«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тренд қуамыз деп қадірімізді кетіріп алмайық

Тренд қуамыз деп қадірімізді кетіріп алмайық
Ашық дереккөз
Көзге көрінген тәуір нәрсенің бәрі тренд болып кетті. Бастапқыда «дубайлық шоколад», сосын «шайн мускат» жүзімі, тағы құрғақ кептірілген жемістер. Енді «Мен ең болмаса...» деген мысал тренд болды. Әлі де қоғам арасында осы мысал әлеуметтік желіні «жарып» тұр. Тренд дегеніміз не? Оны жалпақ жұртқа жар салып, трендке айналдырып жүрген кімдер деген сауалдарға жауап іздеп көрейік.

Тренд дегеніміз – белгілі бір іс-әрекетті, не затты, стиль, мінез-құлықты күнделікті әдетке, танымалдылыққа айналдырып, соған адамдардың назарын аудару. Бастапқыда бұл «бағыт», «бағдар» деген секілді мағынада өрбіп, экономика саласында қолданылған. Кейіннен блогерлер, әлеуметтік желі қолданушыларының бастауымен тренд кең сөзді мағынаға ие болды. Қай желіні ашып қалсаң да күніне түрлі тренд шығып жатады. «Аманда, Линда, Роуз» тренді бітіп, енді дәл қазіргі сәтте «Мен ең болмаса...» деп басталатын өрескел тренд сәнде. Өткенде анасы кішкентай қызымен осыны видеоға түсіремін деп қызын жылатып алды. Ол қызына «Менің ең болмаса сен сияқты әкем қайтыс болмаған» дегені сол еді, бүлдіршін қыз әлеуметтік желідегі тікелей эфирде солқылдап жылап жіберді. Анасының әрекеті дөрекілік болды. Енді осы жағдай бетке басып айтатын нәрсе ме еді?

Негізі тренд деген нәрсе елдің экономикасын көтеруде, ғылым мен білімде, отандық өнімдерді жарнамалауда қолданылса тамаша. Не болса соны трендке айналдыра беруге болмайды. «Дұрыс әлде бұрыс», «Айтамыз, бірақ сөкпейміз» деген трендтер әлеуметтік желіні шулатып жатыр. Желі қолданушылары, елге танымал жандар осы трендтерді түсіреміз деп шынын емес, ішкі сырын айтып қоюда. Осыған орай, біз жастармен де сөйлестік.

– Қазір білімділердің заманы. Мен өз басым тренд қумайды екенмін. Тіпті бренд те кимеймін. Не шықса соны артынша жарнамалап түсіріп жүрмейміз. Менің достарым да, араласатын ортам да саналы жастардың ортасы. Барлығымыз да ата-ананың берген тәрбиесімен өмір сүреміз. Тіпті қымбатқа дубай шоколадын да, шайн мускат жүзімін де алып жемеппін. Ол үшін өкінбеймін де. Елден қалып бара жатқан ештеңем жоқ. Керісінше, ұлы Абайдың өлеңдерін жатқа айтып не кітап оқып жарысайық. Соны трендке айналдырайық, – дейді облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы Жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Кадралиев.

Кісі айыбын ашқаннан, жапқан жақсы. Біреудің емес, біздер бүгінде тексіз трендтерді қолданамыз деп өз айыбымызды ашып қоюдамыз. Екі жан құрбы әлеуметтік желіде бір-бірінің сырын ашты десе де болады. Біреуі «Мен ең болмаса сен секілді түсік жасатпадым» дегені сол еді, екінші қыз не айтарын білмей сасып қалды. Көзі жасаурап кетті де, артынша бұл тренд түсірілмей қалды. Бірақ, не мақтаныш екенін білмедік. Осыны түсірген қыз жазбасын өз парақшасында жүктеді. Иә, ол құрбысы балалықпен алданды ма, бір кездері жан сырын құрбысына ашқан болар. Алайда, өзің тұрмақ өзгенің сырын білсең жақ ашпаудың орнына, жалпақ жұртқа жайып салды. Орынсыз, дарақы тренд. Тағы бірде «Ең болмаса мен балалар үйінен шықпағам» деп бір құрбы тағы да өзгенің сырын айтып қойды. Күнделікті өмірде өзіңмен бірге жүрген жандардың аңдаусызда жасаған қателіктерін, иә болмаса жан баласы білмейтін сырларды сөзге таңбай, оны жасыра білу, ешкімнен ілік іздемеу керек емес пе? Адам болған соң бәріміздің де біліп-білмей жасаған қателіктеріміз, жастық албырттықпен жасаған білместіктеріміз болады. Ешкім «судан таза, сүттен ақ» емес. Осы себепті біздер «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жәпектің мұсылмандық тұрғысында осындай трендтерге деген көзқарасын білдік.

– Ешқашан «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» болған емес. Бұл «Адам баласының барлығы қателеседі...» деп хадисте де анық ескертілген. Қазақ халқы өз танымында мінсіздікті тек Құдайға ғана жарастырып, «Ай кірсіз, Құдай мінсіз» деп қараса, қытайлар «Өмірде кемшілік жасамайтын екі-ақ адам бар. Біреуі əлі туылмаған сəби, біреуі əлдеқашан өліп қалған адам» деп біледі екен. Қазіргі трендтерге әу бастан қарсымын. «Ең болмаса...» деп басталатын трендте адамдар бір-бірінің ішкі сырын ашып қоюда. Біреудің айыбын жұртқа айту – əлгі адамның беделін түсіруге бағытталатын, əрі сол туралы естіген жұрттың жаман ойлауына жол ашатын нашар əдет. Ал, дінімізде басқаның жамандығын сөз ету былай тұрсын, басқа бір мұсылман жайлы жаман ойға барудың өзіне де тыйым салынған. Өйткені, бұл ешқашан адамдардың арасындағы сүйіспеншілік пен сыйластықты, бауырмашылдықты арттырмайды, қайта олардың арасына іріткі салып, бір-бірінен суытады. «Əйтеуір кінəтауып бір жеріңнен, сынауға тіптен құмар кім көрінген» деп Мұқағали ағамыздың жазғанындай, адам бойынан осалдық емес, жайсаңдық, жамандық емес, жақсылық көре білу – нағыз адамдыққа тəн, – дейді Ғалымбек Жәпек.

Иә, басқалардың айыбын мүмкіндігінше жасыру, ешкімнен кемшілік іздемеу, əркімді сынап-мінеуден сақтану, одан да өз мініңді түзеуге күш салу – кемел адамдық пен нағыз мұсылмандық қасиет.

Жұрттың баласы не кисе, не ішсе, жесе, нені қайталаса, соны істейміз деп, яғни трендтен қалмайық деп бір күні ұлттық болмысымызды жоғалтып алмайық!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар