«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кеңсе заттары қажет болса...

Кеңсе заттары  қажет болса...
ашық дереккөз
Кеңсе заттары қажет болса...

Бүгінгі күннің талабы – тынбай еңбектену. Шағын кәсіп ашып, отбасының қамы үшін ғана емес, қоғамға пайдасын келтіріп жүрген жандарды көптеп кездестіріп жүрміз. Кейінгі буынның қоғамның қарқынды даму кезеңінде бастаған еңбегіне сүйсіне де, қызыға да қараймыз. 

Заман ағымына сай, ғаламтор арқылы үйде немесе жұмыс орныңызда отырып тапсырыс беру мүмкіндіктері үлкен қалаларда жиі кездесетіні анық. Енді ғаламтор арқылы тапсырыс беру Шу ауданы тұрғындарына да жаңалық болып енуде. Тұрғындардың кеңсе тауарларын базар аралап, дүкен кезіп, уақыт шығындаудың қажеті жоқ. Тапсырыс берілсе, сұрағаныңыз іздемей-ақ табылады. Мұндай мүмкіндікті шулықтарға кәсіпкер Марифатқан Құрбанов сыйлап отыр. – Менің саудамен шұғылданғаныма бес жылдай уақыт болды. «Адамнан амал артылмайды» демекші, ойлана келе, сайт ашып, кәсібімді жандандыруды қолға алдым. Бұл жоба кәсіпкерлерге ғана тиімді емес, сондай-ақ, барлық тұтынушыларға қолайлы. Әр отбасының бюджетінен бір оқушыны кеңсе заттарымен қамтамасыз ету үшін қаншама қаражат жұмсалатыны белгілі. Зерделей отырып, осындай шешімге келдім. Яғни, «тұтынушы дүкенге немесе базарға барып, сатушымен саудаласып, кезекке тұрып, затын таңдап, оны төмен бағамен алуға тырысады» деген түсініктің ескіргенін айтқым келеді. Кеңсе заттары қажет болған жағдайда mario-shu.kz сайтына кіріп, әр тұтынушы үйінде не болмаса жұмыс орнында отырып-ақ өз таңдауын жасай алады. Біздегі тауарлар бағалары базар нарқына және өзге дүкендерге қарағанда 20-30 пайызға төмен. Ғаламтор сайты арқылы құжат рәсімдесе, тауарды тапсырыс берушінің жұмыс орнына, я болмаса үйіне жеткізіп отырамыз. Алушы жеткізілген заттарын түгендеп, оның сапасын бағалап барып затты қабылдап алады. Қазіргі уақытта жұмыстың бастамасы болғандықтан екі адамды жұмыспен қамтып, айлық жалақысын беріп отырмын. Тұтынушы саны көбейсе, жұмысшы саны да арта түседі. Оның барлығы талмай еңбектенгеннің арқасында келетінін білемін. Ұлтым әзірбайжан болғанымен, жүрегім «Қазақстан» деп соғады. Оның үстіне, мен мемлекеттің бизнеске көрсетіп жатқан қолдауынан да құр алақан емеспін. Төменгі пайызбен несие алып, шаруамды өрге дөңгелентіп отырмын, – дейді жас кәсіпкер. Осы тұрғыда «Мен жастарға сенемін» деген Мағжан ақынның жастарға тектен-тек үлкен сенім артпағанына көз жеткіздік. «Заманына сай – адамы» демекші, Марифатқан сияқты өзге жастарымыз да бүгінгі қарыштап дамып келе жатқан егемен елімізге аянбай еңбек етер деген сенімдеміз.

Жәмилә АҚБЕРГЕН. Шу ауданы.

Суретті түсірген П.Норкин.

Ұқсас жаңалықтар