«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбек туралы жыр

Еңбек туралы жыр
Ашық дереккөз
Әйгілі австриялық жазушы Франц Кафка «Шығармашылық – Құдайға сыйынудың басқа бір жолы» деп айтып кеткендей, шығармашылық жұмыстың жазушы жанын айрықша бір қуанышқа, ләззатқа, бақытқа бөлейтіні екі бастан белгілі. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Баймаханбет Ахмет те Құдай берген құдірет – қолындағы қаламына адалдық танытып, әдебиеттің бірқатар жанрларында қадери-халінше еңбектенумен келеді. Поэзия, проза, публицистика жанрларында жазған ондаған кітаптары жарық көріп, оқырмандар қолына тиген екен.

Бұдан тыс жеке тұлғалар өмірі мен қызметі туралы «Тұрар-тағдыр», «Ғылым жолындағы ғұмыр», «Өмір – өзен», «Ғибрат» секілді бес-алты кітапты әдеби өңдеп, жазып беріп, еңбектенгені де бар!

Мұның өзі қаламгер үшін шығармашылық шыңына шарықтатар берік баспалдақ болғаны анық. Баймаханбет Ахмет сол биікке шығып, шығармашылығы шиырларына байыптап шола қарайтын болса, олжасыз да емес. Күллі саналы ғұмырының қырық жылға жуық уақытын баспасөз саласына арнаған тәжірибесі мол кәнігі жорналшы, айтулы ақынның проза саласындағы қадамы да қарышты.

Көкжиегінде сағым кілкіген, қыран ұшса – қияғы, тұлпар жортса – тұяғы күйген бұйырғынды, бұйратты өлкеде – Ойық ауылында көзін ашқан балбұлақтың кенересі кең, арналы, асау өзенге айналуы-ау бұл! Бір кездері алжасыл жойқын найзағайлары көкжиекке дейін қорқынышты да көркем жайқалған Көсегенің көк жонында – Тәңірберді даласында кемпірқосақ шұғыласын тамашалап, жалаңаяқ жаңбыр суын кешіп жүретін сарбаланың сарабдал тартып, ел-жұртына бергенін салмақтап, сараптан өткізер тұсы да осы, шынында...

Баймаханбет Тоққошқарұлы соңғы жылдары шығармашылық шеберханасының ұңғыл-шұңғылын ақтарып, көріп, көп еңбектенгенін атап өтуге тиіспіз. Соның нәтижесінде басқасын былай қойғанда, бұрыннан қатталып, дайын тұрғаны, жаңадан жазылғаны бар, қуатты қаламынан үш бірдей роман туыпты!

Оның алғашқысы – «Тайталас» оқырмандарының сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді. Онда негізінен Талас өңіріндегі мойынсерікке (артель) бірігу, колхоздастыру кезеңіндегі, ашаршылық жылдарындағы қиындықтар, ауыл еңбеккерлерінің өмір-тіршілігі, тағдыр-тәлейі басты әңгіме арқауы болып өріледі.

Автордың мөлтек әңгімелер жиынтығы, мемуар түрінде жазылған «Жадымдағы жаңғырықтары» да жақсы қырынан айтылып жүр.

Аталған туындыларға кезінде Елен Әлімжан, Пернебай Дүйсенбин, Сәмен Құлбарақ сияқты жергілікті жерде тұратын қаламгерлер тарапынан жақсы пікірлер білдірілген-ді.

Ал, жуырда жарық көрген «Көкөзек шаққа» Талас ауданы еңбеккерлерінің – қойшылар қауымының кеңестік кезеңдегі өмірі мен тағдыры арқау етілді. Бүгінгі айтар әңгімеміз де, міне, осы тұрғыда өрбімек.

Жалпы, кеңестік кезеңдегі қойшылардың өмірін тың тақырып деп айта алмаспыз. Бұл мәселе Тахауи Ахтановтың «Боран» романында, Оралхан Бөкеевтің «Құм мінезі», Жәлел Кеттебековтің «Қашқын» хикаяттарында, тағы басқаларында жеріне жеткізіле жазылды да.

Кеңестік кезеңде мал шаруашылығы ауылдарды асыраушы сала болғаны белгілі. Шынында да солай. Күллі ауылдықтардың үлкені-кішісі болсын бәрі де «қара қойдың» соңында жүрді. «Қара қойыңыз» елге азық, жұртқа жұмыс болды.

Тоқсаныншы жылдары шығыны көп делініп, қоғамдық мал басын шақтау мен саланы қаржыландыру ісінің тоқтатылуы ауылдықтарға «таяқ» болып тигенін білетіндер ұмыта қойған жоқ. Әр аудандағы 500-600 мыңға жуық малды «техникаға айырбасқа», бартерге деп талан-таражға салу ісі белең алды.

Ол кезде ел мұның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін айыра алу әлеуетіне де ие емес еді.

Қойшылар қауымы алдарындағы малынан айырылып, таяқ ұстап қалды. Ауылдағы негізгі күнкөріс көзі «қара қой» екен. Мал орнына айырбастап техника алған шаруашылықтардың маңдайына мүйіз біткенін де көрмеппіз. Содан аяғына тұрып кеткен де біреуі жоқ.

Уақ малының да, ірі-қара малының да бір тұяғын қалдырмай «бартерге» берген шаруашылықтар одан кейін де малсыз күнін көрді. Ал, мыңғырған мал қайда кетті? Жекенің малы жоқ жерден қалай пайда бола қалды? Сұрақ көп-ақ. Романда, міне, осының жауабы іздестіріледі.

Әрине, қоғамдық малдың бәрі бірдей бартерге кеткен жоқ. Жартысына жуығы түрлі деңгейдегі шенеуніктердің шарбағында-қорасында қалды. Бар-жоғы бір қалтадан екінші қалтаға ауысты да қойды. Аталған шығарманың негізгі қорытынды-түйіні осы.

Роман оқиғасы бас кейіпкер Елеукен қойшы төңірегіндегі алыс-жақын жандардың пендауи қарекеттері, мінез, болмыстары тұрғысында өрбиді.

Әсіресе, малшы еңбегіне қиянат жасаушы топтың көрінеу әділетсіздікке баруы, атақ, мансап үшін қосып жазу, қызмет бабын асыра пайдалану, түймедей нәрседен түйедей мін іздеу, арыз жазу секілді жағымсыз жағдаяттар адам жанын жабырқатпай қоймайды.

Міне, осындай жайттардың бәрін де бастан өткеріп, ширап, ширығып ғұмыр кешкен Елеукен қойшы өмірдің сын-сынағында сағы сынбаған қаһарман тұлға. Қойшы қайда да қойшы ғой! Ақыр соңында Елеукен де жақсы басшылардың қолдау-қамқорлық көрсетуімен Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын өңіріне тағады.

Ал, ол... қатты қыста қауқар таныта алмай, малын түгел қырып алып, таяғын ұстап қалған қойшылардай емес, алдындағы бес жүз қойын дін-аман сақтап қалған ауылың не, аудандағы бірден-бір қойшы-тұғын. Оның бұл ерлігінен ел-жұрт түгел құлағдар. Ол сол кезде-ақ қаһарман атануға тиіс еді. Амал нешік, олай болмады. Атақ оны араға жиырма жылдай уақыт салып барып өзі іздеп тапты!

«Есіл қойшының еңбегі еш, тұзы сор, қайткенде де. Қоғамның малын дін-аман сақтау жолындағы ақ тер, көк тер еңбегі үшін басшыларынан «алар алғысы, көрер құрметі» алда екен ғой! Оны кім болжап біліпті... «Қарақұнажындағы» қаһармандықты айтасыз, қайран қойшыңыздың аты-жөні еш жерде аталмайтынға қарап қалды. Көңілінде әредікте «Мен осы сапқоз шопандарының тізімінде бармын ба, жоқпын ба?» деген күдікті ой қылаң беретінін қайтерсіз. Мұны ол өзінің түйсігімен сезінетін сияқты. Өйтетіні, баяғыдай... мұның «Жиекқұмдағы» көктеуіне ағылып келіп жатқан автоләпке, водовоз, басқалай көлік жоқ. Ферме бастығы Әрінбай, көжедей көп веттехник, зоотехник дегендеріңіз қара көрсетпей кеткелі қашшан! Қыл аяғы су тасушы жігіттің күнбе-күн дерлік келіп, газет-журналдарға көміп кететіні де сап тыйылғандай. Оның үйі айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау болды да қалды. «Соған қарағанда баяғыда-ақ «спіскеден» сызылып тасталған болдым» деп ойлауы мұң, беті ду етіп қызарып басылды. «Бұл өкімет өзіме құрмет көрсетеді ғой деп жүрсем... Әй, есіл еңбегім-ай!» деп қападар болды қойшыңыз».

Кітапта ерен еңбек иесін көрінеу тұқыртып, қиянат жасау осылай басталады. Оған «ұзынқұлақтан» өзінің шын мәнінде де «спіскеден» мүлде сызылып тасталғанын есту аса ауыр тиеді. Қатты қыстан аман-сау сақтай алған отарын аупартком хатшысы өзінің қосалқы шаруашылығы есебіне толайым аудартқалы жүргені қалай шамына тимесін!

Содан ойлана келе намысқа бағып, алдындағы бес жүз қойын «ит жемі» еткісі келмей, бір түнде Арқаға айдап қашады. Бұл оның қиянатқа, қорлыққа қарсылық көрсетуі әрі тағдыркешті мәселеге байланысты түбегейлі шешімге келуі еді. Бұл шешім шынында да оның өмірін жүз сексен градусқа өзгертті де жіберді...

Қоғамның ол да бір «көкөзек» шағы еді ғой! Осыған байланысты...Романның қорытынды тарауында былайша түсіндірме де беріліпті:

«Қаңтардың күні – қарға адым» дегендей, қысқы күннің қысқалығын, ол кезде жарықтың көп түспейтінін бәріміз де білеміз. Ал, көктемде күннің ұзаруы, жарықтың көбеюі жан-жануарға да, адамға да жақсы әсерін тигізеді. Жер-ананың тоңы жібіп, қылтиып шөп шыға бастайды. Түн қысқарып, күн ұзарғаннан кейін жоғарыда айтқан көкөзек шақ та басталады. Бұрын қыстың ұзақ түнінде мал-жанды ерте жайғап, ерте ұйқыға жататын болса, күн ұзарғаннан кейін ел ұйқыға кеш жатады. Осы аралықта шаруамен жүрген жандардың ағзасы әлсіреп, көзі мұнартып, өзегі суырылып, қарны ашатындықтан ұзарған күнді тұспалдап «ұзынсары» атаған. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Міне, мұны күні бұрын ойлап әйелдер қауымы соғымның ең майлы, ең дәмдісін кебежесіне салып, осы күнге сақтаған ғой! Бұл кезең наурыз мерекесімен де тұспа-тұс келеді. Күннің тоғысуы болады, яғни, күн мен түн теңеледі. Одан кейін күн бірте-бірте ұзара береді...

Қоғамның өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарымен тұспа-тұс келген «көкөзек шағы» да сондай-тұғын. Бағзы бір жыр-хиссаларда айтылатындай, «өлмеген құлға, құдай-ай, келіп те қалды, міне, жаздың» кері келіп, қоғамның өз қолы өз аузына жеткен мезгілі-тұғын. Жетпіс жыл бойы салтанат құрған «бай да бақуатты» кеңестік жүйенің бар жиған-тергені, негізгі мүккәмәл-мүлкі жаппай жекешелендіріліп (ол әділетті бөлініске түссе ешкімнің де дауы жоқ қой), тістегеннің тісінде, жегеннің желкесінде кетті, бір шоғыр қауымның қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болды... Қоғам, бәрібір, аш еді, ашқарақ еді... Түйені түгімен, биені бүгімен обырлана жұтып жатты ол!

Малшылар қауымының «екінші тың» ерлері атымен аздап болса да атақ иеленіп, кеуделеріне даңғазалатып темір-терсек таққаны болмаса, кешегі кеңестік кезеңде де шекесі шылқи қоймағаны әмбеге аян. «Қар жамылып, мұз жастанып» дегендей, жыл он екі ай бойы елдің шетінде, желдің өтінде қоғам малының жайын күйттеумен жүретін олардың еткен еңбек, төккен тері толайым ақталды деп те айта алмаймыз. Кешегі ескінің орнын жаңасы келіп басқан өлара тұста ебін тапқандары болмаса, басым дені алдындағы малын кеңшарға түз-түгел өткізіп беріп, малсыз, үйсіз-күйсіз қалып қойды... Саланың суығына тоңып, ыстығына күйіп, жансебілдік танытқан, бай тәжірибесі бар малсақ жандардың іздеушісі, сұраушысы да болмады. Малшылық тіпті екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп ретінде де мойындалмады...

«Торғай сойса да, қасапшы сойсын» демекші, малды бабын, жайын білетіндердің бағып өсіргеніне не жетер! Ондайлар арамызда бар ма, жоқ па..

Әлбетте, малшы дегенде біздің көз алдымызға азаннан құрығын сүйретіп, атқа қонатын, шашылған тастардай бытырай жайылған қойын төбе басынан барлап, жантайып жатып транзистрлік радиоқабылдағышын қосып, болмаса қонышына жасырған газет-журналдарға көз жүгіртіп, ел жаңалығын тыңдап, оқып, күнбе-күнгі өмірін өрісте өткізетін еңбекқор жан көз алдымызға келеді. Арамыздағы Құбағұл сияқты малшылықты ата кәсібім деп ұғып, ақ, адал еңбегімен жұртқа танылып жүрген еңбекқор азаматтар қанша болды екен, ә?! Әй, аса көп емес-ау!

...Ал, қоғамға қойы бар, қойшысы жоқ заман келіп орнығып жатты!»

Аталған романдағы бас кейіпкердің әйелі Ұлдай, балалары Дүрбек пен Нұрбек, көмекшісі Ботабай, сапқоздың әр жылдардағы директорлары Балабек, Есалы, Естайбектер, қойшылар Төлеміс, Орымбек, Әштай қойшылар, веттехник Сәулімбай, завферма Әрінбай, директордың міндетін атқарушы Малгаждар, жүргізуші, журналист Сердалы, оның сүйген қызы, депутат Алтынай бейнелері де бірсыдырғы нанымды сомдалған. Олардың бастарынан өткен қиян-қилы оқиғалары оқырмандары көңілін иландыратыны – жазушының жетістігі деп ауыз толтырып айта аламыз. Бұл туындыда қойшылардың жанкешті еңбегі де, жастардың шынайы махаббаты да, басқасы да бар. Тұтастай алғанда, сол бір қызығы, қуанышы, қиындығы да мол жылдардың жанды естелігі, көркем көріністері, еңбек туралы жыр деу ләзім.

Содан да күрделі һәм көлемді туынды бір деммен оқылады. Оқырмандарын әрқилы ойларға да жетелейді. Ең бастысы, жастар үшін тағылым – үлгісі мол. «Еңбектің – әлемнің падишасы» екені тәпсірленген туындының оқырмандары мол боларына сенім де мол.

Қазіргідей қол еңбегінен гөрі жаһандық прогреске, жаңашылдыққа, түрлі технологияларға көбірек арқа сүйелген кезеңде романда баяндалатын оқиғалардың тым қарабайыр, ескіліктің көзі, ертегі секілді көрінері бар. Алайда, сол бір кезең куәгерлерінің қай-қайсысының да бойында алғы күнге, болашаққа деген ұлы сенімнің, нұрлы үміттің бұлқынысы мол болғанына әркімнің-ақ көзі жетіп, көңілі сенер деген ойдамыз. Ең бастысы да осы ғой! Роман, міне осынысымен құнды, әлеуетті.

Әрі десе тың туындының тақырыбы биылғы жұмысшы мамандықтары жылымен және облыста жарияланған кітап оқу жылымен дөп келіп отыр. Роман, міне, осынысымен де оқылымды.

 

Салтанат ӘБДІҒАЛИ,

журналист, әдебиеттанушы.

Алматы қаласы

Ұқсас жаңалықтар