«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Орта Азиядағы ерекше жәдігер

Орта Азиядағы ерекше жәдігер
Ашық дереккөз
Адамзаттың болмысы табиғаттан алшақ емес. Таулар мен тастардың, өзен, көлдердің кейде бір бейнеге ұқсайтыны таңдандырады. Тұлпардың тұяғына, адамның болмысына, ертеде қолданылған түрлі тұрмыстық заттарға ұқсайтын көріністер көп кездесуде. Тау бөктерінде тоғызқұмалаққа ұқсайтын тастар да жиі ұшырасып жатқаны әлі де зерделеуді қажет ететін дүниелердің көп екенін айғақтайды.

Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылына қарасты Қызылтаң елді мекенінің солтүстік шығыс жағындағы тау беткейінде орналасқан тоғызқұмалақ тәріздес ойын тасы – ең ерекше ескерткіш. Ұзындығы 2,8 метр, көлденең 1,4 метрдей болатын тастың өзге өңірлерде табылған ойын тастарынан ерекшелігі – бетіне екі бірдей ойын тақтасы ойылып жасалғандығында. Осынау құнды ойын тақтасын алғашқылардың қатарында облыстық тарихи- мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының инспекторы Жандос Бәйтімбетов деген азамат байқаған.

Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және аталған дирекция қызметкерлері жоғарыда айтылған тау бөктеріне барып, дәл тоғызқұмалақ ойын тасы тұрған бөлікке зерделеу жұмыстарын жүргізді. Тарихшылардың пікіріне сүйенер болсақ, бұл Орта Азиядағы ерекше жәдігерлердің бірі. Бұл туралы облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиевтың ерекше айтары бар. Ол: «Бұл ерте түркі дәуірі кезеңінің тарихи жәдігері. Осынау тау қыраты «Үлкен бурыл» деп аталады. Қаратау тау жотасының бір сілемі. Табиғат аясынан тоғызқұмалақ тас ұясының табылуы бір бұл емес. Бірақ, осынау тас ойығының ерекшеліктері назар аудартады. Жалпы, тоғызқұмалақ ойынының пайда болғанына 4 мың жылдан асты. Сол кезеңде бабаларымыз мал бағып жүре бермей, осындай ғажайып ойын түрлерін ойлап тапқан. Тоғыз құмалақ ойыны тек қазақ халқына ғана емес, Батыс түрік қағанаты құрамына кірген барша түркі тілдес халықтардың ойыны. Қазіргі таңда қазақтар осы тоғызқұмалақ ойынының мұрагері және дамытушысы, жанашыры. Батыс түрік қағанаты құрамында болған халықтардың жерлеу ғұрыптарының кейбір көріністері табылуына байланысты біз бұл тоғызқұмалақ тасын VI –VII ғасырларға тән деп болжап отырмыз. Одан ертерек кезеңдерге де тән болуы мүмкін. Әлі зерделеу жұмыстары жүреді. Осы кезге дейін облыс аумағының Талас, Байзақ, Жамбыл аудандарында тау бөктерінде тасқа ойылып жасалған тоғызқұмалақ ойын тастары табылған. Алдағы уақытта тарихи оқиғалар көп орын алған Сарысу, Мойынқұм, Шу жерінен де мұндай құндылықтар табылады деген ойдамыз. Зерделеу, зерттеу жұмыстары жалғасады», – деді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар