«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Талайғы тарихқа куә Тоғыз тауы

Талайғы тарихқа куә Тоғыз тауы
Ашық дереккөз
Қойнауына талай жәдігер жасырып, тек соның 3500-ге дейін ғана тарихқа әйгілеп, еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштері ең көп аймаққа айналған Жамбыл жері рухани байлығымыздың алтын діңгегі. Бүгінде мұнда елдігіміз бен егемендігіміздің символикасына айналған талай қазба байлығымыз табылып таңбаланғанымен, талайының әлі де тылсымы ашылған жоқ. Олар тек елдің аузында сақталып, халық ауыз әдебиеті арқылы дәуірден дәуірге жетіп отыр. Бүгінде бұл қатардағы Тектұрмас, Қарахан, Айша бибі туралы аңыздар халық арасында кеңінен айтылғанымен, қалтарыста қалып кеткені қаншама?! Солардың бірі – жергілікті халық арасында айтылатын Тоғыз тауы туралы аңыз.

Тоғыз тауы немесе Тоғыз сайы деп аталған тау бөлігі қырғыз бен қазақтың арасында шекара шебі саналған Қырғыз Алатауының Т.Рысқұлов ауданының аймағында орналасқан. Дәлірек айтқанда, Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Шолақ-қайыңды ауылынан оңтүстікке 7-8 шақырым аралықты қамтиды. Шығысында осы аймақтың ең биік шыңдары – Шыбынды мен Сұлутөр, батысында бүгінде туристер көптеп ағылатын танымал демалыс аймақтарының бірі саналған Мақпал асуы орын тепкен мекен талайғы тарихи оқиғаларға куә болған. Оған осы маңдағы көпке танылған Өрнек қалашығы, Топағаш пен Сұмқайтты, Ақыртөбе секілді жер-су атаулары дәлел. Тоғыз тауы туралы әпсананың да осынау тарихи мекендермен тылсым байланысы бар деп санауымызға болады.

Ел аузындағы аңызға сүйенсек, ертеректен жергілікті халық тау баурайын мекен еткен. Мұны Шолақ-қайыңды елді мекенінің атымен аталған сай ішіндегі Киікбай, Қаражапырақ, Өскенбай секілді адам аттарымен астасқан жер- су атаулары да айшықтап тұр. Дәл сол секілді Тоғыз сайын да бөлінген еншіге сәйкес, бір атадан тараған тоғыз жігіт мекендейді. Алайда, талай жыл татулықта ғұмыр кешкен ағайындылар жолы ер жетіп енші бөлер сәтке келгенде екіге айырылады. Тиісті еншісін алып, отау құрып, бөлек орда тігуге дайын тұрған кезеңде сегіз жігітке қажетіне сай мал мен мүлік бөлінгенімен, кенжесіне жетпей қалған көрінеді. Осылайша, ағаларына өкпе артқан кенже бала отауын жиып қоныс аударып кетеді. Алайда, қыс өтіп көк шыға арадағы сызатты жазуға ата қонысына келген жігіт қайғылы оқиғаның куәсі болады. Сол қыста сегіз жігіт тік беткейден құлаған қалың қар астында қалып көз жұмады. Содан бері тік беткейлі, ұшар шыңды тау бөлігі тоғыз ағайындының құрметіне аталып кеткен деседі жұрт.

Түптің түбінде аңыздың ақиқатқа барып тірелетіні анық. Бүгінде мұнда орналасқан ата-баба тұрақтары мен мола-қорым орындары халық арасындағы әпсананың шындыққа ұласатындығын аңғартады. Десек те, тоғыздан тірі қалған жалғыздың ұрпағы Жиенбай Дүйсеналиевтің айтуынша, тоғыз жігіт ел айтқандай, бір анадан туған бауырлар емес, өзара ата-әке-немерелі байланысы бар туысқан жандар. Сондай-ақ олардың арасында қандай да бір алауыздық болғандығы туралы да нақты мәліметтер жоқ.

– Әкеміздің айтуынша, менің аталарым бұрыннан осы Тоғыз сайын мекендеп отырған екен. Одан бұрынғы замандарда осы жерде қырғыздар қоныстанған деседі. Кейін біздің аталарымыз барып қоныстанып, қырғыз халқын ығыстырған екен. Үлкен атамыз Әжібай бабамыздың бес ұлы – Қыстаубай, Байжан, Көпбай, Жолдас, Сүттібай мен Қыстаубайдың үш ұлы – Дүйсенәлі, Сембай, Сихымбай тоғыз ағайынды аталып, Тоғыз сайын мекендеген. Қар көшкіні болып, аталарымыз сол сайда мерт болған екен. Сол көшкіннен менің үлкен атам ғана аман қалған. Сол кісіден менің әкем, одан мен тараймын, – дейді Жиенбай Қалмаханбетұлы.

Қалай десек те, аталған аумақта тарихи тізбектің нақты ізі сақталғаны анық. Болжамдарға сүйенсек, тау баурайының дәл осы аймағы ежелгі Жібек жолының бір сілемі болған дейді ауыл ақсақалдары. Өйткені, айшылық жолға шыққан адам үшін азық қоры қаншалықты қажет болса, тынығу мен қауіпсіздік те соншалықты маңызды. Егер тосыннан жау тиіп, жасырыну қажет болса, тау етегі таптырмас орын. Бұдан бөлек аймақтың осы бөлігінде таулардан аққан бұлақтар қозыкөш жер сайын кездесіп отырады. Сөзіміздің растығына Құлан, Өрнек, Ақыртас қалашықтарының, Ақбұлым елді мекенінің бір белдеуде орналасқандығы дәлел бола алады. Сондай-ақ осы ежелгі қалашықтар арасын ертеректе қарауылтөбелер мен бекеттер жалғап отырған. Бұған жақын аралықтағы Ақыртөбе мекені, Әбжаппар ауылындағы жолаушылар бекеті болған «Бекет» аумағын мысал ретінде келтіре аламыз.

Осындай тарихи маңызы бар орындармен бір белдеуде орналасып, Өрнек пен Ақыртас арасындағы талайғы тарихи оқиғаларға куә болған Тоғыз тауының етегінде материалдық мәдениеттің белгілері де бар. Өйткені, мұнда осыған дейін өмір сүрген адамдардың тас үйшіктері мен тас қоралары, қорымдар мен жерлеу орындары, таңбалы тастары жиі кездеседі. Сондай-ақ аталған аймақта ертеректе де, кейінгі Кеңес дәуірінде де жүргізілген егіншілік жұмыстарының ізін байқауға болады. Әсіресе, аумақтағы сай-төбелерді өрлей жүргізілген арық-арналарды ежелгі ирригацияның тамаша үлгілерінің бірі ретінде мойындауымыз қажет. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, әдетте шаруалар мұндай таулы-қыратты жерде арық жүргізу үшін есектерге жүк артып жүргізіп отыратын болған. Ауыр жүк арқалаған есектің жеңіл жол тауып өрге шығуға ұмтылған жерінен арық қазылған. Сол арқылы ата-бабаларымыз сайдағы суды өрге тартып, діттеген жеріне жеткізіп отырған. Шолақ-қайыңды ауылында талай жыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Бейшеналы Қалмырзаевтың жазып қалдырған естеліктерінде Тоғыз тауының етегіндегі Ащыбұлақ мекенінде ежелгі мешіттің орны болғандығы айтылады.

 

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар