«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шаңлақты шайқасы

Шаңлақты шайқасы
Ашық дереккөз
Жуалы өңірінде қазақ халқының шығармашылық өнерін, тұрмыстық мәдениетін, тарихын ғылыми тұрғыда дәлелдейтін көптеген ежелгі тарихи-мәдени мұралар сақталған. Олар көне замандағы ата-бабаларымыздың бүкіләлемдік мәдениетке қомақты үлес қосқан өркениетті жұрт болғандығын растайды. Әсіресе, мұнда тарихи оқиғалармен байланысты жер-су атаулары көп. Солардың бірі – ел тарихына елеулі әсер еткен Шаңлақты оқиғасы.

Жуалы жеріне қатысты алғашқы тарихи деректер Араб географы Убайдаллах ибн Хордадбектің 846- 847 жылдары жазған сапарнамасында кездеседі. Онда осындағы тарихи мекендер жайында «Тамтадждан (Түркібасы) Абарджаджға (Мыңбұлақ) дейін 4 фарсах, одан өзеннің (Теріс) бойындағы Баркуаб бекетіне дейін 6 фарсах одан 5 фарсахтағы Жувикетке Шауғар (Қайрақтас тауына Қаратау) өтіп, одан Таразға дейін 3 фарсах жол жүреді», – деп жазған. Бұл деректерді шамалы өзгешелігі болмаса X ғасырдың басында Кудама ибн Жафар да қайталайды. Ал, әл-Макдисидің 985 жылы жазған Ұлы Жібек жолының жаңа тараулары аталған шығармасында Абарджадж «Баржах» деп көрсетілген.

Тарихшы Мұхаметжан Тынышбаев: «Көшпелілерде, әсіресе қазақтар мен қырғыздарда өте жақсы бір қасиет бар – ол сол жерде болған оқиғаға байланысты етіп атау беріп отырған», – деп жазады. Әсіресе, осындай үлкен тарихи оқиғалар болған жерлер Жуалының Қошқарата аймағында көптеп кездеседі. Соның бірі – «Шаңлақты» оқиғасы. Бұл жер Қошқарата елді мекенінің оңтүстік, ал Ақтасты ауылының батысындағы Боралдай тауының етегіндегі беткей. Бұл ел мен жердің тағдыры найзаның ұшы мен білектің күшіне, ердің нарқы мен парқы сын талқысына түскен жоңғар қалмақтарының шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің Жуалы жерінде қалған өшпес белгісі. Шаңлақты шайқасы туралы қысқаша мәліметті жазушы Мырзахан Ахметов «Жуалы» атты тарихи танымдық кітабында келтірген: «Қошқарата маңында қалмақтармен көп күндерге созылған шайқаста қазақ жауынгерлерінің жеңісімен аяқталғаны белгілі. Оған кейін Кантемировка атанып кеткен Шаңлақты ауылының өткені туралы халықтың аузындағы әңгімелер куә. Осы ұрыстың әйгілі Куликово шайқасынан бірде-бір кем болмағаны сонша, ат тұяғымен тапталған сол аймақта көп жылға дейін шөп шықпай қалған». Соғыстың сондай жойқын болғаны «Шаңлақты» деген атауынан-ақ көрініп тұр. Орыс кулагы Кантемировтың есімімен аталып келген бұл жердің бұрынғы аты «Шаңлақты» деп аталады екен. Бір өкініштісі, осы Шаңлақты шайқасы туралы ешқандай тарихи мәліметтер кездеспейді. Тек қана ел аузындағы сақталып қалған ауызекі әңгімелер ғана бұл оқиғалар туралы там-тұмдап қана хабар береді. Жазушы Еркінбек Тұрысовтың: «Арада табандатқан алты жыл төрт ай өткенде, кешегі «Ақтабан шұбырындының» азапты жолында жанкешті ұрыс жүргізіп, ел-жұртын біржола құрып кетуден сақтап арыстанша айқасқан қазақ қосындары 1729 тауық жылының жазында ата жаумен алыса жүріп, бүгінде жау табында қалған Балабөген, Қошқаратадағы ата мекенінің шетіне де жеткен», – деп жазуына қарағанда, бұл Шаңлақты шайқасы осы Отан соғысында бетбұрыс жасалынған 1730 жылдардың шамасында болған деп болжам жасаймыз. Осы қанды шайқастың куәсі ретінде Шаңлақты оқиғасы болған жерден осы уақытқа дейін кейбір қару-жарақтардың тат басқан, сынған қалдықтары табылып жатады. Қошқарата елді мекеніндегі Абай орта мектебінің өлкетану мұражайында, қалмақ және қазақ жауынгерлерінің сол жерден табылған жебелері бар.

Тұлпар мініп, ту ұстаған батырлар ерлігі көрініс тапқан тарихи оқиға туралы белгілі ақын, жуалылық Бауыржан Үсенов «Шаңлақты аңызы» деп аталатын шағын поэма жазған. Ел ішіндегі әңгіме негізінде жазылған осы поэмада бір емес, бірнеше батырлардың аты аталады. Шаңлақтыдағы шайқас Сұмқайтты мен Ойрандыдағыдай Аңырақайға барып тіреледі. Себебі, осы шайқасқа қатысқан көптеген батырлар кейін Аңырақай алқабында жауға қатты соққы бергені белгілі. Сол Шаңлақты шайқасында Боран батырдың есімі ерекше аталады. Оның жаумен алысқан сәті шығармада:

«Күркірейді ер Боран «Қош-қар- ата-а»,

Қылышынан қан саулап имек саптау.

Төгіп жатты солқылдап жас Мыңбұлақ,

Жылап жатты Боралдай тасты ұрғылап, – деп суреттеледі. Мың қалмаққа азғантай қолды бастап шығып, туған елі мен жері үшін жанын берген Боран батырдың елжандылық қасиетін автор:

«Туған ел, бай да болма, жарлы болма,

Бас имеген дәстүрді, заңды қорға.

Боран тұрды құламай тас боп қатып,

Жүрек тұрды бүлкілдеп қанды қолда», – деген өлең жолдары арқылы береді.

Боран батырдан бөлек, Бәйетұлы Өте батыр, Мырзабекұлы Сайлыбай батыр, Дәуітұлы Иса, Есіркеп, Қожақ, Шыңқара, Кәшке, Итаяқ бастаған бірнеше Жуалы жерінен шыққан батырлар аты алысқа тарамаса да, жергілікті мәні бар шайқастарда әулетті, бір рулы тайпаны шапқыншылықтан сақтап қалуда ерлік көрсеткен.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар