. Ғабеңнің мақсаты – Сәкен Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабының басты кейіпкерлерінің бірі – революционер жазушыны Шу өзенінен өткізуге көмек қолын созған, Ұланбел ауылының қарт тұрғыны Сүйіндік қариямен жолығу. Құдекең кең далаға киіз үй тіктіріп, дастарқан жайдырып, Алматы мен Жамбылдан келген мәртебелі қонақтарды ерекше құрметпен күтіп алып, Ғабең мен Сүйіндік қарияның кеңінен отырып, әңгімелесулеріне жағдай жасайды. Кемеңгер жазушы ағамыздың елгезектігіне, кісі күтудегі мәдениеті мен парасаттылығына риза болып арқасынан қағып, батасын береді.
Шу өзені мен Бетпақдаланың іргесінде жатқан өңірге жолы түскен қазақтың қай перзенті Құдекеңнің үйінен, Райхан жеңгеміз жайған дастарқаннан дәм татпады десеңізші! Қазақтың даңқты перзенттері Нұрғиса Тілендиев, Роза Бағланова, Әзілхан Нұршайықов, Асанәлі Әшімов бастаған небір дүлдүлдер шалғай өңірде гастрольдік сапарларда, халықпен кездесулерде болғанда қона жатып, дәм татқан, баталарын берген.
Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов Мойынқұмның алыс ауылдарына жасаған жұмыс сапарында өзінен небәрі екі-ақ жас үлкен болса да, Құдекеңе деген құрметі ерекше болды, үйінен дәм татып тұратын. Серік Әбікенұлы Шу бойындағы ауылдарға жасаған бір сапарында ағаның иығына зерделі шапан жапқаны бар. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы шығар. Қай облыстың әкімі қай ауылдың әкіміне құрмет көрсетіп, шапан жауыпты? Сірә, ағамыздың бойындағы жан-жақты қасиетті танып, елдің еңсесін көтерудегі еңбегін білген көрегендігі шығар. Облыста басшылық қызметте болған, нарықтық экономиканың майталман білгірі, Сарысу ауданының түлегі, белгілі азамат Сейфулла Қожақанов бастаған, тағы басқа да елге белгілі сарысулық ағаларымызда Сарыарқаға Бетпақ дала арқылы жолдары түссе, аға үйіне соғып, дәм татып өту жазылмаған қағидаға айналған.
Сексенінші жылдары студент кезімде қысқы каникулда «Мойынқұм» кеңшарының парторгі- ағамның үйіне қыдырып барғанда елге белгілі композитор Мэлс Өзбеков ауылдықтармен кездесуден кейін, ағамыздың үйіне түсті. Түнімен әннің де, әңгіменің де әрін кіргізіп, ертеңіне жеңіл көлікпен композитор ағамен бірге аудан орталығына жолға шықтық. Жарықтық Мекең, 150 шақырымдай ұзақ жол бойы ағам мен жеңгемнің қонақжайлығын, аңқылдаған көңілдерін тамсана айтумен болды. «Би түсетін үй сондай болса керек», – деді композитор аға. Тұрлаусыз дүние, тоқтаусыз уақыт, одан бері де қырық жылдан аса уақыт өтіп кетіпті.
Мойынқұмда 24 жыл үздіксіз басшылық қызметте еңбек етіп, Ұланбел ауылының әкімінен 2001 жылы туған жерге ту тігуді мақсат тұтып, Сарысу ауданына оралып, сол кездегі аудан әкімі Серғали Айдапкелов Құдайберлі Әбіловті Жаңаарық ауылдық округінің әкімі етіп тағайындады. Аудан орталығы – Жаңатастың іргесіндегі Ұзақбай Сыздықбайұлы мен Ақтоғай ауылы тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту жолында тынымсыз еңбек етті. Ол кезде Тоғызкент өңіріндегі Шағалалы елді мекені де осы ауылдық округке қарайтын. Екі күн орталық пен Ақтоғайда болса, үшінші күні құмның іргесіндегі Шағалалыда жүретін. Аудан, облыс басшыларына шығып жүріп, сондағы орта мектептің қосымша құрылысына жергілікті бюджеттен қаржы аудартуға ықпал еткені де есте.
«Ақ жол» газетінде журналист болып еңбек етіп жүргенімде, туған өңірге барған сайын ағаның адамгершілігін, талапшылдығын, іскерлігін ауылдағы ағайындардан талай естідім. Ауылдық аймаққа әкім болып тағайындалысымен Тараз-Жаңатас бағытындағы жол қақ жарып өтетін Ұзақбай Сыздықбайұлы ауылын күл- қоқыстан тазартып, көріктендіру-көгеріштендіру жұмыстарын қолға алды. Тіпті аңғал-саңғалы шыққан ауыл әкімінің кеңсесін өзінің жеке қаражатына әктетіп, есік-терезесі мен еденін сырлатты. Ауылдағы тау болып үйіліп жатқан күл-қоқысты шығаруға және ауыл іргесінен өтетін өзеннен арық тартып, ауылды көркейтуге Жаңатастағы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Сәрсеновке шығып, комбинаттың алып техникаларымен ауылды аршыған жұмыртқадай етті. Тастақ жерге тал отырғызып, саябақ ашқанын да ағайындар жыр қылып айтып отырар еді. Бұрыннан ажары атқан таңдай Ақтоғай ауылы одан сайын көкке тұнды.
Аудан әкімі аппаратының басшысы болып еңбек еткен жылдары да «қағаз қарап» отырмағаны немесе әкімнің «папкасын» көтеріп жүрмегені де сарысулық жерлестердің көз алдында. Жас, іскер кадрларды лауазымды қызметтерге тағайындатуда аудан әкіміне әркез ұсыныспен шығып отырды. Бүгінде олардың алды елуді еңсеріп, алпысты алқымдап қалса да, «біз ағаның шәкіртіміз» дейді. Сарысу ауданының сол кездегі әкімі, бүгінде Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбековке «Мына аппарат басшылығын жастар атқарсын, мен қай қызметке болса да барайын» дегенін де білемін. Көп ұзамай орталығы туған ауылымыз – Өндірістегі Игілік ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. Туған ауылға сіңірген еңбегі де жерлестер есінен шықпаған болар.
Ауылдық округ әкімі қызметінен зейнетке шыққан соң, саналы ғұмырын елдің өсіп- өркендеуіне арнаған ардақты аға кезінде өзінің орны – Жаңарық ауылдық округінің әкіміне ұсынған Ақтоғай ауылының түлегі, жас та, іскер маман, бүгінде облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ол кезде әртүрлі басшылық баспалдақтарынан өтіп, аудан әкімі қызметін атқарып жатқан болатын. Қанатбек Қайшыбекұлы ұстазындай көріп, атасындай сыйлайтын Құдекеңді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығына ұсынады. Сарысулық ардагерлер Құдайберлі Абылашұлының ұйымдастырушылық, іскерлік қасиетін, шалғай өңірдің тұрғындары арасындағы сый-құрметін, биліктегі беделін білетіндіктен де, бірауыздан төрағалары етіп сайлады. Бес жылдан аса аудан ардагерлерінің көшбасшысы болғанда қарт кісілердің жағдайын жасап, ауданның қоғамдық- саяси өміріне белсене араласты. Аудан көлемінде қандай да бір шара өтпесін, тұрғындарды ынтымақ-бірлікке жұмылдырып, бел ортасында жүрді.
Мойынқұм мен Сарысу сынды қазақи, қаймағы бұзылмаған шалғай аудандарда еңбектің жарқын жолын өткізіп, ақылгөй, батагөй, данагөй қартқа айналып, Тараз қаласына қоныс аударды. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген қағиданы берік ұстанатын аға-жеңге кезінде Мойынқұм және Сарысу ауданында бірге қызмет еткен, аралас- құралас жүрген кісілерді үйіне үздіксіз шақырып, қонақ етіп жатты. Елу жыл бұрын Самарқандта бірге оқыған студент-достары да ары-бері өткен сайын қонақжай шаңыраққа соғып кететін.
Облыс орталығының қоғамдық-саяси өмірінен де тыс қалмады. Былтыр күзде қалалық батагөйлер байқауында бірінші орын алып, Шу ауданында өткен облыстық байқауда топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Сонда ғой, мойынқұмдықтар «Біздің Құдекең» деп жатса, сарысулықтар «біздің ағамыз, біздің көкеміз» десті. Киелі де, шежірелі шаһардың тұрғындары – тараздықтар болса «Ағамыз біздің қаланың тұрғыны, додаға облыс орталығы атынан қатысты, сондықтан алыстағы ағайындар таласпаңыздар» дейді. Жақсының кеудесі жарық жұлдыздай жарқырап, әр өңір болып «меншіктеп» жатқаны мықтылығынан шығар.
Той-думанда немесе басқа да салтанатқа арналып жайылған дастарқанға бата бергенде жанынан шығарып, дастарқанның қандай негізге арналып жайылғанына сабақтастырып, суырып салып айтатын. Бұл енді ата-бабадан қонған сөз өнерінің сәулесі болар. Әулеттегі той және басқа да қуанышты басқосулар аға батасымен ашылатын. Өзінен үш ай үлкендігі бар Рахымберлі ағама жол берсе, ол «Сен аға баласысың, жолың үлкен» деп, сөзді інісінен кейін алатын. Бауырлар арасындағы сыйластық пен бір-біріне деген құрметті әкеміз бен папамыздан және осы екі ағамыздан жастай бойымызға сіңіріп өстік.
...Студент кезімде әке-шешеден бірдей айырылып қалғанда бауырларым маған жетімдік тауқыметін сездірмеді. Тіпті ақшадан тарықтырмағаны былай тұрсын, елден сәлем- сауқат жеткізіп те тұрды. Бірде қалтамда бірлі- жарым қара-бақыр тиын қалыпты. Содан Киров көшесінің бойындағы бас поштаға барып, Мойынқұмға, Құдайберлі ағама жеделхат салмақ болдым. Қалтадағы тиын бір-ақ сөзге жететіндей. «Студент» деп жазып, жеделхат қабылдап отырған қызға ұсындым. Жолы болған абитуриенттер әлдеқашан оқу орнына қабылданып қойғанда «студенті» несі деп ойлады ма, орыстың сары қызы бетіме бажырая бір қарады. «Студент требует уйма денег есть нечем точка» деп студент кездерінде елге ағаларымнан келіп тұратын жеделхат мәтінін түсіндіріп тұрайын ба, тиынын алған соң, қабылдады да жіберді. «Главпочтампты» айналшықтап жүріп, бірер сағаттан соң қайта барсам, ағамнан 200 сом келіп тұр. Осындай алды – ақ жайлау, бауырмал ағаны ажалға қию қандай ауыр! Үйге келіп, төрде таудай болып отыратын, асқа дәм қайтарып, ақ батасын беретін ағаны әлі талай іздейміз. Қанша егілсең де, бұрынғының адамдары айтатын «бірге тусаң да, бірге жүрмек жоқ» екенін білсең де «өмірдің заңы» деп өзіңді-өзің жұбатқан боласың, басқа амалың қайсы?
Ағамыздың Мойынқұм, Сарысу аудандарында, Тараз қаласында ауыл шаруашылығы, партия, кеңес, саяси қызмет, қоғамдық жұмыстағы жемісті еңбегі үшін алған мақтау- марапаттарын тізіп шығуды жөн көрмедім. «Туған жердің құрметтісі болудан артық қандай атақ, қандай марапат бар?» деп отырушы еді. Иә, ол Сарысу ауданының Құрметті азаматы. Ендігі тілек – Құдай қосқан қосағы, түтінін түзу шығарып отырған Райхан жеңгемізге қуат берсін! Көзінің ағы мен қарасындай болған тұңғышы – Камшат қарындасым, қос ұлы – Алмас пен Медет інілерім ардақты да, құрметті әкенің дара жолын, дана ісін алға жалғастыра берсін! Бауырларымнан өсіп-өніп жатқан балапандар ғұмырлы болсын!
Амангелді ӘБІЛ.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді