
Таң атады, кеш батады. Уақыт зыр етіп, ертеңгі күннің қалайша қайта басталып кеткенін білмей дал боламыз. Біреу алтынға да айырбастамайтын уақытын тиімді пайдаланады, жоспарлайды. Минут, секундына дейін жоспарлап әрекет етеді. Алмағайып ақпараттар көп заманда не істеп, не жегенімізді де, кімге қарыз боп, кеше не жағдай болғанын ұмытып кететін заманда тайм-менеджмент дұрыс секілді. Бұл әдісті елімізге белгілі кәсіпкерлер Марғұлан Сейсембай, Қуаныш Шоңбайлар алып келді. Ал енді біреулер асықпай ұйықтап, ас ішіп, аяқ босатып, жұмысқа барып-келіп жүргенінің өзін міндет санайды. Яғни, уақытпен санаспайды. Қымбат уақытымызды баянсыз іске жұмсамас үшін уақытты жоспарлауды қалай үйренсек болады?
Бүгінде қоғамда бір-біріміздің уақытымызды ұрлау кең етек алған. Тойға барсақ уақытылы басталмай, құдаларды күтіп, сарылып отырып қаламыз. Немесе қызметкерлер бітпейтін жиналыстарға қатысып, уақыт жоғалтады. Әлеуметтік желіде сағаттап отырамыз. Арзан әзіл мен бітпейтін сериалдарды көруге уақыт жұмсаймыз. Басқаша қайтпек керек? Ұлы Абай:
Сағаттың өзі ұры шырылдаған,
Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті
Қайта айналмас, бұрылмас, бұлдыр заман, – деп жырлайды. Ал енді жоспарлау дегеніміз не? Өміріңді, күнделікті тіршілігіңді жоспарлаған дұрыс па? Осы мақсатта біз дін өкілдеріне сұрау салып көрдік.
– Уақыт деген адам баласына Жаратушыдан берілген ұлы нығмет. Ақыретте бұл нығметтен сөзсіз сұраламыз. Хадисте былай делінеді: «Қиямет күні адам баласы ғұмырын не істеп тауысқаны, жастық шағын қалай өткізгендігі, ақшасы мен дүниесін қандай жолмен тапқандығы, қаржысын қайда жұмсағандығы, үйренген біліміне қаншалықты амал жасағандығы жөнінде сұралып, есебін бермей, Алланың құзырына жіберілмейді» делінген, – дейді «Һибаттула Тарази» облыстық орталық мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпек.
Ал енді тайм-менеджментке көшпес бұрын бұған психологтар не дейді? Бұл жайында психолог Кәмшат Бекжігітова жақсы кеңестер берді.
– Жоспарламас бұрын миыңызды артық қоқыстан босатып алыңыз. Мидағы шаншылып жатқан тізім адамды стреске жетелейді. «Ананы жасау керек еді, мынаны жасау керек еді» деген санадағы шаршаңқы ойлар жан дүниемізді мазалап, ұйқымызды қашырады. Сол үшін мидағы қоқысты қағазға жазу керек. «Жасалуы тиіс» деген жоспарды, мәселен «үй салу», «суда жүзуден сабақ алу», «пәленшеден кешірім сұрау» деген секілді бөлек қағаздарға жазып, мидан өшіру керек. Миыңыз осылай қоқыстан тазарады. Сосын өзіңіз жұмыс істейтін жерді тазартып, тәртіпке келтіру керек. Артық кәкір-шүкір заттардан құтылғанда санамыз автоматты түрде реттеле бастайды, – дейді ол.
Күндік болсын, мейлі апталық, не айлық, тіпті жарты, бір жылдық болсын, жоспар құрған кезде қажеттілігіне қарай белгілі бір істерге маңыздылық таныту керек. Мәселен, ағылшын тілін игеремін деп ниеттенсеңіз, бұл іс барлығынан маңызды деп, оған басымдық беру қажет. Әйтпесе, ол арман күйі қала бермек. Тағы бір мысал. Мойныңыздағы ауруыңызды не бел ауруын емдейтін болып шешсеңіз, ол басымдықпен тұруы шарт. Күнде кешкілік ертеңгі күнге жоспар құрып қойған жөн. Таңертең жоспарды бір пысықтап, орындалған, орындалмағанын белгілеп отырса, тіптен тамаша. Күні, әр сәті жоспарланған адам кез келгенмен еріп дүкенге, асханаға кете бермейді. Себебі, бір күнде біраз шаруа тындыратындығын біледі. Аз-аздан, үздіксіз деген қағидамен әрекет етушілер жыл соңында қыруар тірлік тындырып, болашаққа зор үмітпен қарайды. Тайм-менеджмент жайында өндіре жазып жүрген жазушы Глеб Архангельскийдің айтуынша, уақыт бізге мұқтаж емес, біз уақытқа мұқтажбыз. Уақытын басқара білген жан өз өмірін көркем түрде өзгерте алады. Бүгінгі істі ертеңге қалдырмайық!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді