
Облысқа көзі тірісінде аты берілгенін Мәскеуден келе жатқан ақын жолай естіп, пойыз Тараз қаласындағы бекетке тоқтағанда, жыр алыбы Әулие ата рухынан кешірім сұрап, оған тәу еткен деседі. Аңызға бергісіз бұл әңгіме ұлы тарихтың парақтарында алтын әріппен жазылып қалды. Дәл осы сәтті ақын Асқар Тоқмағамбетов «Жадымда қалғандар» атты е стелігінде баяндайды. Ол Мәскеуге Жамбыл ақынмен бірге барғанын, Мұхтар Әуезов бастаған бірқатар қаламгермен сол жақта болғанын айта келіп, ел аузындағы осы бір әңгімені нақтылай түседі. «Пойыз Жамбыл станциясына тоқтағанда, одеялын жамылып жатып алды. «Жарықтық Әулие ата, атыңды мен тартып алғаным жоқ, халық солай атады», деп Әулие атаның алдында айыпты адамдай жатып қалды. Тек Алматыға жақындағанда барып орнынан көтерілді», – дейді.
Бүгінде дәуір жырлаған ақынның құрметіне облыс орталығында еңселі ескерткіш қойылған. Жыр а лыбының 115 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған ескерткіштің биіктігі 5 метрді құрайды. Қордайдың қызыл гранитінен жасалған тақталармен қапталған тұғырда орналасқан мүсінде ақын ұлттық киімде, сол қолына домбыра ұстап тұрған күйінде кескінделген. Мүсін мыс араластырылған шойын қоспасынан құйылып, қола жалатылған. Тұғырдың алдыңғы бетінде шығып келе жатқан шұғылалы күн бейнесі мен тау шыңдары бедерленген. Одан жоғары «Жамбыл Жабаев, 1846-1945» деген жазу бар. Туындының мүсіншісі ұлттық мүсін өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Абайдан бастап, Шоқан, Амангелді, Құрманғазы, Дина, Мәншүк секілді алып тұлғалардың ескерткіштерін жасаған Мемлекеттік сыйлықтың иегері–Хакімжан Наурызбаев.
Өткен күнге сәл шегініс жасасақ, алпыс жылдан астам уақыт ескерткіш ескі көк базардың алдында орналасқан болатын. Жазушы Пернебай Дүйсенбиннің айтуынша, жыр алыбына арналған е скерткіштің ашылуына Асанбай Асқаров мұрындық болған. Сондай-ақ, қаламгер салтанатты жиында ақын шәкірті Кенен Әзірбаев арнау оқуы да мүмкін екендігін айтты.
– Ескерткіш ашылған тұста ауылда оқушы болатынбыз. Өзіміз салтанатты шараға қатыспағанымен, сол кезеңдегі газет-журналдарда тарихи нысанның ашылатындығы күні бұрын айтылып-жазылып жатты. Мүсін Асанбай Асқаров облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда бой көтерді. Салтанатты іс-шараға облыстық атқару комитетінің төрағасы Мәден Махметов, Жазуылар Одағының төрағасы Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков, Ғали Орманов секілді белгілі ақын-жазушылар қатысқан. Ескерткіштің ашылуына жыр алыбының шәкірті 77 жастағы Кенен Әзірбаев та қатысып, жыр арнаған болуы да мүмкін, – дейді Пернебай Дүйсенбин.
Ал, драматург, Қазақстанның құрметті жазушысы Елен Әлімжанның сөзінше, Кенен Әзірбаев ескерткіш ашылған соң мұнда жиі келіп тұратын болған. Соған қарағанда оның ашылу салтанатында болмауы мүмкін емес.
Айта кетейік, ескерткіштің ескі орынында жаңа нысандар бой көтеріп, «Көне Тараз» этно-мәдени кешені ашылуына байланысты 2018 жылы мүсіннің жаңа нұсқасы облыс әкімдігінің алдына орнатылды. Осыдан кейін түрлі басылым беттерінде, телеарналарда Жамбыл ескерткішін ауыстыруға байланысты әрқалай ой айтылғанымен, е скерткіш бүгінде қала көркін ажарландыра түскен нысандар қатарында.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді