«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балалар хирургиясының атасы

Балалар хирургиясының атасы
Ашық дереккөз
Кейде халықтың өсу-даму тарихында – сол халықтың маңдайына біткен, әдебиетте, өнерде немесе ғылымның бір саласында елеулі еңбек етіп, сол саланы ойдағыдай дамытып, халық өкілі ретінде барша елге танымал ерекше азаматтары болады. Ондай азаматтар, әрине, көп емес, саусақпен санарлық. Сондай азаматтың бірі де бірегейі – Қазақстандағы балалар хирургиясының атасы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, менің ұстазым Камал Ормантаев. Ол кісінің өмір жолы келешек ұрпақтар үшін өшпес үлгі-өнеге.

Адам баласы өз өмірінің бір белесіне келгенде жүрек қалауымен мамандық таңдап, сол мамандығы бойынша еңбек жолын бастайтыны белгілі. «Кәсіпсіз адам – нәсіпсіз» деген ежелден жеткен есті сөздің мағынасы тереңде жатыр.

Өмір жолына үңілсек, Камал Сәруарұлы 1936 жылы қыркүйек айының 11-ші жұлдызында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қазан атындағы ұжымшарда, қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келеді. 1953 жылы Қармақшы ауылындағы қазақ орта мектебін бітіріп, Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне түседі. Кәсіп таңдауға келгенде Камал Сәруарұлы бірден институтты жақсы бітіргендіктен балалар хирургиясы кафедрасының клиникалық ординаторы болып институтта қалады. 1962-1965 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының госпитальді хирургия кафедрасының аспиранты болып, 1966 жылы «Бала миының шайқалуын сипаттайтын материалдар» деген тақырыпта медицина ғылымының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғайды. 1967-1968 жылдары Кеңестер Одағы Медицина ғылыми академиясының Педиатрия ғылыми-зерттеу институты балалар хирургиясы клиникасының докторанты болып Мәскеуде оқиды. 1968 жылы Камал Сәруарұлы Алматы мемлекеттік медицина институтының балалар хирургиясының меңгерушісі болып бекітіледі. 1971 жылы докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап, елге оралады. 1972 жылы профессор атағы берілді. Алматы медицина институтында докторлық және профессорлық атақтарға ие болған мамандардың ең жасы еді. Оның тағдыр-талайына үңілсең ұлттық мақсат-мұраттарға, елдік арман-мүддеге қалтқысыз қызмет етудің ерекше үлгісін көргендей боласың.

Дәл сол кез Мәскеудегі дүниежүзіне әйгілі, бетке ұстар профессорлар Ю.Исаков, С.Долецкий, Э.Степанов, В.Михельсон, А.Пугачев, Ленинградтан профессор Г.Баиров, Тәжікстаннан профессор А.Пулатов, Украинадан, Өзбекстаннан және көптеген елдерден келген балалар хирургиясының жұлдыздары жауған кез болатын.

«...Адам тағдыры қызық қой. Өмірдің көш-керуеніне ілескен соң өз тіршілігіңде көп оқиғаларды басыңнан өткересің. Тірі жүрсең жамандықты да, жақсылықты да көресің. Негізінен мен жастайымнан-ақ бақсы-балгерлерге, көріпкелдерге сенбей өскен адаммын. Бірақ, бір таңғаларлығы –менің өмірге келетінімді және інімнің болатынын да балгер білген екен...» деп жазады ол өз өмірбаянында.

Камал Сәруарұлы шын мәнінде елімізде балалар хирургиясының ғылыми-тәжірибе жүйесінің іргетасын қалаған және сол саланың көш бастаушысы. Ол ондаған ғылым докторларын, жүздеген ғылым кандидаттарын даярлаған ұлағатты ұстаз-ғалым, білікті дәрігер. Қазақстандағы денсаулық сақтау саласы мен медицина ғылымының өрлеп даму кезеңіндегі көрнекті тұлға және балалар хирургиясының атасы ретінде тарихта қалатын азамат.

Қарап отырсаңыз, біздің халықта академиктер мен профессор, кафедра меңгерушілері баршылық. Солардың кейбіреуінің өмір жолдарымен таныссаңыз таңғаласыз. Тек өзі ғана барлық атақты бір басына жинап алып, республиканың атынан бүкіл дүниежүзін аралап, болмаса өз саласынан ешқандай маман даярламай, өмірін өткізгендер де баршылық. Халқымыздың «Шәкіртсіз ұстаз-тұл» деген мақалы осы азаматтарға арналғандай. Сол себепті шәкірті жоқ ғалым, жапанда өскен жалғыз ағаш сияқты.

Ал, Камал Сәруарұлы мұндайдан мүлдем бөлек. Жоғарыда жазғандай көпшіл, бауырмашыл. Ғылым биігіне қазақ балаларын шоғырландырған азамат. Медицина институтында балалар (педиатрия) факультетін жапқанда шырылдап, қайтып ашылуына мұрындық болған. Желтоқсанда студенттерді қорғап, қолынан келгенше араша түскен. 1991 жылы жүрек хирургиясының атасы, жолдасы Сейтхан Жошыбаевқа да қолдау көрсеткен. Ақиқатты бетке айтатын атпал азамат. Ішкі жаулары да аз болмаған. Соған қарамастан, бас балалар ауруханасы – Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу институтына үш рет директорлыққа, екі рет медицина институтында педиатрия факультетіне декан болған. Кафедра меңгерушісі болып 44 жыл еңбек еткен. Қазақстан балалар хирургиясын толығымен орнына қойып кеткен азамат. Жамбыл облысының осы саладағы Эльбрус Салпағаров бастаған дәрігерлер түгелімен сол кісінің шәкірті, оның ішінде мен де бармын. Ұлы Алмас медицина ғылымының докторы, балалар хирургі болған. Өкінішке қарай, 63 жасында өмірден өтті. Немерелері медицина шыңын бағындыруға ұмтылуда.

Камал ағамен танысуым, институттың 4-ші курсында болды. 1987 жылы ол кісі факультет деканы еді. Қазақ тілінің жаңадан бас көтеріп келе жатқан кезі. Мен студенттік кәсіподақ комитетінің төрағасы едім. Студенттермен жатақхана жайында болған үлкен басқосуда қазақша сөйледім. Сол сөзім ұнапты. Ұлт жанашыры ғой. Содан дос болып кеттік, студент проблемаларын бірге шешіп жүрдік. Кейіннен мені, балалар хирургиясына жетелеп келген де өзі. «Өз тағдырыма ризамын» атты мерейтойлық кітабына естелік жазғаным да бар.

Енді айтарымыз көңіл басу ғана. Күні кеше ғана өмірден өткен Камал аға салған сара жол биік жетістіктерден түспесін. Жатқан жері жәннатта болсын деймін.

 

Мұрат БЕРДАЛИЕВ,

№2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры.

Ұқсас жаңалықтар