«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жауапкершілік жүктеген міндет

Жауапкершілік жүктеген міндет
Ашық дереккөз
Бүгінде өңіріміздің тазалығына жауапты – ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан бір ғана тұрақты мекеме бар. Ол – «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мұнда 463 жұмысшы еңбек етуде. Олар күн-түн, мереке демей, тынымсыз қызмет етіп жүр.

Бүгінде өңіріміздің тазалығына жауапты – ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан бір ғана тұрақты мекеме бар. Ол – «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мұнда 463 жұмысшы еңбек етуде. Олар күн-түн, мереке демей, тынымсыз қызмет етіп жүр.

ТАЗАЛЫҚ – БӘРІНЕ ОРТАҚ!

Шаһар тазалығы баршамызға ортақ десек те, бәріміз тек сол мекеме ғана жауапты секілді қараймыз. Өңіріміздің жап-жасыл болып құлпырып, гүлденіп, «таза қала» атануына барлығымыздың да септігіміз тисе қанекей?! Жуырда осы мекемеге атбасын бұрып, серіктестік директорының орынбасары Талғат Торғаевпен сөйлестік. Оның мамандығы экономист-инженер. Үш қыз тәрбиелеп отырған ол бүгінде немере сүйіп отыр. Бұған дейін бас инженер қызметін атқарған Талғат Болатұлы 1999 жылы «Таза қала» мекемесінде қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастаған. 2006 жылы «Жасыл ел – Тараз» мекемесіне учаскелік шебер болып кірген. Бүгінде адал еңбегімен сатылай өсіп, үздіксіз бір мекемеде жұмыс істеп жетістікке жетуде.

– 2024 жылды аз ғана қарызбен аяқтадық. Оған да шүкір деп отырмыз. Жұмыс болған соң бәрі болады. Былтыр мекемемізге 7 қоқыс шығаратын көлік, екі қар шығаратын амкодор, 3/1 экскаватор берілді. Бұл жұмысымызды сәл де болса жеңілдетті. Жұмысшылардың айлығы – 160 мың теңге. Қоқыс шығаратын көлік жүргізушілері 200 мың мен 250 мың теңге аралығында еңбекақы алады. Бірақ бізде маман тапшы. Көше сыпырушылар жеткілікті. Бізге көгалдандыру мамандары мен көлік жүргізушілер жетіспейді. Неліктен десеңіз, көбісі «сасық, лас жұмыс», айлығы аз, жұмысы ауыр деп менсінбейді. Бар жұмысшыны сақтап қалу үшін оларға арнайы қоғамдық көлік бөлеміз. Таңертең әкетіп, кешке үйіне дейін жеткізіп салады. Түскі екі сағаттық үзілісте ыстық тамақпен қамтимыз. Биылғы жылдан айлық жалақымыз көтерілсе және жұмысшыларымыз тұрғын үймен қамтылса екен деп отырмыз. Бізге жастар көп келе бермейді. Келген күнде де екі-үш күн істеп кетеді. Қара жұмысқа көп адам шыдамайды. Қала кеңейді. Сол үшін атқарылатын тірлік те көп. 11 аумақтық округке де жұмысшылар бекітілген. Биылдыққа қыс жайлы болып, табиғат ана бізге қарасып тұр. Көктемге жоспарымыз көп. Темір жол бекеті жақтан бастап Байзақ батыр көшесі айналасына тал егеміз. Көктемге қазірден дайындалып жатырмыз. Биыл 250 дана шырша, 150 дана ель, 600 дана туя ағашын егеміз. Тагетис, сальвия, цинерария, целозия, кана, декоративтік орамжапырақ, цинния, катарантус, гацания сынды гүлдерді отырғызамыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді Талғат Болатұлы.

БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ ЕРТЕРЕК ШЕШІЛСЕ ИГІ

Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі – қарапайым жұмысшылар да «Жұмысшы мамандықтары жылының» құрметіне орай арнайы корпоративтік бағдарлама арқылы баспаналы болмақ. Түрлі кәсіпорындар мен зауыттарда, ауыл шаруашылығы нысандары мен коммуналдық мекемелерде еңбек ететін азаматтар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Бұл жайында Президентіміз арнайы нұсқау берген болатын.

«Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы наурыз айынан бастап іске қосылмақ. Бұл бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары саласын қамтымақ. Ол үшін 72 миллиард теңге көлемінде 2 440 несие беру жоспарланып отыр екен. Бастапқы жарна – 10 пайыз. Бағдарламаны «Отбасы банк» жүзеге асырады.

– Несиенің ең жоғары сомасы облыстар үшін 30 миллион теңге. Астана мен Алматы қалалары үшін 36 миллион теңге. Өтінімдерді қабылдау 17 наурызда басталады. Әзірге дайындық үстіндеміз. Наурыз басталғанда шарттары нақтыланады. «Отбасы банкте» әу бастан жұмысшыларға арналған корпоративтік өнім бар. Ол қалай десеңіз, компания мен кәсіпорынның арасында келісімшарт болады. Енді осы мәселені банк сүзгіден өткізіп, жаңашаламақ, – дейді «Отбасы банк» облыстық филиалының «Клиенттермен жұмыс» бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейірманова.

«Жасыл ел – Тараз» жұмысшыларының 70 пайызының басында өз баспанасы жоқ. Бұған мекемеге барып осы ұжымдағы еңбеккерлермен сөйлескенде көз жеткіздік. Барлығының көздегені – жалақының көтерілуі және баспаналы болу. Жұмысшыларға арналған жаңа ипотекалық бағдарлама шықты дегенді естігелі жұмысшылардың көздері шоқтай жанып, «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп үміт күтуде.

Осындағы Күнсұлу Сапбергенова бес баланың анасы. Ол серіктестіктегі «Гүлзар» жылыжайының гүл егушісі. Гүл егіп, жан-жағын жайқалтып жүргеніне үш жылдан асты. Жұбайы Бауыржан Керімбаев 2014 жылдан бері осы мекемеде көгалдандырумен айналысады. Тал-дарақ егеді, кеседі, жапырақтарды тазалайды. Өз бастарында үйлері жоқ. Үй кезегінде тұрғандарына 7 жыл болған. Бүгінде 224 болып көпбалалы ана ретінде кезекте тұр.

– Жұмыстың жаманы жоқ. Біз ерлі-зайыпты жұмысшылармыз. Кейде адамдар бізге жаман көзқараспен қарайды. Мен мақұл гүл егемін, арам шөптерден тазартамын. Гүлдерді іріктеймін, күйеуіме қарағанда тірлігім жайлы. Ал, күйеуім күзде, көктемде талдарды кесіп, егетіндерін егіп, одан соң арық-атызды тазалайды. Мына биылғы жылды «жұмысшы мамандықтары жылы» деп атағанына қуандық. Әрі жаңа ипотекалық бағдарлама шығады дегенге елең ете қалдық. Үйсіз, күйсіз жүрміз. Бес баламыз бар. Биыл үйлі боп қаламыз-ау деп зор үміт күтіп отырмыз. Мұны естіп қуанып қалдық. Жыл енді басталғандықтан, мәселенің орындалуына уақыт керек. Көктемге қарай жаңа ипотекалық бағдарламамен өзім секілді қарапайым жұмысшыларға үй беріліп қалар деп үміттеніп отырмыз. Жыл соңына дейін көптеген еңбек адамдары баспаналы болады деп айтылды ғой. «Айтылған сөз – атылған оқ». Банктен депозит ашып та қойдым. Әркімнің өз үйі – өз Отаны. Мен өз шаңырағымның болғанын қалаймын. Өз баспанасы бар адам – көңілі жайлы адам. Ал, көңілі жайлы жұмысшы кез келген кәсіпорынның ең құнды ресурсы, – дейді ол.

Тазалыққа жауапты мекемеде дәл Күнсұлу секілді көпбалалы аналар, жесірлер, ерлі-зайыпты жұмысшылар отбасы өте көп. Егер баспана бағдарламасы олардың арман-мақсаттары орындалып жатса, нұр үстіне нұр болмақ.

ЕҢБЕК – БӘРІН ДЕ ЖЕҢБЕК

Еңбекпен тапқан нан тәтті. Бұл қашан да солай. Кезінде «Шешендік өнер» кітабының авторы Радислав Гандапас «екі түрлі әрекеттің біреуін таңдау керек болса, қимылы көбірегін таңдаймын» деген екен. Сол секілді көше тазалықшыларының күнделікті жұмысы – спорт әрі фитнес.

Мұнда уыздай жастар да жұмыс істеп жүр. Көбі әрине жасы келген кісілер. Қаншама жылдан бері олар бір орнында тапжылмай келе жатыр. Ал жастар не ата-анасымен ілесіп келгендер, не бір кездері жоғары оқу орнын бітірмей қалғандар. Жадыра Бишікееванің жасы 24-те. Ақыл-есі бүтін, қимылы ширақ, тірлігі тиянақты. Ұжымдағы ең кенжесі. Оны бәрі еркелетіп жүреді екен.

– Әр адамның ішкі мәдениеті болғаны дұрыс. Кейде астына қымбат көлік мініп жүрген, өзін мәдениетті, парасатты санайтын үлкен қызметкерлердің өзі жолай пістенің қабығын, сусынның бөтелкесін, темекі тұқылын жол бойына лақтырып кетеді. Тіпті оны қоқыс шелектеріне салмайды. Түкіріп кететіндер де көп. Арттарынан біз тазалап жүреміз. Таңертеңмен аялдамаларды сыпырып, тазалаймыз. Ал аялдамалар адам көргісіз боп жатады. Тазалық мәдениеті бізде әлі қалыптаспаған. Кейбірі «Көше тазалайтындар осыны жинамағанда не істейді?» деп шіреніп тұрып қоқыс лақтырады. Кісі еңбегін бағалаған жөн. Таң атпай тұрамыз, қыста дірдектей, күн ыстықта шыжи жүріп еңбектенеміз. Менің өтінішім – еңбекті бағалаңыздаршы, – дейді ол.

КӨНЕ ҚАЛА ГҮЛГЕ ОРАНБАҚ

Көктемге санаулы күндер қалды. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі тойланып бітісімен, шаһарымызға гүлдер егіле бастайды. Биыл қанша гүл егілмек, қай жерлер қамтылмақ деп «Жасыл ел – Тараз» серіктестік басшысының орынбасары Талғат Торғаевтан сұрадық.

– Бізде арнайы «Гүлзар» деп аталатын тал-дарақ, гүл отырғызу жылыжай кешені бар. Онда қыс бойы көшеттер отырғызып, талдарды, гүлдерді баптайды. Наурыздың соңы мен сәуірдің басында саябақтар мен гүлзарлар, скверлер, қала орталықтары сәндік гүлдермен безендіріле бастайды. Қазан айына дейін көздің жауын алатын үлпек, тагетис, төрт түрлі орамжапырақ, қылтанбас, изен, циннерария, тагетис, сальвия, цинния, катарантус, гацания, петуниялар отырғызылады. Гүлдердің түрлері өте көп. Көктемнің суығына шыдайтын, нақты айтсақ – 3 градусқа дейін шыдайтын гүлдерді егуге тырысамыз» – дейді ол.

Әрине, гүлді егетін қыз-келіншектер. Олар тек гүлдерді ғана емес тал-дарақтарды да отырғызады. Жылыжай кешенінің бас агрономы – Жасұлан Молдабаев. Қарамағында 20 адам жұмыс істейді. Жаздың күні 40 шақты адам осы жұмысқа жұмылдырылады екен. 3 600 шаршы метрді құрайтын жылыжайда 1 миллионға жуық гүл ұрықтары сатып алыныпты. Ендеше, 10 500 шаршы метр қала аумағы алдағы күндері гүлге оранбақ.

ТАҢНАН БҰРЫН ОЯНАТЫН БЕЙНЕТКЕШТЕР

Ақпан айында бар аймақта күн күрт суытып, осы бір қарапайым еңбек адамдарының жұмысы қыза түсті. Жол бойына құм мен тұз сеуіп, үстін-үстін жауған қарды тазартып әлек болды. Үскірік аязда күн-түн демей, олар ұйқы көрмей жұмыс істеді. Сіз бен біздің көліктеріміздің қарға батпауын, қоғамдық көліктердің үздіксіз қатынауын, жол тазалығын сақтады. Осы орайда, қала тазалығына жауапты «Жасыл ел – Тараз» серіктестік басшысының орынбасары Айдын Бейсековпен аз-кем сұхбаттасқан едік. Оның айтуынша, көшеде түкірмеу, жол бойына қоқыс шашпау, қоқысты жәшікке апарып салу, қала мен даланың тазалығын сақтау туралы балабақшадан бастап дәріс өткен жөн. Бөбекжайлардан бастап мектеп оқушыларына, студенттер мен ересектерге де «тазалық сақтау», «біреудің еңбегін бағалау» сынды тәрбие сабақтарын енгізу – маңызды. Себебі, қазір тазалаған жеріңді сүт пісірім уақыт өтпей, шашып кетуі бек мүмкін. Осы орайда жұмысшылардың өздерімен де тілдестік. Қатып қалған мұзды ойып жатқан жұмысшыларды көргенде бала күннен естіп өскен:

«Жұмысқа жастай жұтынып,

Ерте тұрып азаннан.

Жүреді бір қарт сыпырып,

Көшені тұнған тозаңнан.

Күн құйса суық бұршағын,

Ағашты күтіп ем істеп.

Кей кезде көкшіл шыршаның,

Қырқады шашын тегістеп» – деген Сырбай Мәуленовтің өлеңі еске түсті. Көше сыпырушы да – адам. Сіз бен біз секілді ет пен сүйектен жаралған пенде. Ауа жұтып, бала-шаға тәрбиелеп отырған, тынбай еңбек етіп жүрген тіршілік иесі. Олардың ішінде де суретші, психолог, мұғалім, ақыны, жазушысы да бар.

Ерғали Тоғайбеков – бес баланың әкесі. Үй жалдап тұрады. Осында жұмыс істегеніне үш жыл. Ол да өз мұңын айтып қалды.

– Таңның атысымен осы қара жұмыстамыз. Ешкім жетіскеннен келмейді бұл жұмысқа. Мамандығым жоқ, отбасын асырауым керек. Тапқан табысымыз пәтер жалдауға, ас-ауқат алуға әзер жетеді. Еңбекақымыз көтерілсе екен, біз секілді қарапайым жұмысшыларға үй алу мәселесі қарастырылса екен, – дейді ол. Ал, Бахтияр Бауыржан есімді еңселі келген жігіт ағасы осы салада 8 жыл жұмыс істеп келе жатқандығын жеткізді. 2022 жылы қала күнінде марапатталыпты. «Қатты суықта еріктілер мен кәсіпкерлер біздерге ыстық тамақ пен шай әкеліп берді, соның өзі бізді қатты қуантты. Еңбегімізді тұрғындар осылай бағалап жатса неге қуанбасқа», – дейді. 2004 жылдан бері осында аянбай жұмыс істеп келе жатқан Гүлнар Оразалина жоғары білімді адам. Қарапайым жұмысшыдан жол шебері болып көтерілген ол да он шақты жұмысшыға жауапты. Онда өрімдей жастар да, қарттар да еңбек етуде. Гүлнардың айтуынша, жол бойында жалпы қалада халық пайдаланатын қоғамдық әжетхана жоқ. «Әр жол шеберіне арнайы бекітіліп берілген учаске бар. Сол белгіленген аймақты тазалап бітеміз дегенше әжетке бармай жүру мүмкін емес қой. Күннің суығында қажеттілік қатты байқалды», – дейді.

Қаламыздың тазалығын сақтап, көркеюіне атсалысып жүрген еңбек адамдарының айлық жалақысы қанша дегенімізде бас инженер бұл жұмысшылардың екіге бөлінетіндігін айтты. Бірінші топ олар – «Жасыл ел – Тараздың» жұмысшылары. Олар 150-160 мың теңге көлемінде айлық алады. Екінші топ қоғамдық жұмысшылар деп аталады. Олар 90-100 мың теңге көлемінде еңбекақы алады екен. Ал, оларды қалай марапаттайсыздар, еңбегін қалай елейсіздер дегенімізде мекеме тарапынан ғана мотивация болсын деген ниетте алғыс хат пен ара-тұра сыйақы беру сынды игіліктер барын жасырмады.

Қала тазалығы баршамызға ортақ екенін естен шығармауымыз керек.

Өркениет – заң үстемдік құрған елде ғана орнайды. Биылдан бастап тазалыққа қатысты бірнеше жаңа заң қайта енгізілді. Ешкімнің еңбегі еш кетпесін. Сол көшені тазалайтын ата-анамызбен жасты адамдар немесе қаракөз қарындастар. Еңбекті бағалайық!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар