«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұрғындар мәселе көтеруде

Тұрғындар мәселе көтеруде
ашық дереккөз
Тұрғындар мәселе көтеруде

Елбасының 2013 жылғы 15 тамыздағы №615 Жарлығынан соң, барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп беруді дәстүрге айналдырды. Биыл да ауыл әкімдері өз ауылдық округтеріндегі атқарылған жұмыстары жөнінде жылдық есептерін беруде. Т.Рысқұлов ауданында алғашқылардың бірі болып Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі С.Баймұратов округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебін берді. Аталған округке қарасты Қызылшаруа, Бәйтелі ауылдарында өткен жиында әкімнің жұмысына оң баға берген тұрғындар өз кезегінде өзекті мәселелерді де көтерді. Мәселен, ақсақалдар алқасының төрағасы Ө.Көшкінбаев пен Ә.Баймұратов Қызылшаруа ауылында мәдениет үйінің жоқтығын айтса, Г.Мұраталиева мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік мәселесін сөз етті. Қызылшаруа орта мектебінің директоры Ф.Даубаева оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдайтындығын жеткізіп, Қорағаты тас жолының бойына қауіпсіздік белгісін орнатуды және ойылған көшелерді жөндеу керектігін айтты. Ауыл әкімі С.Баймұратов ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді. Есеп беру жиындары Қарақыстақ, Абай ауылдық округтерінде де жалғасын тапты. Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Қазақ ауылында есеп берген ауыл әкімі О.Танкеевке ақсақалдар алқасының төрағасы Ө.Ниязқұлов ауыз су мен көгілдір отынның мәселесі шешілсе деген өтінішін білдірді. Мұндай есеп беру жиындары бекітілген кестеге сәйкес барлық ауылдық округтерде жалғасты.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар