
Облыс әкімінің «Әулиеата – кітап оқитын өңір» бастамасы аясында өткен іс-шарада Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбековтің құттықтауын жеткізген аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова:
«Сіздің мерейтойыңыз – барша таластық жерлестеріңіздің тойы. Қаламыңыздан тұңғыш жазылған «Ән сыры» әңгімесі мен «Таңғы шық», «Оралу» жинақтарыңыздан бастап сиясы әлі кеппеген «Алтын жүлге жыры» романыңызға дейін таластық кітапсүйер қауым тегіс танысып, сізді мақтаныш санайды. Қаламыңыздан туған ондаған пьесаларыңыз да сапалы, айтары мол шығармалар. Жақында алған атағыңыз да еңбегіңіздің жемісі. Алдағы уақытта да сізге шығармашылық табыстар тілейміз», – дей келе, руханиятқа өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген қаламгерге шапан жауып, құрмет көрсетті.
Елен Әбдуатұлына қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Қалтай Мұхамеджановтың: «Жанталастың» авторы Елен Әлімжан өмірдің тура жалынан ұстаған» деуі, Шерхан Мұртазаның: «Тақталастай» өмірлік өзекті дүниенің жүгін көтеріп тұрған бір-ақ дүниемен де әдебиет әлемінен орын алуға болады», – деуі қаламгердің шеберлігіне берілген әділ баға.
Мұнан соң Талапты орта мектебінің оқушылары Нұрдәулет Әлиасқар мен Биназир Биқара кеш иесінің «Патриот қарттар», «Әйел сабағыш», Барбол Тоқтықожаұлы атындағы орта мектептің оқушылары Шапағат Сейітқадыр мен Сабина Әзімхан «Қол арба», «Қара көздер» әңгімелерінен үзінділер оқып, елдің ықыласына бөленді. Осынау балғын оқушылардың бойынан: «Біздің жерлесіміз осындай шебер жазушы» деген мақтанышты байқадық. Орынды мақтаныш. Аудандық Ұлбике ақын атындағы Мәдениет сарайының әншілері Назерке Мұхамбеткереева мен Нағима Аманбай кеш иесінің «Тараз аруы» әнін көпшілікке тарту етті. Біз кеш барысында Елен Әбдуатұлының бірнеше ән жазған композитор екенін де аңғардық. Іс-шара барысында «Жарыма» атты әнін Баубек Айдарбеков орындаса, байзақтық Мәрлен Көпешовтің орындауындағы «Ұлы Абайға тағзым» әні онлайн түрінде көпшілікке ұсынылды. Аққұм ауылдық мәдениет үйінің вокалисі Ақжан Бейшеханның орындауындағы «Ауылым» әні де көпшілік көңілінен шықты. Іс-шараны аталған кітапхана қызметкері Айгүл Книязқызы шебер жүргізді.
Мұнан соң кеш иесіне жазушылық пен драматургияға қалай келгені, «Абайтаудың ар жағы мен бер жағы» кітабының қалай жазылғаны, ауылына деген сағынышы туралы сұрақтар қойылды. Елен Әлімжан аталған кітапхана ұжымы мен жерлестеріне, жанашырларына алғысын айта келе:
«Әкем Әбдуат тіл маманы болуымды қаламады. Көз алдында жүретін мал шаруашылығы маманы болса деді. Бірақ, асқар тауыма бірнеше күн түсіндіріп, Алматыдағы үлкен университетке өзім қалаған филология мамандығы бойынша оқуға түстім. Ондағы ойым – ауылға оралып, қазақ тілі мен әдебиетінің білікті мұғалімі болу. Екінші курста Дулат Исабеков, Ескен Елубаев бастаған жігіттер бір бөлмеде жаттық. Байқаймын, олар жазады. Бірінің әңгімесі, бірінің топтама өлеңі республикалық басылымдарға жарық көре бастаған. Бір күні мен де оңаша отырып, сықақ әңгіме жаздым. Сол кезде бөлмеге кіріп келген Дулат әлгі әңгімені оқып, ұнатып, «Жазушы» баспасында Мағзом Сүндетов жас авторлардың шығармаларын жинақтап жатыр, мұны сонда тапсырамыз», – деді.
Ертеңіне әлгі баспаның өкілдері әңгіменің тым қысқа екенін айтты. Сонда Дулат еш ойланбай: «Бұл жігіттің ұзақ әңгімесі де бар, машинкаға басылып жатыр» дегені. Баспадағылар сол әңгімені әкеліңдер деді. Сөйтіп, баспаға өтірікші болмас үшін бір күннің ішінде сүйіп қосылған жас отбасының тағдыры, кейінірек жас отағасының көлік апатынан қаза болатыны жайлы «Ән сыры» атты тұңғыш әңгімемді жазып, ұсындым. Абай Құнанбайұлын әдебиеттегі бір тау деп бағаладым. Абайға дейін де, Абайдан кейін де әдебиет болды. Сондықтан, жоғарыдағыдай тақырыпқа бардым. Оқырманға айтар ойларым мен сырларым өте көп. Ауылға жиі барып тұрамын. Себебі, қазір жылдам жүретін көлік түрлері көп. Алайда, өзімнің жүрегімде қалған баяғы ауылды таба алмаймын. Сол баяғы ауылды сағынамын», – деді ағынан жарылып.
Жиынның ең әсерлі сәті Аққұм ауылынан сыныптасы мен замандасының келуі болды. Сыныптасы Аманбек Мұсабаев пен замандасы Бодаубек Нәметов те бала күндерге сапар шегіп, жазушы құрдастарымен мақтанатындарын айтты. Елен Әбдуатұлы да бір сәт балалық әсерге бөленгендей, сыныптасынан бүлдіршін шақтағы кейбір жағдайларды сұрап, мәре-сәре болды. Ғұмырларын ауылдағы қарапайым еңбекке арнаған қатарластары кітапты қызыға оқитындарын, оның ішінде Елен Әлімжанның кітаптары ерекше әсерлі екеніне тоқталды.
Іс-шарада белгілі театртанушы, сыншы, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің докторанты Айзат Қадыралиева сөйлеп, драматург Елен Әлімжанның ізденістеріне, ерекше тақырыпқа барған тапқырлығына кеңінен тоқталды.
«Елен ағаның шығармаларындағы Дауғабай, Қауғабай, Жауғабай бейнелері ауыл адамдарының болмысын ашатын ерекше кейіпкерлер. Бұл кісінің драмалық шығармаларында ешқандай артық қимыл жоқ. Бәрі өз орнымен, шеберлікпен, тереңдікпен жазылған, әрқашан сұранысқа ие дүниелер», – деді театр сыншысы. Өлкетанушы, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ербол Қашаған жылы лебіздерін білдірді.
Жиынды Талас ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Мұхтаров қорытындылап, мерейтой иесі Елен Әлімжанға арнайы келіп, әсерлі әңгімелері мен терең ойларын айтқаны үшін алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді