
Дүниежүзінде адамзаттың ақыл-ойымен, қолымен жасалған зияткерлік ойындарды жүйелеген ағылшын ойшылы, Нобель сыйлығының иегері Д.Мюрей оларды бес түрге бөліп қарастырады. Оның ішінде соңғы түрі африкалық «калах» ойыны, арабтың «манкаласы» да қозғалыс ойындары деп аталады. Тақта басында ойналатын ойындардың алғашқы үлгілері осыдан 3,5 мың жыл бұрын Африка немесе Азия құрлығында пайда болған деген дерек бар. Археологтардың қазба жұмыстары барысында табылған ойын тақтасы, шар тектес заттар осынша уақыт аралығын көрсетеді. Ол ойындардың көне екенін және дүниежүзіне танымал болғанын Египет саркофактарындағы, Афина храмдарындағы, көне керуен жолдарындағы тастарға салынған сурет, кескіндерден байқауға болады.
Ал, тоғызқұмалақ ойынының ортағасырларда дамуына қатысты алғашқы жазба дерек әйгілі түркі ғалымы Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінде кездеседі. Түркі тіліндегі 9000-нан астам сөзге түсіндірме жазылған жинақта «көшірме» деген ұғымға қатысты екі мысал келтіреді. Біріншісінде «көшірме ошақ», яғни бір жерден басқа орынға ауыстырылатын ошақ десе, екіншісінде «көшірме ойын», жерге шұңқырлар қазып, жаңғақ немесе соған ұқсас заттармен ойналатын ойын деген анықтама береді. Демек, ғалымның еңбегінен түркі халықтарының арасында қозғалысқа негізделген интеллектуалдық ойындардың кеңінен дамығандығына көз жеткіземіз. Нақты деректерге қарағанда, тоғызқұмалақты әлем ойшылы саналатын әл-Фараби бабамыз, ұлы ақын Абай атамыз ойнаған. Тіпті, Абай атамыз «ми ұтады» деген үлкен тұжырым жасаған.
Бүгінде елімізде ойшылдар ойынының пайда болуынан сыр шертетін көптеген археологиялық ескерткіштер кездеседі. Мұндай тарихи жәдігерлер Жамбыл жерінде де жетерлік. Мәселен, он бірінші ғасырдан сақталған Қарахан баба кесенесінің алдындағы таста да тоғызқұмалақ тақтасы ойып жасалған. Жартастарға тоғызқұмалақ тақтасын ойып салу үрдісі кейінгі кезеңдерде де жалғасын тапты. Талас ауданы, Қызыләуіт ауылынан 10 шақырым жерден табылған «Тоғызқұмалақ тас тақтасы» археологиялық ескерткіші соның айқын дәлелі саналады.
– ХVII ғасырға жататын ескерткіш әйгілі Тәңірқазған және Бөріқазған тұрақтарының жанында орналасқан. Ұзындығы 90 сантиметр, қалыңдығы 22 сантиметр болатын тас тақташаны алғаш 1981 жылы «Қазжобақалпына келтіру» институтының экспедициясы тауып, зерттеген. Тас тақташа ортасына екі ойықтың екі жағында да 9 кертілген сопақша ойықтар бар. Жергілікті тұрғындардың дерегінше, мал бағып жүрген шаруалар жоғарыда орналасқан жарға шығып, тоғызқұмалақ ойнап, әрі төрт түлігін қарап отыратын болған. Ежелгі тоғызқұмалақ тақтатасымен шамалас хронологиялық кезеңге сай келетін жәдігерлер Абай, Маңғыстау облыстарында да табылған, – дейді Ежелгі Тараз ескерткіштері мемлекеттік музей- қорығының бөлім басшысы Ұлжалғас Шаизхан.
Қазіргі таңда құрылған халықаралық Тоғызқұмалақ Федерациясы ұлттық ойыннан түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырып келеді. Мұндай ірі сайыстар халықаралық ұйымдадың, шетелдік азаматтардың тоғызқұмалақ ойынының пайда болу тарихына, қарыштап дамуына қатысты қызығушылығын тудыруда.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді