«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Энергетикалық сусындардың зияны қандай?

Энергетикалық сусындардың зияны қандай?
Ашық дереккөз
Таяуда баспасөздерде Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында елімізге белгілі ғалым-кардиохирург Ю.Пияның жетекшілігімен 43 жастағы Дәурен атты науқасқа жүрек алмастыру отасы сәтті аяқталғаны жайлы мәлімет тарады. Науқас диагнозы – «Дилитациялық кардиомиопатия», яғни жүрек бұлшық еттерінің созылып-жиырылу қызметі нашарлаған. Оның басты себебі – науқас энергетикалық сусындарға әуестеніп, оларды шектен тыс мөлшерде 5 жыл бойы үзіліссіз пайдаланып келген. Уақыт келе жүрек ақауы байқалып, 50 метр жер жүрсе ентігіп, әлсіздік мазалап, тынысы тарылып, қауіпті жағдайға жеткен.

Дәрігерлер жүрек әлсіздігінің себептерін зерттей келе, оның емі тек жүрек алмастыру деп шешкен. Сәті түсіп донор табылмаса, ағза алмастыру сәтті өтпесе Дәурен өмірі немен аяқталары белгісіз еді.

Иә, энергетикалық сусындар және олардың адам денсаулығына тигізер залалы жайлы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Әсіресе, оған жасөспірімдер әуестеніп, әбден үйренді. Тәулігіне оның 4-5 құтысын ішетіндер де жоқ емес.

Қазір Қазақстан нарығында «DIZZY», «Red Bull», «Monster Energy» секілді энергетикалық сусындар ашықтан-ашық сатылуда. Жастар да, мектеп оқушылары да осы бір «сиқырлы сусынға» құмар-ақ. Ол емтиханға дайындалып жүрген студенттерге, жұмысын уақытында тапсырып үлгермей жүрген қызметкерлерге, спорттық рекордтарға ұмтылған спортшыларға, шаршаған жүргізушілер мен түнгі клубта қыдыруды ұнататындарға нағыз «құтқарушы» болды-мыс.

Энергетикалық сусындарды белгіленген мөлшерлемеге сай тұтыну қатаң талап етіледі. Максималды мөлшер – күніне 2 құты. Одан асыру – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін. Өйткені, оның құрамына кофеиннен бөлек, таурин, инозит, аминқышқылдары, рибоза және дәрумендер секілді микроэлементтер кіреді.

Сергектік сыйлайтын сусындарды жиі пайдаланатын мектеп жасындағы балаларды тексеріп көретін болса, олардың бауыры 35 жастағы маскүнемдікіндей болып тұрады. Бұл улағыш сұйықтықты жасөспірімдер көп ішсе, олар түрлі ауруларға шалдыққыш келеді. Жүрек дертіне, жүйке жүйесі, асқазан, бауыр, тіпті қатерлі ісікке ұласады. Сондықтан, балалар мен жүкті әйелдерге және қарт адамдар мен гипертониясы бар жандарға бұл сусынды ішуге мүлде болмайды.

Энергетикалық сусындар ағзаны күш-қуатпен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Сусында ондай қасиет жоқ, ол тек энергия қоздырушысы. Яғни, біз өз бойымыздағы қорымызды пайдаланамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден «қарызға» ала тұрамыз. Алайда, ерте ме, кеш пе бұл «қарызды» шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді. Бір сөзбен айтқанда, ағзадағы өмір бойына жететін күш-қуатты тез арада сыртқа айдап шығаруға бағытталған сусын оны сарқа тауысып, әлсіздікке ұшыратып, тез қартаюға себеп болады.

Жуырда облыстық көпсалалы ауруханасының кардиология бөлімшесінде емделіп жатқан 23-25 жастағы жігітті көрдім. Ол сәулетші мамандығы бойынша жұмыс істеп, түнімен отырып сызба сызады екен. Ұйықтап қалмас үшін күніне энергетикалық сусынның екі-үшеуін ішеді. Қазір мұндай сусындар өте көп. Сол жігіт бас-аяғы бір жарым айдың ішінде қандай күйге түскенін білесіз бе? Түнімен ұйықтай алмай, ауырып шығатын болған. Содан кейін дәрігерлер оның талдамасын алып, онкологиялық сараптамаға жібереді. Белгілі болғандай, бауыр, асқазан, ішектің ішкі қыртыстарының бәрін энергетикалық сусынның зәрлі қуаты алып кеткен. Бір жарым айдың ішінде осындай қиын күйге түскен жігітті көріп, жаның ашиды. Өлуге жақын қалған жігіттің өмірі үшін дәрігерлер арпалысты. Оның болашағы немен бітетіні, не болатыны белгілі жай ғой... Мұндай жағдайлар қазіргі беймаза мына өмірде аз болса да кездесіп тұрады. Ауырып, жаны сыздағанда ғана олар дәрігерге келеді. Оған дейін елең қылмай жүре береді. Бірде менің алдыма Сoca-cola сусынын көп ішетін студент жігіт келді. Емделгісі келеді. Тамаққа тәбеті жоқ, не ішсе де, шөлі қанбайды, түнімен аяқ-қолы сыздап, ұйықтай алмай шығады және аяқ тізеге дейін ісіп кеткен. Жігітте артрит, артроз сырқатының белгілері жоқ, ол үнемі отырып жұмыс істейді. Қимылы көп емес, жүріс жоқ, не тамақ ішсе де, артынан тұрақты түрде Сoca-cola ішеді. Мамандар қараған соң, ішкі ағзасын екі-үш реттен тазаладық. Нақты айтсақ, зиянды қоспалар адам ағзасындағы ұйқы безін, бауырды, бүйректі оңай бүлдіреді. Бұл сусындар түрлі химиялық жолмен жасалады. Мысалы, қазір көп жастар көлік айдап, адам тасып ақша табуға тырысады. Түнімен смартфонды «шұқылап», не болмаса түні бойы компьютерде отырып жұмыс істейді. «Ұйықтамау қажет» деп тағы да энергетикалық сусын ішеді. Ал, мұндай қуатты залалды сусындар алдымен миды улайды, есте сақтау қабілеті жоғалады, адам үнемі шаршап жүреді, жүректің соғуын нашарлатады, тіпті кейбіреуінің тілі күрмелетін жағдайға жетеді. Сондықтан, мұндай зияны көп сусынды ішуден бас тартқан дұрыс.

Адам өліміне әкеліп соқтырған алғашқы дерегі 2009 жылдың қазан айында тіркелді. Пенза қаласының студенті осы сусындарды шектен тыс пайдаланғанның кесірінен көз жұмды. Міне, содан да болар, Франция мен Германия елдерінде бұл сусындарды өндіруге мүлде тыйым салған. Біздің елде де Парламент депутаттары бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Елімізде өткен жылы 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды. Тиісті заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Жаңа шаралар тәуелділік қаупін азайтуға көмектеседі деп күтілуде. Бірақ, әзірше одан еш нәтиже жоқ. Бізде энергетикалық сусындар кез келген адамға қолжетімді болып отыр. Олармен қоса «кока-кола», «пепси-кола» және де басқа «сиқырлы» сусындарды орынсыз көп мөлшерде пайдаланатынын байқап жүрміз. Олар да энергетикалық сусындар сияқты әртүрлі химиялық қосындылардан дайындалады. Оның құрамы көп жағдайларда жасырын ұсталатыны белгілі.

Бұл тұста шөл қысқанда не сусын ішкен жөн деген сұрақ қойылатыны белгілі. Қарапайым ғана тәсіл, күнделікті қолданатын жай су ішу керек. Ол үшін суды фильтрленген құбырдан алып, мұздатқышқа салып қойыңыз. Мұз болып қатады, сонан соң мұздатқыштан шығарып қойыңыз. Бөлме температурасында ішіндегі мұз ериді. Мінеки, сол суды ішсеңіз, өте пайдалы. Біз қауіптенгеннен айтамыз. Адам баласы, әсіресе жастар осыны назарда ұстап, үнемі ескергені абзал. Энергетиктерді жиі қолдану және дұрыс тамақтанбау көмірсулар алмасуының бұзылу қаупіне әкеледі. Бұл – қант диабеті, семіздікке әкелуі мүмкін. Зиянды сусынның орнына өнімділікті арттыру үшін табиғи құралдарды қолдануға болады. Жасыл шай, женьшень тұнбасы, элеутерококк, жаңғақтар, суық суы бар лимон шырыны.

Адамның денсаулығы, ең алдымен, оның өзіне, бала-шағасына керек. Халықтың денсаулығы – ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі. Сондықтан, ата-бабамыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Сондықтан, әрбір адам денсаулықтың маңызын, қадірін ерекше ұғынғаны дұрыс деп ойлаймыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, түрлі сырқаттың алдын ертерек алған абзал. Дұрыс тамақтану мен дәрумендерді ұтымды пайдалану да ағзаның сыр бермеуіне ықпал етеді. Кез келген елдің ең басты байлығы – ұлт саулығы екені сөзсіз. Сондықтан, денім сау болсын десеңіз, «сиқырлы» энергетикалық сусындардан аулақ болған жөн.

 

Толқын АЙМАХАНОВА,

«Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің оқытушысы.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар