«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жас жұмысшылар мәселесі талқыланды

Жас жұмысшылар мәселесі талқыланды
Ашық дереккөз
«Тараз политехникалық колледжі» ғимаратында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен кеңес өтті. Онда «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жас жұмысшыларға арналған «Сәтті мансапқа жол» жобаcы шеңберінде туындаған мәселелер қаралды.

Оған Тараз қаласы әкімінің орынбасары, қала аумағындағы ірі кәсіпорындардың басшылары, білім басқармасы, жоғары және орта білім беру ұйымдарының директорлары, Еңбек қатынастарындағы уәкілетті органдардың басшылары мен қызметкерлері қатысты.

– Кездесудің басты мақсаты – ірі кәсіпорындарға «Мансап» орталығы арқылы мамандық бойынша жұмысқа орналасудың қолжетімділігін жолға қою. Екіншіден, әлеуметтік бағдарламалар орталықтары тұрақты жұмыс орындарына мамандық бойынша жолдама беру тетігін енгізу арқылы, жұмыссыздық мәселесі мен жұмыссыз жастарды ірі кәсіпорындардың қолдауымен жұмыспен қамту. Еңбек құқықтарын қорғау – прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Мемлекет тарапынан еңбекті қорғау және қолдау мақсатында көптеген бағдарламалар мен қаражаттар жұмсалуда. Дегенмен, аталған бағдарламалар толық нәтиже бермей, жұмыссыздықтың саны төмендемеуде. Осыған байланысты прокуратура органымен бірқатар проблемалық мәселелер анықталды. Атап айтар болсақ, мамандық бойынша жұмысқа қабылданбау мәселесі бар, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі былтырғы жылы 10 мың адамға тұрақты жұмысқа жолдама берсе, 2 мың адам қоғамдық жұмыс орындарына жіберілген. Еңбек нарығындағы бағыттар бойынша жұмыс берушінің сұрауы бойынша жолдама беру жағдайларын зерделеумен тұрақты жұмыс орындарына жіберіліп жатқан адамдар нақты мамандық бойынша жолдама алмаған. Осы тұста әлеуметтік еңбек нарығын дамыту жөніндегі органмен мамандықтар бойынша жұмысшыға жолдама беру тетігі реттелмеген, – деді облыс прокуроры.

Бұл мәселе бойынша Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова жауап берді. Оның айтуынша, Тараз қаласында 51 колледж жұмыс істеп тұр. Онда төрт мыңға жуық студент білім алуда. Биыл 1202 студент оқу орнын бітірмек. Жалпы өткен жылы қала колледждерінің 1629 студенті техникалық білім алып шыққан, бірақ олардың тек 793-і, яғни 48 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, инженер, құрылыс және өндіріс сияқты салаларда білікті мамандарға сұраныс жоғары екені байқалады.

«Жалпы, өңірімізде құқықбұзушылықтардың орын алу себептерінің бірі жұмыссыздық салдары деуге болады. Мәселен, өткен жылы меншікке қарсы қылмыстар саны 330-дан 580-ге, яғни 75,8 пайызға өскен. Оның ішінде қылмыс 17-23 жас аралығындағы жастармен жасалған. 2023 жылы тіркелген 98 қылмыстың 42 қылмысын, өткен жылы тіркелген 92 қылмыстың 53 қылмысын жұмыссыз колледж түлектері жасаған. Оның 95 пайызы меншікке қарсы қылмыстар санатына жатады. Бұл дегеніміз жалпы мемлекеттік еңбек құқығын қорғау бағытында жауапкершіліктің төмендігін білдіреді. Мәжілістің басында атап өткен өзекті мәселенің бірі ол мамандық бойынша тұрақты жұмыс орындарына жолдама алу деңгейінің төмендігі өзгермей отыр», – деді облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров. Осыдан кейін күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша «Еңбек мобильдігі орталығы» «Мансап» орталық филиалының директоры Сәбит Мейірханұлы баяндама жасады. Ал, орта техникалық білім беру ұйымдары бойынша жұмыспен қамту бағытында «Қазіргі заман гуманитарлық техникалық колледжі» директоры Фарида Нақыш баяндап, жұмысшы мамандықтарға кәсіпорындар тарапынан төмен жалақы ұсынылғандықтан жастар ол жұмысқа баруға құлықсыз екенін алға тартты. «Қазіргі уақытта 90 мың теңге жалақыға колледж түлектері жұмыс істегісі келмейді. Осы ретте жастарды ынталандыратын жобалар қажет», – дейді ол.

Сондай-ақ, жиын барысында жастардың жұмысқа орналасуы туралы ойларымен «Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің» директорының міндетін атқарушы Саят Қойшыбаев, «ГРЭС» акционерлік қоғамының директоры Александр Фурса және «Қазфосфат» ЖШС-ның директоры Юн Юдинович бөлісті. Жалпы, «Қазфосфат», «Энерджи Тараз» және «Қант зауыты» ЖШС тапсырысымен өңір колледждерінде 213 студент электромеханик, автокөлікке қызмет көрсету, токарьлық ісі, дәнекерлеу ісі, тігін өндірісі және аспаз мамандықтары бойынша білім алуда екен.

– Жиында жұмыссыздыққа себеп болған мәселелерді жан-жақты талқыладық. Осы тұрғыда көп проблеманың бар екені анықталды. Техникалық кәсіптік білім беру орындарында білім алушыларға жасалып жатқан қолдаулардың сапасы сын көтермейтінін, жас түлектердің жұмысқа мамандықтар бойынша орналасуына кедергі болып жатқан тұстарын анықтадық. Мәжілісті қорытындылай келе, университет және колледж қабырғаларында білім алып жатқан студенттерді техникалық мамандықтар бойынша өнеркәсіп орындарымен еңбек шартын жасауға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қабылданып жатқан шараларды күшейтуіміз қажет. Мақсатты жұмыс берушілерге «Қазфосфат», «Қант зауыты» ЖШС мен «ГРЭС» ұйымдарының тапсырыстарын арттыру және бос жұмыс орындары туралы білім беру ұйымдарына ұсыныстар беру арқылы жұмыссыз студенттерді жұмыспен қамту қажет. Аталғандарды ескере келе қала аумағында ірі кәсіпорындар мен «Мансап» орталығы арасында жұмыссыз жастарды орналастыру бойынша бірлескен меморандум жасау қажет, – деді облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

 

Ұқсас жаңалықтар