«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жоба аясында жұмыс жәрмеңкесі өтті

Жоба аясында жұмыс жәрмеңкесі өтті
Ашық дереккөз
Amanat партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Партияның облыстық филиалы мен облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» және Тараз қаласы бойынша «Мансап» орталығы ұйымдастырған жәрмеңке негізінен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту көзделген. Мұндағы мақсат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасы мен партияның сайлауалды бағдарламасындағы межелерді іске асыра отырып, ерекше қажеттілігі бар жандарды жұмыспен қамту.

Жәрмеңкенің ашылуында сөз алған Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» нағыз маман болу идеясын насихаттауды көздейтінін айтты.

– Партияның Саяси Тұғырнамасына сәйкес жоғары өмір сүру стандарты бойынша барлық азаматтарға әлеуметтік қызметтер тең қолжетімді болу қажет. Бұл мемлекеттің және қоғамның тілеулес жауапкершілігі арқылы қамтамасыз етілуі керек. Amanat партиясы ерекше қажеттілігі бар тұлғалардың өмір сапасын арттыру жұмысын басқарып, олар үшін кедергісіз орта жасауға аса назар аударады. Мәселен, партияның сайлауалды бағдарламасындағы бағыттарының бірі – халықтың ең мұқтаж топтарына қолдау көрсету. Осы жәрмеңкені партияның облыстық филиалы жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді біріктіру, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға лайықты жұмыс табуға көмектесу мақсатында ұйымдастырды. Бірнеше жыл қатарынан өткізіліп жатқан бұл жәрмеңке өз тиімділігін көрсетуде.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауды атап айтты. Аталған жәрмеңкенің басты мақсаты да жұмыссыз жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарды, нәтижелі жұмыспен қамту. Осы мақсатта жұмыс берушілермен нысаналы топқа жататын жұмыс іздеушілер арасында тікелей сұхбаттасу арқылы тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен азаматтардың жеке сұрақтарымен қоғамдық қабылдау өтеді. Айта кетейік, өткен жылы облысымызда «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 35 бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Осы арқылы ерекше қажеттіліктері бар 96 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, 63 азамат уақытша жұмысқа орналасты. Ал, биыл жыл соңына дейін жоба аясында 50 бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру арқылы 3000 адамды қамту жоспарда бар, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Бүгінде облыста 45 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар азамат тұрады. Оның ішінде I-топтағылар 4155 адам, II-топтағылар 17313, III-топтағылар 17390 адам болса, 18 жасқа дейінгі 6767 мүмкіндігі шектеулі тұлға бар. Ерекше қажеттілігі бар жандарды жұмыспен қамту үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі аудандарда да өткізіліп тұрады. Мәселен, өткен жылы 35 жәрмеңке өткізіліп, онда 96 адам жұмысқа орналастырылыпты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар