
Облыстық кардиологтар қоғамы мен Клиникалық-диагностикалық кардиохирургия және трансплантология орталығы бірлесіп өткізген жиынның мақсаты – созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бойынша жол картасының іске асырылу нәтижелерін талқылап, оның тиімділігін сараптау болды. Сондай-ақ, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі кабинеттерінің жұмысын ұйымдастыру мен 2024 жылғы қан айналымы жүйесінің аурулары бойынша атқарылған жұмыстарды қорытындылау да негізге алынды. Дөңгелек үстел семинарға жалғасып, халықаралық деңгейдегі емдеу және диагностика стандарттарына негізделген жаңа әдіс-тәсілдер таныстырылды. Сонымен қатар дәлелді медицина негізінде қабылданған жаңа тәсілдер мен әдістер кеңінен талқыланып, оларды емдеу процесіне енгізу жолдары қарастырылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбай бүгінде жүрек аурулары жиі кездесетінін және оған душар ететін себептерді атап өтті. Бұдан кейін кардиолог мамандар аурудың алдын алу шаралары жөнінде кеңінен мәлімет берді.
– Бүгінде облысымызда 75 мыңнан астам науқас әртүрлі дәрежедегі жүрек ауруымен есепте тұр. Біздің орталықта созылмалы жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын 1 700-ден астам науқас аса ауыр кезеңдерінде яғни, С және Д кезеңдерінде бақылауға алынған. Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі «Amandyk» мобильді қосымшасын әзірледі. Бұл қосымша республика бойынша жұмыс істейді және сол арқылы дәрігерлер науқастарды қашықтықтан бақылай алады. Сондай-ақ облыста созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне арналған 20 кабинет науқасты диагностикалап, одан әрі емдеу шараларын жүргізу жұмыстарын атқарады, – деді созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің үйлестірушісі Алмаз Бегдилдаев.
Маман клиникалық тәжірибеде созылмалы жүрек жеткіліксіздігін емдеудің өзекті аспектілеріне де тоқталды. Ал өткен жылы атқарылған қан айналымы жүйесінің ауруларын емдеу жұмыстары жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас кардиологы Рауза Жұбандықова мәлім етті.
Мамандардың айтуынша, елімізде және әлемнің көптеген елдерінде өткір коронарлық синдром бойынша арнайы науқастар тізімі жүргізіледі. Оған миокард инфарктісі мен тұрақсыз стенокардиясы бар науқастар кіреді. Өткір коронарлық синдром бойынша науқастарға уақтылы көмек көрсету мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп, барлық диагнозы бар науқастар жедел түрде жоғары білікті мамандандырылған орталықтарға жеткізіледі.
Облыста тәулік бойы жұмыс істейтін үш тері арқылы коронарлық араласулар орталығы бар. Олардың бірі – облыстық көпбейінді аурухана науқастарды аптасына үш рет, сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері қабылдайды. «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы сәрсенбі, сенбі, ал Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы дүйсенбі, жұма күндері қабылдайды. Бұлардың барлығы үшінші деңгейлі медициналық мекемелер және заманауи кардиохирургиялық жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Бұл орталықтарда жоғары технологиялық емдеу әдістері жүзеге асырылады. Оның ішінде коронарлық ангиография (КАГ), стенттеу, клапан протездерін орнату бар.
Бұл шара халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, мүгедектік деңгейін төмендетуге және өмір ұзақтығын ұлғайтуға бағытталған. Осылайша, «Ұлт денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасының басты көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады.
Семинардың басты тақырыбында қаралған созылмалы жүрек жеткіліксіздігі артериалды гипертензия, миокард инфарктісі және стенокардия сияқты аурулардың асқынуы ретінде дамиды. Осы сырқаттың диагнозы қойылған науқастардың емдеу сапасын арттыру мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп, арнайы кабинеттері ұйымдастырылған. Сол кабинеттерде науқастар диспансерлік бақылауға алынып, динамикалық мониторинг жүргізіледі, терапия жеке ерекшеліктеріне қарай түзетіледі.
Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бойынша мамандандырылған кабинеттердің тиімді жұмысы уақтылы диагноз қоюға, асқынулардың алдын алуға және науқастардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осы жүйенің жұмыс істеуі науқастардың белсенді ұзақ өмір сүруіне және денсаулығын сақтауына ықпал етеді.
Кәсіби мамандар, терапевтер мен кардиологтар, медициналық мекемелердің басшылары мен денсаулық сақтау органдары өкілдерінің пікір алмасу алаңына айналған дөңгелек үстел медициналық көмектің сапасын арттыруға және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты шешімдерді қабылдады. Бастысы, алдағы уақытта атқарылар жұмыстар жүйеленді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Дәрігердің үш қаруы бар
- 17 сәуір, 2025
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді