«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әдеп кодексі талаптарын сақтау – маңызды

Әдеп кодексі талаптарын сақтау – маңызды
Ашық дереккөз
Мемлекеттік қызмет істері департаменті жанындағы әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда 3 тәртіптік іс және 5 профилактикалық мәселе қаралды.

Кеңесте департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Қуат Мәдиев Жуалы ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаеваға қатысты қозғалған тәртіптік іс туралы хабарлама жасады. Баяндамашының айтуынша, бұл іс бойынша жүргізілген жоспардан тыс тексеруге білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлмира Мәденованың шағымы негіз болған. Тексеру нәтижесінде лауазымды тұлғаның тарапынан мемлекеттік қызметшінің әдеп кодексі талаптарының сақталмау фактілері анықталған. Атап айтқанда, бөлім басшысы мен сектор меңгерушісі арасында болған өзара келіспеушіліктің салдарынан Б.Шертаева 102 нөміріне хабарласып, полиция қызметкерлерін шақырған. Алайда, білім бөлімі басшысының полиция қызметкерлерін шақырту мәселе сі ұжымда қоғамдық моральдық-психологиялық ахуал жасауға кері әсерін тигізіп, шағым иесінің тарапынан сынға себепкер болған. Оның үстіне, шақыртумен келген полиция қызметкерлері Г.Мәденованың тарапынан қандай да бір бұзушылықтар жоқ деген қорытындыға келген. Әдеп кодексінің талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер ұжымда әріптестерімен іскерлік және өзара жанашыр қарым-қатынас пен сындарлы ынтымақтастық орнатып, нығайтуға ықпал етуі, сондай-ақ қоғамдық ахуалды жақсартуға бағытталған шаралар қабылдауға тиіс. Ал, Б.Шертаева өзі басшы бола отырып, полиция шақырту арқылы ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың ушығуына себепкер болған. Осыған сәйкес, әдеп жөніндегі кеңес білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаеваға қатысты жүргізілген қызметтік тексерудің қорытындысын қарау нәтижесінде, лауазымды тұлғаға қатысты мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің талаптарын сақтамағаны үшін ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс берді. Ал, Жамбыл ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы мен оның орынбасарына қатысты жүргізілген қызметтік тексерулердің қорытындысы бойынша тәртіптік іс тоқтатылды.

Жиында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзуының алдын алуға бағытталған шаралар туралы Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұловтың есебі тыңдалды. Сонымен бірге, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының және Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілдерінің өткен жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары қаралып, Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы және Тараз қаласы әкімі аппаратының тәртіптік комиссиялары төрағаларының есептері тыңдалды.

Профилактикалық сипаттағы мәселелерді қарау нәтижесінде әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік органдардың басшыларына орындалуға жататын тиісті ұсынымдар енгізді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар